Қазір шүкір, ауданға қарасты ауылдардың дамуы көш ілгері. Кәсіпкерлікке қолдау білдіретін қайтарымсыз гранттар, енді қолға алынып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы, «Ауыл – ел бесігі» сынды жобалар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын көтеруде. Мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа жобалардың нәтижесінде ауылдағы тыныс-тіршіліктің күретамырына қан жүріп, көркейе түсті. Ал іліп аларлықтай ірі жобалар қолға алынып жатқан ауылдардың бірі – Жаңадария. Жақсыны көрмекке деп, біз де шалғайдағы ауылдың шаруасымен танысып қайттық. Көзбен көріп сүйсіндік, ауылдағы ағайынның қуанышына ортақ болып, алда атқарылатын жұмыстарға риза болдық. Тарқатайық…
Әріптесім екеуміз ерте Жаңадарияға бет алдық. Барды бар деп айту керек, бұрынғыдай емес ауданмен екі ортаны жалғайтын жолдың сапасында мін жоқ. Бұған дейін Есет батырдан өте бере көлігіміздің жылдамдығын азайтып, ой-шұқырды түгендеп отырушы едік. Сонда сонау шалғай ауылдан ауданға қатынайтын қоғамдық көлік иесінің, ауыл тұрғындарының айтар «уәжін» жөн дейтінбіз. Ары-беріден ауыл адамдарының шыдамдылығына қайран қалатын да едік. Ал қазір кешегі күрмеулі мәселелер шешімін тауып, жол жайы жақсарып, жөндеуден өтіп, халықтың қуанышы еселенді. Ел игілігі үшін жасалған іс деген осы шығар.
Сонымен Жаңадарияға жетіп, кіреберісінен «Ауылда не өзгеріс бар екен?» деп журналистік қызығушылығымызбен көз жүгіртіп шықтық. Ауыл айнадай таза, кіреберістегі саябақтан бастап, сонау әкімшілікке дейін көзге оғаш көрінер ештеңе байқамадық. Әкімшілікке жеткен соң жуырда ғана сайланған ауыл әкімі Рауан Ақпанбетовпен әңгімелесіп, алдағы қолға алынатын жобалармен таныстық.
Жаңа жобалар
жүзеге асады
– Жаңадарияда көптің қуанышын еселейтін ауқымды істер мен жарқын жобалар қолға алынып жатыр. Әңгімені осыдан бастайық, – деген сөзімізді ауыл әкімі де қоштай кетіп, «Әуелі сүйіншілейтін жақсы хабардан бастайын» деді.
– Жаңадария – аудан орталығынан шалғай демесеңіз, ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы елді мекен. Өзім осы ауылдың перзенті болғандықтан ауылдың абаттануына, елді мекен халқының әлеуетінің артуына, экономикасының нығаюына жұмыс жасауды күн тәртібіне қойып отырмын. Мұндағы мәселелерді, тұрғындардың талап-тілегін, шешімін табуы тиіс мәселелерді де жақсы білемін. Мен назарға алған мәселелердің бірі – аяқ су тапшылығы. Аяқ су тапшылығының алдын алу ауыл үшін өте маңызды. Өйткені ауылдағы ағайынның бәрі егін шаруашылығымен айналысады. Егін егіп, алажаздай еңбектеніп, қоңыр күзде өнімінің берекесін көруді әдетке айналдырған. Сондықтан ауыл азаматтарына қолбайлау болатын мәселені ең әуелі қолға алуды жөн көрдік. Әрине қол жайып отыра берсек, істің нәтижесі болмайтыны белгілі ғой. Сол себепті ауыл тұрғындарының қол көмегімен, асар әдісімен Мүлкілән, Іңкәр каналдарын қазу жұмыстары жүргізілді. 8 шақырым іңкәр каналы қазылып, аяқ су тапшылығына алып келетін барлық кедергілер жойылды. Бұл игі бастамаға мұрындық болған кәсіпкер кенжебек Ілиясовтың да есімін ерекше атап өтуіміз керек.
