Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 16:56

Жастар қарымды қаламгердің шығармашылығына терең бойлады

13.12.2022

318

0

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, қарымды қаламгер Махмұтбай Әміреұлының 80 жасқа толуына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Жылдар, жырлар» тақырыбында поэтикалық кездесу кеші өтті.

Кітапхана басшысы Нұрлыбек Мыңжас ақын шығармашылығы туралы ой-толғамын айта келіп, сонау 1976 жылдан бері жарық көрген 30-ға жуық кітабы оқырман қауымға етене таныс екенін атап өтті. Сондай-ақ, кездесу аясында дайындалған кітап көрмесінде ақын Махмұтбай Әміреұлының әр жылдары баспадан шыққан жыр жинақтары және мерзімді басылым беттерінде жарияланған көлемді де көрнекті мақалалары қойылған. Енді бір сәт бейнежазба желісіндегі естелік суреттер, сұхбаттар, ақын шығармашылығы жайлы айтылған пікірлер қатысушылар назарына ұсынылды. Ақынның сөзіне жазылған композитор Т.Қалауовтың «Қызылорда вальсі» әні жарты ғасырдан астам уақыт тыңдаушыларының жүрегін тербеп келеді. Кеште осы әнге кезек беріліп,  жас толқын оқырман тамаша әннің тарихын жадына түйіп, авторға құрмет көрсетті.

Кеште Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің, Т.Рысқұлов атындағы №222  және Ж.Нұрсейітов атындағы №233 орта мектептердің оқушылары ақынның түрлі тақырыптағы шығармаларын жатқа оқып, табиғат әуенін, туған жер қасиетін, жалпы өмір құндылығын дәріптейтін өлең шумақтарынан өнеге алды.

Поэтикалық кеште мерейтой иесі Махмұтбай Әміреұлы поэзияны түсінуге талпынған жас оқырмандарға жүрекжарды лебізін білдіріп, кешті ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғысын айтты.

– Бұл кешке әдебиетті, жырды сүйетін қауым жиналып отыр деп ойлаймын. Жалпы шығармашылық деген дүние адам жанын адалдыққа, тазалыққа тәрбиелейді. Сондықтан көркем әдебиетті көбірек оқып,  жан дүниені байытуға барынша көңіл бөлген жөн. Мысалы, маған ақындық дарын анамның бойындағы қасиет  арқылы берілді деп ойлаймын. Өйткені анам атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының аталас қарындасы еді. Жасынан зерек болған анамызды Тұрмағамбет ақын қасынан қалдырмай ертіп жүрген екен. Сондықтан анам ақынның бар өлеңін жатқа білетін. Үйде диірмен тартып, кілем тоқып отырып сол өлеңдерді айтып жүретін. Иә, сөйтіп алғашқы шумақтарымды 2-сыныпта оқып жүргенде жазғанмын. Майшамның түбінде отырып жазған алғашқы өлеңдерім «Қазақстан пионері» газетіне, «Пионер» журналына шығып тұрды. Осы журналдың бөлім меңгерушісі, кейін редакторы болған  ақын Т.Молдағалиевті сол кезден тани бастадым. Ал 9-сыныпта оқып жүргенімде «Бұлақ» деген өлеңім «Лениншіл жас» газетіне шығып, мерейімді бір көтеріп тастаған еді. Осыдан кейін өлеңге салмақты  қарап, А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, Қ.Аманжолов шығармаларын оқып, ақындыққа алаңсыз бет бұрдым, – дейді мерейтой иесі.

Махмұтбай Әміреұлы – Жалағаш ауданы Мақпалкөл ауылының тумасы. Осы топырақта дүниеге келген Әбілда Жүргенбаев, Қомшабай Сүйеніш, Темірше Сарыбай сынды бір шоғыр талантты ақындардың шығармашылығы қазақ әдебиетінің қазынасына өзіндік үлесін қосты. Бүгінде 80 жастың төріне шыққан ақынның «Жүзім бағы», «Қызыл жыңғыл», «Ақ сәуле», «Сыр әндері», «Сыр жырлары», «Жылдар, жырлар» атты 30-дан астам жыр жинағы халықпен қауышып, қалың оқырманнан лайықты бағасын алды. Айта кетейік, ақын туындыларының арқауы – туған жер, Отан – Ана тақырыбы. Сондай-ақ, жүздеген әнге сөз жазған. Журналистика саласында қызмет етіп, «Сыр мектебі» газеті арқылы өңір ұстаздарының еңбегін үздіксіз насихаттап келеді. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының құрметті азаматы. Бір сөзбен айтқанда, қалам иесінің аймақ руханиятын дамытудағы еңбегі еселі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: