«Нашақорлыққа жол жоқ» ұранымен аудан, ауыл мекемелері қызметкерлерінің арасында еркін жүзуден аудандық ашық біріншілік өтті. «Б.Құлтекенов» атындағы жабық бассейндегі жарысқа қатысушылар өзара мықтыны анықтап, жүлделерді сарапқа салды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру және ауданда жүзу спортын дамыту мақсатында ұйымдастырылған жарыста 30-40 жас, 40-50 жас, 50-60 жас және 60 жастан жоғары мекеме қызметкерлері суда еркін жүзуден сайысты. Жалағаш кенті мен ауылдардан 30-дан аса қызметкер қатысқан бәсеке тартысты өтті. Қатысушылар 50 метрге еркін әдіспен жүзуден бақ сынады.
Нәтижесінде 30-40 жас аралығында Асхат Сапабек оза шапты. Келесі орынға «Наркескен» спорт клубының волейбол үйірмесінің жаттықтырушысы Жайдар Мақсұм жайғасса, Еңбек ауылынан келген Ерболат Оржанов үздік үштікті түйіндеді.
40-50 жас аралығында №33 орта мектептің мұғалімі Нұрлыбек Төлеубаев көш бастады. Ал екінші орынға аталған бассейн қызметкері Арман Абуов ие болса, үшінші орынға №123 мектеп-лицейдің қызметкері Самұрат Оспанов лайық деп танылды.
50-60 жас аралығындағы қатысушылар арасындағы жарыс та тартысты өтті. Мұнда мемлекет және қоғам қайраткері атындағы №123 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бағдат Шаекеев бас бәйгені еншіледі. Ал 60 жастан жоғары қатысуышар арасында «Наркескен» спорт клубындағы футбол үйірмесінің жаттықтырушысы Жанқожа Қаниев мықтылығымен көзге түсті. Келесі орынға Р.Бектібаев жайғасса, Шакизада Мұстафа үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің медаль, дипломдарымен және аудандық жабық бассейннің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!