Жол жайына келер болсақ, елу жылдан бері Жаңадарияның ішкі көшелеріне асфальт төселмепті. Былтырдан бастап ауылда жол құрылысы қарқын алып, тұрғындардың талап-тілегі ескеріле бастады. Жол сапасына қатысты басқа мәселелер де назарда тұр. Мәселен, былтыр ауылға алып келетін 17 шақырым жолдың 4,1 шақырымына асфальт төселген. Өткен жылдың соңында тоқтаған жол құрылысы биыл қайта қарқын алып, толықтай жөндеу жұмыстары аяқталды. Нәтижесін ауыл тұрғындары көріп отыр. Енді ауданмен екі ортадағы жолда емін-еркін, еш кедергісіз жүре алады.
Сонымен бірге биыл ауылда балалар ойын алаңы салынады. Мердігер компания осы мамыр айында жұмысын бастайын деп отыр. Бұл ойын алаңы да ауыл балалары үшін жақсы нысан болғалы тұр. Балалардың уақытын тиімді пайдалану үшін осындай орындардың берері көп. Айта кетейін, ойын алаңының бір бөлігі ересек жандар үшін демалатын орын болмақ. Бұл да ауыл халқына жақсы жаңалық деп есептеймін, – деген ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов тағы да бірқатар жаңалықтың шетін тарқатты.
Рас қой, ауылдың дамуы, оның көгеріп-көктеуі сондағы ағайынның тіршілігіне де серпін береді. Ауыл дамыса, аудан экономикасының көтерілуіне де әсер етеді. Өйткені ауданның даму көрсеткіші ауылдардың әлеуметтік-экономикалық деңгейімен өлшенеді. Ал ауыл дамуына импульс беретін жобалар әрқашан ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс.
Жаңадариялықтарды биыл ауыл орталығынан бой көтеретін 60 орындық балабақша мен мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған сахнаның салынуы қуантпақ. Айта кету керек, балабақша 1-6 жас аралығындағы балаларға мектепке дейінгі тәрбие береді. Яғни ясли балабақша игілікке берілсе, тұрғындар тіпті бір жастағы балаларын да осында орналастыра алады. Ал «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеретін мәдени-көпшілік сахнаның да құрылысы көп ұзамай басталмақ.
Тағы бір жаңалық, ауылда «Ардагерлер саябағы» ашылған. №203 орта мектеп жанынан орын алған саябақ бүгінде толығымен қоршалып, қарықталып, аяқ су келіп тұр. Мұнда енді ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Саябақта қаратал, терек, тіпті жеміс ағаштары отырғызылатын болады. Ауылға кіреберістегі жалғыз соғыс ардагері Ысқақ атамыздың, мектеп жанындағы аяулы ұстаз Ұзақкүл апамыздың және жаңадан ашылған ардагерлер саябағының күтіп-бапталуы қатаң бақылауда екен. Әрқайсысын бір-бір адамның жауапкершілігіне беріп қойыпты ауыл әкімі.
Айта кету керек, ауылдағы №203 орта мектептің де алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтетініне ауылдағы ағайын дән риза. Ауыл халқының басым көпшілігі осында жұмыс істейді. Мектептің жөндеуді қажет ететіні көрініп-ақ тұр. Көптің тілеуі қабыл болып, білім ошағының қайтадан жаңа қалыпқа енетін күні де алыс емес.
Мектеп тарихына шолу жасасақ, кезінде Қазақстанда шөлді-шөлейтті аймақтарды игеру мақсатында мал шаруашылығымен айналысатын көптеген совхоздар құрылғаны белгілі. Олардың қатарында 1964 жылы қазығы қағылған Жаңадария совхозы да бар. Совхоз директоры Ж.Бисариев ел көшіп келе бастағаннан-ақ мектеп жасындағы балаларды оқыту үшін бір бөлмелі бастауыш сынып үйін салдырды. 1964-1965 жылдары бастауыш сыныптық мектеп ашылып, алғашқы ұстаз және директоры Нағым Еспенбетов болып сайланады. Одан кейін келе-келе сегіз жылдық он бөлмелі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Алғашында бастауыш сыныптық, одан кейін сегіз жылдық, негізгі білім беретін, ал 1970 жылдан бастап орта білім беретін мектеп болды. Бүгінгі таңда аталған білім ошағында талай білім бәйгелерінде топ жарып жүрген білімді оқушылар да, білігімен өзгеден озық тұратын мықты педагогтар да жетерлік. Бастысы, ауданның білім саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған алтын ұяда келешек елдің тұтқасын ұстар азаматтар тәрбиеленуде.
