Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

29°C

, Жұма, 19 сәуiр, 17:59

Жаңадария – жарқын жобалар мекені

03.05.2023

691

0

Қазір шүкір, ауданға қарасты ауылдардың дамуы көш ілгері. Кәсіпкерлікке қолдау білдіретін қайтарымсыз гранттар, енді қолға алынып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы, «Ауыл – ел бесігі» сынды жобалар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын көтеруде. Мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа жобалардың нәтижесінде ауылдағы тыныс-тіршіліктің күретамырына қан жүріп, көркейе түсті. Ал іліп аларлықтай ірі жобалар қолға алынып жатқан ауылдардың бірі – Жаңадария. Жақсыны көрмекке деп, біз де шалғайдағы ауылдың шаруасымен танысып қайттық. Көзбен көріп сүйсіндік, ауылдағы ағайынның қуанышына ортақ болып, алда атқарылатын жұмыстарға риза болдық. Тарқатайық…

Әріптесім екеуміз ерте Жаңада­рияға бет алдық. Барды бар деп айту керек, бұрынғыдай емес ау­дан­мен екі ортаны жалғайтын жол­дың сапасында мін жоқ. Бұған дейін Есет батырдан өте бере көлігіміздің жылдамдығын азайтып, ой-шұқырды түгендеп отырушы едік. Сонда сонау шалғай ауылдан ау­данға қатынайтын қоғамдық көлік иесінің, ауыл тұрғын­дарының айтар «уәжін» жөн дей­тінбіз. Ары-беріден ауыл адам­дарының шы­дамдылығына қайран қалатын да едік. Ал қазір кешегі күрмеулі мәсе­лелер шешімін тауып, жол жайы жақ­сарып, жөндеуден өтіп, халықтың қуа­нышы еселенді. Ел игілігі үшін жа­салған іс деген осы шығар.
Сонымен Жаңадарияға жетіп, кі­ре­­­­берісінен «Ауылда не өзгеріс бар екен?» деп журналистік қызы­ғу­шы­лығымызбен көз жүгіртіп шықтық. Ауыл айнадай таза, кіребе­рістегі сая­бақтан бастап, сонау әкім­шілікке дейін көзге оғаш көрінер ештеңе бай­қамадық. Әкімшілікке жет­кен соң жуыр­да ғана сайланған ауыл әкімі Рауан Ақпанбетовпен әңгі­ме­лесіп, ал­дағы қолға алынатын жо­ба­лармен таныстық.

Жаңа жобалар
жүзеге асады

– Жаңадарияда көптің қуанышын еселейтін ау­қымды істер мен жарқын жобалар қолға алынып жатыр. Әңгі­мені осы­дан бастайық, – деген сө­зімізді ауыл әкімі де қоштай кетіп, «Әуелі сүйін­ші­лейтін жақсы хабардан бастайын» деді.


– Жаңадария – аудан орталығынан шалғай демесеңіз, ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға қолайлы елді мекен. Өзім осы ауылдың перзенті бол­ған­дықтан ауылдың абаттануына, елді мекен халқының әлеуетінің ар­туына, эко­номикасының нығаюына жұмыс жа­сауды күн тәртібіне қойып отыр­мын. Мұн­дағы мәселелерді, тұр­ғын­дардың талап-тілегін, шешімін табуы тиіс мәселелерді де жақсы білемін. Мен назарға алған мәсе­ле­лердің бірі – аяқ су тапшылығы. Аяқ су тапшылығының алдын алу ауыл үшін өте маңызды. Өйткені ауылдағы ағайынның бәрі егін шаруашылығымен айналысады. Егін егіп, алажаздай еңбектеніп, қоңыр күзде өнімінің берекесін кө­руді әдетке айналдырған. Сон­дық­тан ауыл азаматтарына қол­бай­лау болатын мәселені ең әуелі қолға алуды жөн көрдік. Әрине қол жайып отыра берсек, істің нәтижесі бол­майтыны белгілі ғой. Сол себепті ауыл тұрғындарының қол көме­гі­мен, асар әдісімен Мүлкілән, Іңкәр каналдарын қазу жұмыстары жүр­гізілді. 8 шақырым іңкәр каналы қа­зылып, аяқ су тапшылығына алып келетін барлық кедергілер жойылды. Бұл игі бастамаға мұрындық болған кәсіпкер кенжебек Ілиясовтың да есімін ерекше атап өтуіміз керек.
Жол жайына келер болсақ, елу жылдан бері Жаңадарияның ішкі көшелеріне асфальт төселмепті. Был­тырдан бастап ауылда жол құрылысы қарқын алып, тұрғын­дардың та­лап-тілегі ескеріле бастады. Жол са­пасына қатысты басқа мәселелер де назарда тұр. Мәселен, былтыр ауылға алып келетін 17 шақырым жолдың 4,1 шақырымына асфальт төселген. Өткен жылдың соңында тоқтаған жол құрылысы биыл қайта қарқын алып, толықтай жөндеу жұ­мыс­тары аяқталды. Нәтижесін ауыл тұрғындары көріп отыр. Енді ауданмен екі ортадағы жолда емін-еркін, еш кедергісіз жүре алады.
Сонымен бірге биыл ауылда ба­лалар ойын алаңы салынады. Мердігер компания осы мамыр айын­да жұмысын бастайын деп отыр. Бұл ойын алаңы да ауыл бала­ла­ры үшін жақсы нысан болғалы тұр. Балалардың уақытын тиімді пайда­лану үшін осындай орындардың берері көп. Айта кетейін, ойын алаңы­ның бір бөлігі ересек жандар үшін демалатын орын болмақ. Бұл да ауыл халқына жақсы жаңалық деп есептеймін, – деген ауыл әкімі Рауан Ақпан­бетов тағы да бірқатар жаңа­лықтың шетін тарқатты.


