Адам өміріне араша болып, дертіне шипа сыйлайтын ақ халаттылардың адал еңбегі қашан да құрметке лайық. Олардың тынымсыз тіршілігі, бір күндік жұмысы қаншалықты қауырт екені айтпаса да белгілі. Осы ретте кеше аудандық ауруханадағы жансақтау бөліміне бас сұқтық. Бөлім меңгерушісі Мақсат Серікұлымен бірге тазалықты сақтау мақсатында халат пен бетперде тағып, науқастар жатқан палатаға қарай бағыт алдық.
Бір мезетте 6 науқасқа медициналық қызмет көрсететін бөлімге күнде ауыр жағдайдағы науқастар түседі. Олардың жағдайы бірқалыпқа түскенше бөлімдегі дәрігерлердің бақылауында болып, диагноздарына сай қажетті ем-шара жүргізіледі. Бөлім меңгерушісі Мақсат Елеместің айтуынша мұнда 6 науқасқа арналған төсек орынның 1-еуі балаларға, 5-еуі ересектерге арналған. Мақсат Серікұлынан бөлек, мұнда Нұрболат Балтабайұлы, Бекболат Ержанов, Нұрбек Ақмұрзаев сынды білікті реаниматологтар жұмыс істейді. Мұнан бөлек, 1 аға мейіргер, 7 кезекші анестезист мейіргер, 1 шаруашылық мейірбикесі, 5 кезекші кіші аяжан бар.
Сондай-ақ 2 екпінді ем жүргізу палатасы мен 1 оқшаулау палатасы, 1 ем шара бөлмесі мен аппараттарды сақтау, А және Б тобындағы дәрі-дәрмектерді сақтау бөлмесі бар.
Қазіргі таңда бөлімшеде 5 науқас ем алуда. Мақсаттың айтуынша, науқастар пневмония, инсульт сынды диагнозбен түскен. Анезтезиолог-реаниматолог дәрігердің айтуынша, былтыр бұл бөлімнен 400-ден астам науқас ем қабылдаған. Мұның ішінде облыстық көп бейінді орталыққа да жағдайының ауырлығына байланысты ауыстырылғандар да бар. Яғни бұл бөлімде тасымалдаушы медициналық топ сырқаты ауыр науқастарды облыстық медицина орталығына апарады.
Былтыр өзге емдеу орталықтарына 165 науқас орналастырылған. Оның ішінде қант диабеті мен 2 науқас, жедел ішек инфекциясымен 1 науқас, церебральды васкулярлы ауру түрімен 1 науқас, жедел коронарлы синдромы сырқатымен 5 науқас, инсультпен 38 науқас, балалардағы пневмониямен 9 науқас, асқазаннан қан кетумен 1, өт жолына тас байлану сырқаты бойынша 5, нефритикалық синдроммен 5, жүктілікпен 3, нәресте патологиясымен 14, ауыр жарақат алған 20 науқас ауыстырылған.
– Былтыр жылдың соңында 50-ден асқан бір ер адамды қаладағы емдеу орталығының біріне ауыстырдық. Біздің бөлімде 20 күн жатып ем алған болатын. Науқас ең алдымен пневмония сырқаты бойынша түсті. Одан кейін сырқаты асқынып тоқ ішектің өтімсіздгі диагнозына әкеліп соқты. Осында әріптестеріммен бірге ота жасадық. Қазіргі таңда облыстық медицина орталығында жатып ем қабылдауда. Бұл науқастың жағдайы өте ауыр болды. Өйткені ол бір емес, бірнеше сырқат түрімен ауырады. Науқасқа облыста да ота жасалды. Ал биыл жыл басынан бері түрлі диагнозбен 33 науқас өзге емдеу орталықтарына ауыстырылды. Оның 17-сі бөлімде жатқан науқастар болса, 16-сы қабылдау бөлімінен ауыстырылған. Мәселен бүгін бір науқасты облысқа ауыстырып жатырмыз. Ол жедел коронарлы синдромы сырқатымен бөлімде 3 күн ем қабылдады. Науқастан қайта-қайта анализ алып, 3 күн бойы жағдайын бақыладық, – дейді Мақсат Серікұлы.
Дәрігер науқастардың басым көпшілігі жол апаты, қант диабеті, инсульт сынды сырқаттар бойынша түсетінін айтты. Ал балалалар бронхит, ларингит, пневмония сынды сырқаттармен шағымданып келеді. Жүкті әйелдер кесір тілігі арқылы босанғаннан кейін міндетті түрде бөлімде дәрігерлер бақылауында болады. Сондай-ақ ауыр босанып, көп мөлшерде қан жоғалтқан аналар да өз-өзіне келіп, ес жиғанша 2-3 күнге дейін осында ем қабылдайды.
Дәрігер сұқбат барысында көптеген науқастардың дәрігердің қабылдауынан жиі өтпейтінін, тексеруден қашып, ауру қысқанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінетінін тілге тиек етті. Яғни ауруын асқындырып келетін науқастар көп. Бөлім меңгерушісінің айтуынша былтыр бөлімшеде қайтыс болған науқастар саны 22-ге жеткен. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда әлдеқайда артқан.
Бөлімше стандартқа сай медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мәселен, мұнда жүректің электрлік белсенділігін өлшейтін электрокардиограмма, жүрекке шағын электрлік импульс немесе электр тоғының соғуын жіберу арқылы науқастың жүрек соғысын қалпына келтіретін дефибриллятор, тері астындағы тамырларды бейнелеуге көмектеетін веновизор құрылғылары бар. Дәрігер бұл құрылғының көмегімен тамыры жіңішке егде жастағы науқастар мен балалардың тамырын тез табуға болатынын айтады. Мұнан бөлек инфузиялық дозаторлар мен өкпені жасанды желдету аппараттары да бар.
– Біз көбіне ангиокатетер қолданамыз. Себебі ол ыңғайлы және кез келген уақытта пайдалануға болады. Науқастың тамырын бір-ақ рет тесіп 5-7 күнге дейін қолданамыз, – дейді ол.
Жансақтау бөліміндегі жұмыс қаншалықты ауыр болса, мұндағы қызметкерлердің жауапкершілігі де соншалықты жоғары. Олар нұсқаулықты дер кезінде орындап, науқастарға қажетті екпе мен басқа да көмектерді сапалы түрде көрсетеді. Яғни әр адамның шыбын жаны үшін көз ілмей, тәулік бойы қызмет етеді.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!