Биыл ауылдағы учаскелік полиция инспекторына қызметтік үй беріледі. Оған қазынадан тиісті қаржы қаралған. Қылмыстың алдын алуда, орын алған қылмысты ізін суытпай ашуда тәртіп сақшысының сол ауылда тәулік бойы болуы маңызды. Сондықтан бұл құптарлық бастама деп білеміз. Ал Рауан Ақпанбетовтен сұрағанымызда, ауылдағы ахуалдың тұрақты екенін және ешқандай мал ұрлығы орын алмағанын атап өтті. Дегенмен бұл босаңсуға болады деген сөз емес, тәртіп сақшысына үй берілетін болса, ауылдың қауіпсіздігіне мұнан да жоғары жауапкершілікпен қарап, ұсақ қылмыстың да алдын алуға мүмкіндік туады.
Жол сапасы жақсарған
Ауылдағы жаңадан бой көтеретін нысандардың орындарын көрсетемін дегесін ауыл әкімімен бірге ішкі көшелерін аралап шықтық. Орталық көшемен жүріп келеміз, ұлы ақынның атындағы ішкі көшеге асфальт төселіп қойған. Бір айта кетерлігі, бұл – ауылдағы 58 жылдан бері асфальт төселген бірінші көше. Яғни 1964 жылдан бері Жаңадарияның жолдары асфальт көрмеген.
Жалпы, бізге ауылдың екінші тынысы ашылғандай көрінді. Бұған дейін барғанымызда астына ештеңе төселмеген ойын алаңында балалар бұрқыратып доп теуіп жүретін. Қазір ол жерге де жасыл төсеніш жайылған. Барлық көшеге 100 пайыз жарық бағаналары орнатылған, ауыз су жүйесіне 2019 жылы күрделі жөндеу жүріпті. Қазір мұнда жергілікті халықты тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Электр бағаналары да 100 пайыз жаңарып, тоқ тарататын арнайы аппараттары толықтай ауысқан. Ал биылғы жылдың еншісінде Жаңадария, Қ.Сәтбаев көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары тұрса, келер жылы Достық, Мектеп көшелері қолға алынады. Бұған дейін аудан әкімі Асқарбек Есжанов та ауыл ақсақалдарымен кездескенде осы көшелердің сапасына қатысты жұмыстар жасалатынын айтқан еді. Бұйыртса, халықтың талап-тілегін орындайтын күннің де ауылы алыс емес.
Шалғай ауылдың
шаруасы ширақ
Нағыз тіршілікке ыңғайлы жаз мезгілін ұтымды пайдалануды көздеп отырған елді мекендердің бірі – Жаңадария. Ерте көктеммен бірге таласып, тынымсыз тірлігіне кіріскен аядай ғана ауылдың тұрғындары да күзде мол өнім алып, бейнетінің зейнетін көруді мақсат етіп отыр.
Жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі негізінен мал және егін шаруашылығына тәуелді. Ауыл шаруашылығының қос саласында қалыптасқан серпін елді мекеннің еңсесін тіктеуге айтарлықтай қолғабыс болған.
Жаңадарияда қазіргі таңда елуге жуық кәсіпорын жұмыс жасап тұр. Олардың ішінде мал шаруашылығынан бөлек пластик терезе шығаратын шағын цех, тігін шеберханасы секілді өндіріс орындары да бар.
Жалпы, жергілікті халық бұрынғыдай емес, кәсіпке бетбұруды жөн көреді. Өткен жылы ауыл тұрғындарының бірі 10 млн теңгеден астам мемлекеттік бағдарламамен несие алып, мал шаруашылығы бағытында өз ісін бастап кетіпті. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендер де баршылық. Ал биыл бір адам қайтарымсыз грант иегері атанса, басқа да түрлі жобалар әзірлеп жатқан тұрғындар көп.
Сөз басында айтқанымыздай, жаңадариялықтардың басым көпшілігі бақша егумен айналысады. Ауданда да күз мезгілі туғанда «Жаңадарияның қауыны» дегенді жиі естиміз. Өйткені елді мекендердің ішіндегі сапалы әрі уақытылы өнім ұсынатын осы Жаңадария ауылы. Қауыны, қарбызы, басқа да бақша өнімдері ешқандай артық қоспасыз және дәмі тіл үйіргендіктен, көпшіліктің сұранысынан түспей келеді. Ал ауыл халқы алажаздай бақша өнімдерін күтіп-баптап, қоңыз күзде мол өнімін жинап, өзінен артылғанын ауданға әкеліп сатады. Осылайша еңбегінің жемісін көріп, нәпақасын айырып та алады.