Рас қой, ауылдың дамуы, оның көгеріп-көктеуі сондағы ағайын­ның тіршілігіне де серпін береді. Ауыл дамыса, аудан экономи­ка­сының көтерілуіне де әсер етеді. Өйт­кені ауданның даму көрсет­кіші ауыл­дардың әлеуметтік-экономи­ка­лық деңгейімен өлшенеді. Ал ауыл дамуына импульс беретін жобалар әрқашан ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс.
Жаңадариялықтарды биыл ауыл орталығынан бой көтеретін 60 орын­дық балабақша мен мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған сахнаның салынуы қуантпақ. Айта кету керек, балабақша 1-6 жас аралығындағы балаларға мектепке дейінгі тәрбие береді. Яғни ясли балабақша игілікке берілсе, тұрғындар тіпті бір жастағы балаларын да осында орналастыра алады. Ал «Өңірлерді дамыту» мем­лекеттік бағдарламасы аясында бой көтеретін мәдени-көпшілік сахнаның да құрылысы көп ұзамай басталмақ.
Тағы бір жаңалық, ауылда «Арда­герлер саябағы» ашылған. №203 орта мектеп жанынан орын алған сая­бақ бүгінде толығымен қоршалып, қарықталып, аяқ су келіп тұр. Мұнда енді ағаш отырғызу жұмыстары жүр­гізілуде. Саябақта қаратал, терек, тіпті жеміс ағаштары отырғызылатын болады. Ауылға кіреберістегі жалғыз соғыс ардагері Ысқақ атамыздың, мектеп жанындағы аяулы ұстаз Ұзақкүл апамыздың және жаңадан ашыл­ған ардагерлер саябағының кү­тіп-бапталуы қатаң бақылауда екен. Әрқайсысын бір-бір адамның жауап­кершілігіне беріп қойыпты ауыл әкімі.
Айта кету керек, ауылдағы №203 орта мектептің де алдағы уа­қытта күрделі жөндеуден өтетініне ауыл­дағы ағайын дән риза. Ауыл хал­қының басым көпшілігі осында жұмыс істейді. Мектептің жөндеуді қажет ететіні көрініп-ақ тұр. Көптің тілеуі қабыл болып, білім ошағының қайта­дан жаңа қалыпқа енетін күні де алыс емес.
Мектеп тарихына шолу жасасақ, кезінде Қазақстанда шөлді-шөлейтті аймақтарды игеру мақсатында мал шаруашылығымен айна­лыса­тын көптеген совхоздар құрыл­ғаны белгілі. Олардың қата­рында 1964 жылы қазығы қағыл­ған Жаңа­дария совхозы да бар. Совхоз ди­рек­торы Ж.Бисариев ел көшіп келе бастағаннан-ақ мектеп жасындағы балаларды оқыту үшін бір бөлмелі бастауыш сынып үйін салдырды. 1964-1965 жылдары бастауыш сыныптық мектеп ашылып, алғашқы ұстаз және директоры Нағым Еспенбетов болып сайланады. Одан кейін келе-келе сегіз жылдық он бөлмелі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Алғашында бас­тауыш сыныптық, одан кейін се­гіз жылдық, негізгі білім бе­ретін, ал 1970 жылдан бастап орта білім беретін мектеп болды. Бүгінгі таңда аталған білім ошағында талай білім бәйгелерінде топ жарып жүрген бі­лімді оқушылар да, білігімен өзгеден озық тұратын мықты педагогтар да жетерлік. Бастысы, ауданның білім саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған алтын ұяда келе­шек елдің тұтқасын ұстар азаматтар тәрбиеленуде.
Биыл ауылдағы учас­келік полиция инспекторына қыз­­меттік үй беріледі. Оған қазынадан тиісті қаржы қаралған. Қыл­мыс­тың алдын алуда, орын алған қыл­мысты ізін суытпай ашуда тәртіп сақшысының сол ауылда тәулік бойы болуы маңызды. Сондықтан бұл құптарлық бастама деп білеміз. Ал Рауан Ақпанбетовтен сұрағанымызда, ауыл­­дағы ахуалдың тұрақты екенін және ешқандай мал ұрлығы орын ал­ма­ғанын атап өтті. Дегенмен бұл босаңсуға болады деген сөз емес, тәртіп сақшысына үй берілетін болса, ауыл­дың қауіпсіздігіне мұнан да жо­ғары жауапкершілікпен қарап, ұсақ қыл­мыстың да алдын алуға мүмкіндік туады.

Жол сапасы жақсарған

Ауылдағы жаңадан бой көтеретін нысандардың орындарын көрсетемін дегесін ауыл әкімімен бірге ішкі көшелерін аралап шықтық. Орталық көшемен жүріп келеміз, ұлы ақынның атындағы ішкі көшеге асфальт төсе­ліп қойған. Бір айта кетерлігі, бұл – ауылдағы 58 жылдан бері асфальт төселген бірінші көше. Яғни 1964 жыл­дан бері Жаңадарияның жолдары асфальт көрмеген.
Жалпы, бізге ауылдың екінші ты­нысы ашылғандай көрінді. Бұған дейін барғанымызда астына ештеңе тө­сел­меген ойын алаңында балалар бұр­­қыратып доп теуіп жүретін. Қазір ол жерге де жасыл төсеніш жайыл­ған. Барлық көшеге 100 пайыз жарық бағаналары орнатылған, ауыз су жүйе­сіне 2019 жылы күрделі жөндеу жүріпті. Қазір мұнда жергілікті халықты тәулік бойы сапалы ауыз сумен қам­тамасыз етуде мәселе жоқ. Электр бағаналары да 100 пайыз жаңарып, тоқ тарататын арнайы аппараттары толықтай ауысқан. Ал биылғы жылдың еншісінде Жаңадария, Қ.Сәтбаев кө­ше­лерін күрделі жөндеу жұмыстары тұрса, келер жылы Достық, Мектеп көшелері қолға алынады. Бұған дейін аудан әкімі Асқарбек Есжанов та ауыл ақсақалдарымен кездескенде осы көшелердің сапасына қатысты жұ­­­мыстар жасалатынын айтқан еді. Бұйыртса, халықтың талап-тілегін орын­­­дайтын күннің де ауылы алыс емес.

Шалғай ауылдың
шаруасы ширақ

Нағыз тіршілікке ыңғайлы жаз мез­гілін ұтымды пайдалануды көздеп отыр­ған елді мекендердің бірі – Жаңа­дария. Ерте көктеммен бірге таласып, тынымсыз тірлігіне кіріскен аядай ғана ауылдың тұрғындары да күзде мол өнім алып, бейнетінің зейнетін көруді мақсат етіп отыр.
Жергілікті халықтың тыныс-тір­шілігі негізінен мал және егін шаруа­­шылығына тәуелді. Ауыл шаруа­­­­шылығының қос саласында қа­­­­­лып­тасқан серпін елді мекеннің еңсесін тіктеуге айтарлықтай қол­ғабыс болған.
Жаңадарияда қа­зіргі таңда елу­ге жуық кәсіпорын жұ­мыс жасап тұр. Олардың ішінде мал ша­руа­шы­­лығынан бөлек пластик терезе шығаратын шағын цех, тігін ше­бер­ханасы секілді өндіріс орын­дары да бар.
Жалпы, жергілікті халық бұрын­ғыдай емес, кәсіпке бетбұруды жөн көреді. Өткен жылы ауыл тұр­ғын­дарының бірі 10 млн теңгеден астам мемлекеттік бағ­дар­ламамен несие алып, мал шаруа­шылығы бағытында өз ісін бастап кетіпті. Қайтарымсыз грантқа қол жет­кізгендер де бар­шы­лық. Ал биыл бір адам қайта­рым­сыз грант иегері атанса, басқа да түрлі жобалар әзірлеп жатқан тұрғындар көп.
Сөз басында айтқанымыздай, жаңадариялықтардың басым көп­шілігі бақша егумен айналысады. Ау­данда да күз мезгілі туғанда «Жаңа­­дарияның қауыны» дегенді жиі ес­тиміз. Өйткені елді мекендердің ішін­­­дегі сапалы әрі уақытылы өнім ұсынатын осы Жаңадария ауылы. Қауыны, қарбызы, басқа да бақша өнімдері ешқандай артық қоспасыз және дәмі тіл үйіргендіктен, көпшіліктің сұранысынан түспей келеді. Ал ауыл халқы алажаздай бақша өнімдерін күтіп-баптап, қоңыз күзде мол өнімін жинап, өзінен артылғанын ауданға әкеліп сатады. Осылайша еңбегінің жемісін көріп, нәпақасын айырып та алады.