Ауылда ахуал тұрақты
Жалпы, жүзден аса отбасы бар ауылда көркейту-көгалдандыру, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, саяси ахуалды сақтау, әрбір тұрғынның ұсыныс-пікірін орындау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ауылда елуден аса шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 25-ке жуығы шаруа қожалық, 20-ға жуығы мал шаруашылығы бағытында және 2 шағын азық-түлік дүкені халыққа қызмет көрсетуде. Ал ауыл әкімі қазір жергілікті халық санында өсім барын айтады. Бұрын әр жыл сайын ауылдан 4-5 отбасы қоныс аударса, қазір керісінше халық саны өсу үстінде екен. Өйткені ауылдың инфрақұрылымы дамыған, кәсіп ашамын дегендерге барлық жағдай қарастырылған, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жоғарылап келеді.
Жаңадариядағы тағы бір игілікті істің бастауы – мешіттің бой көтеруі. Бірнеше жыл бұрын халықтың қуанышын еселеп, дәл орталықтан бой көтерген имандылық үйі көп тілегінің бірі еді. Осы уақытқа дейін «Сауап іздегендер, сауап біздің ауылда» дейтін ауыл тұрғындарының арман-тілегі Аллаға жетті. Өйткені мешіті жоқ ауылға мешіт салдыру сауапты істердің ең жақсысы, қайырлысы десек те болатын шығар.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген сөз бар. Мешіт құрылысы басталғаннан ауылдың жастары білек сыбана кірісіп, жұмысты лезде аяқтады. Халықтық асар әдісімен бой көтерген Алла үйінің әр тасын қалауда ауыл жастары белсенділік танытты. Жаспын демеді, уақыттарын бос әурешілікпен өткізбеді. Жас та болса, жұдырықтай жұмылып, алдындағы жолбастар ағаларының қасынан табылып, сауапты істе үлгі бола білді. Жаңадария ауылдық округі бойынша қоғамдық және діни ахуал тұрақты. Өзге дін өкілдері, дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалында жүрген азаматтар жоқ. Діни ахуалдың тұрақты болуы да осы ауыл жастарының, жалпы тұрғындардың алауыздықтан ада болуында шығар. Мешіт құрылысын жүргізу үшін арнайы қор құрылып, ауыл тұрғындары және жастар мен Жаңадариядан шыққан кәсіпкерлердің демеушілігімен мешіт құрылысы қарқынды жүрді. Мешіттің сыртқы қабырғасының да, күмбезінің түсі – сары, алтын түстес. Күн шапағымен түстес Алла үйінің күмбезі таң азанымен арайлы күннің шуағына шомып, шағылысып, ауыл ажарына көрік береді. Ауыл тұрғындарының санына қарай шағын етіп салынған ғибадат үйі заманауи үлгіде қаланды. Жаңадариялық жамағаттың ғибадат қылуына арналған мешіт «Сары ишан» атымен аталды. Ауыл мешітіне тарихтан белгілі, діни тұлғаның аты берілуі де тегін емес.
Бүгінде мешіт ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Мешіт ашылысымен, ауыл молдасы күндіз-түні діни уағыздармен сусындаймын деушілерге уағыз айтуға дайын. Әсіресе бұған дейін қасиетті азанның даусы естілмейтін елді мекенде енді бес уақыт азан шақырылып, жұртшылықты ғибадатқа шақырып тұр.
«Барлық саланы дамытуды үнемі назарда ұстап отырмыз, бастысы, елдің тілегіне құлақ түру, игілікке жұмыс істеу» деген ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов шама-шарқынша ауыл тұрғындарын алдағы уақытта да жағымды жаңалықтармен қуантатынына сенеді. Әсіресе қариялардың батасын алып, жастарға үлгі болуды азаматтық ұстаным деп есептейтін әкімнің ауылды дамыту, өрістетуде алдына жан салмайтынын байқадық. Шалғайдағы елді мекенді толық аралап шығып, барлық атқарылған жұмыспен таныстырды, алдағы жобалардан да құлағдар етті. Бастысы халық риза.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!