Ауылда ахуал тұрақты

Жалпы, жүзден аса отбасы бар ауылда көркейту-көгалдандыру, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, саяси ахуалды сақтау, әрбір тұрғынның ұсыныс-пікірін орындау мақсатында жүйелі жұмыстар жүр­гізіліп келеді. Ауылда елуден аса шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 25-ке жуығы шаруа қожалық, 20-ға жуығы мал шаруашылығы бағытында және 2 шағын азық-түлік дүкені халыққа қызмет көрсетуде. Ал ауыл әкімі қазір жергілікті халық санында өсім барын айтады. Бұрын әр жыл сайын ауылдан 4-5 отбасы қоныс аударса, қазір керісінше халық саны өсу үстінде екен. Өйткені ауылдың инфрақұрылымы дамыған, кәсіп ашамын дегендерге барлық жағдай қарастырылған, ауыл­дың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы да жоғарылап келеді.
Жаңадариядағы тағы бір игілікті істің бастауы – мешіттің бой көтеруі. Бірнеше жыл бұрын халықтың қуа­нышын еселеп, дәл орталықтан бой көтерген имандылық үйі көп тілегінің бірі еді. Осы уақытқа дейін «Сауап іздегендер, сауап біздің ауылда» дейтін ауыл тұрғындарының арман-тілегі Аллаға жетті. Өйткені мешіті жоқ ауылға мешіт салдыру сауапты істер­дің ең жақсысы, қайырлысы десек те болатын шығар.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген сөз бар. Мешіт құры­лысы басталғаннан ауыл­дың жастары білек сыбана кірісіп, жұмысты лезде аяқтады. Халықтық асар әдісімен бой көтерген Алла үйінің әр тасын қалауда ауыл жастары белсенділік танытты. Жаспын демеді, уақыттарын бос әурешілікпен өткізбеді. Жас та болса, жұдырықтай жұмылып, ал­дындағы жолбастар ағаларының қа­сынан табылып, сауапты істе үлгі бола білді. Жаңадария ауылдық округі бойынша қоғамдық және діни ахуал тұрақты. Өзге дін өкілдері, дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалында жүрген азаматтар жоқ. Діни ахуалдың тұрақты болуы да осы ауыл жас­тарының, жалпы тұрғындардың ала­уыз­дықтан ада болуында шы­ғар. Мешіт құ­ры­лысын жүргізу үшін арнайы қор құрылып, ауыл тұрғындары және жастар мен Жаңадариядан шыққан кәсіпкерлердің демеушілігімен мешіт құрылысы қарқынды жүрді. Мешіттің сыртқы қабырғасының да, күмбезінің түсі – сары, алтын түстес. Күн ша­пағымен түстес Алла үйінің күмбезі таң азанымен арайлы күннің шуағына шомып, шағылысып, ауыл ажарына көрік береді. Ауыл тұрғындарының санына қарай шағын етіп салынған ғибадат үйі заманауи үлгіде қаланды. Жаңадариялық жамағаттың ғибадат қылуына арналған мешіт «Сары ишан» атымен аталды. Ауыл мешітіне тарихтан белгілі, діни тұлғаның аты берілуі де тегін емес.
Бүгінде мешіт ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Мешіт ашылысымен, ауыл молдасы күндіз-түні діни уағыздармен сусындаймын деушілерге уағыз ай­туға дайын. Әсіресе бұған дейін қасиетті азанның даусы естілмейтін елді мекенде енді бес уақыт азан ша­қырылып, жұртшылықты ғибадатқа шақырып тұр.
«Барлық саланы дамытуды үнемі назарда ұстап отырмыз, бастысы, елдің тілегіне құлақ түру, игілікке жұмыс істеу» деген ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов шама-шарқынша ауыл тұрғындарын алдағы уақытта да жа­ғымды жаңалықтармен қуан­та­ты­ны­на сенеді. Әсіресе қария­лардың батасын алып, жастарға үлгі болуды азаматтық ұстаным деп есептейтін әкімнің ауылды дамыту, өрістетуде алдына жан салмайтынын байқадық. Шалғайдағы елді мекенді толық аралап шығып, барлық атқарылған жұмыспен таныстырды, алдағы жоба­лардан да құлағдар етті. Бастысы халық риза.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: