Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Бейсенбі, 09 мамыр, 23:04

Жұқпалы аурулар көбейген

24.02.2024

235

0

Елімізде жұқпалы аурулар көбейген. Оның басым көпшілігі ауа-тамшылы жұқпалылар тобына жатады. Бактериялар тудыратын сырқаттарға күл ауруы, көкжөтел, туберкулез, қызамық менингококтық жұқпа, гемофильді жұқпа және басқалары жатады. Мұнан бөлек қызылша, қызамық, ЖРВИ және тұмау да осы аурулар қатарында.

Бүгінде аудандық ауруханадағы жұқ­палы аурулар бөлімінде бұл сыр­қат түрлерімен ауырып ем алып жат­қан тұрғындар көп. Науқастардың жай-күйімен танысу үшін аптаның сәр­сенбісінде аталған бөлімге бет бұрдық. Бөлім меңгерушісі, инфек­ционист дәрігер Айгерім Иманмыр­зае­ваның айтуынша, біз барған күні қы­зылша ауруымен 2 науқас, ЖРВИ сырқатымен 10 науқас ем алып жатыр екен.
– Жұқпалы аурулардың басым бөлігі адамдармен тікелей байланыс кезінде ауа тамшысы арқылы тарайды. Сырқат температураның жоғарылауынан, та­мақ­­­тың жыбырлауы, мұрынның бітуі, жө­­­тел, бас ауруларынан, жалпы әл­сіз­­діктен басталады. Ал қызылша, қы­за­мық сияқты инфекцияларда тері қа­ба­тында бөртпе пайда болады. Егер ауамен тасымалданатын инфекция түрі болса, маска киіп, адамдар көп жиналатын жерлерден алшақ болған жөн, – дейді бөлім меңгерушісі.
Өздеріңіз білетіндей, әсіресе жаз­ғы маусымда балалар арасында же­дел ішек инфекциясы бас көтереді. Ин­фекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, са­па­сыз тағамдарды пайдаланғаннан, ауыз суды қайнатпай ішкеннен және лас су­ға түскеннен болады.
– Жедел ішек инфекциясымен был­тыр 224 науқас түсті. Оның 179-ы – 14 жас­қа дейінгі балалар. Қызылшамен 19 науқас болса, 14 жасқа дейінгі балалар саны – 14. Ал кенелік риккетсиоз – 2-еу, созылмалы сарып сырқатымен – 2 нау­қас түсті. Тұрғындар әсіресе жаздың ал­ғашқы айынан бастап мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидектерді көп тұтынып, санитарлық-гигиеналық нормалар мен қағидаларды сақтамайды. Салдарынан әсіресе 5 жас­қа дейінгі балаларда іш өту көп орын алады, – дейді дәрігер.

160 науқас ем қабылдаған

Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның қызылшаны жұқтырып алуы әбден мүмкін. Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды.
– Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі және қауіпті инфекция болып саналады. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Бұл дерт ертеден белгілі. Қызылша – вирусты инфекция. Статистикаға жү­гін­сек, вирусты он адамның тоғызы жұқ­тырады. Бұл дерттен менингит секілді әртүрлі асқынулар туындайды. Қазір еліміз бойынша бұл сырқат түрі ең өзекті мәселе болып тұр. Себебі ол жылдам жұғып, тез таралуда, – дейді Ай­герім Иманмырзаева.
Ауданда жыл басынан бері аталған бө­лімде 160 науқас түрлі сырқат тү­рімен ем қабылдаған. Мәселен, қы­зыл­шамен 26 науқас түскен. Оның 13-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ вирусты гепатит А 2 науқас, жедел ішек инфекциясымен 2 науқас түскен.
Бүгінде аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 2 науқас осы қызылша дертімен күресіп, қажетті ем-шаралар қабылдауда. Ау­дан бойынша бұл сырқат түрімен ауы­рып жатқандар саны азайды деп айта алмаймыз. Себебі бөлім мең­герушісінің айтуынша, бұл сыр­қат түрінен бірі емделіп шығып жат­са, екіншісі түсіп жататын күндер көп кездеседі. Тіпті бөлімде осы сырқат түрімен 10 науқасқа дейін ем қабылдаған күндер болған.
Мысалы, былтыр бұл вирусты ас­қындырып алған 19 науқас ауруханада ем алған. Мұнан бөлек орташа және жеңіл дәрежеде ауырып, үйінде ем ал­­ған науқастар қаншама. Бөлім мең­­ге­­рушісінің айтуынша, қызылша бас­­тал­ған кезде әуелі бірыңғай кіш­кен­тай балалар ауырып бөлімшеге түс­­кен жә­не олардың қызылшаға қар­сы ешқай­сы­сы екпе алмаған. Осы рет­те дәрігер қызылшамен ауырмаудың ең тиімді әдісі вакцина алу екенін ес­кер­тті.
Ал ЖРВИ-мен балалар және им­мун­­дық жүйесі әлсіреген адамдар жиі ауырады. Жұқтыру мен ауру ара­сын­да орташа алғанда шамамен 1-2 күн өтеді. Сырқаттанған адамда шар­шау сезімі, әлсіздік, бас ауру, бұлшық ет­тер сырқырау, дене қызуы жоғары бо­­­луы, жөтел кездеседі. Кейбір жағ­дай­­ларда тыныс алу жолдарының за­қым­дануымен қатар конъюнктивит, яғни көз­­дің шырышты қабығының қабыну бел­гілері болуы мүмкін.
Дәрігер бұл сырқатпен былтыр 1120 науқас түскенін айтады. Оның 773-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал биыл жыл басынан бері – 130 науқас аталған бөлімде ем қабылдаған және оның 80-і 14 жасқа дейінгі балалар екен. Барлығы толық ем қабылдап, құлантаза айыққан.

Маман кеңесі:
– Бірінші кезекте дұрыс салауатты өмір салтын қалыптастыру қажет. Яғни тек қана спортпен айналысу емес, дұрыс тамақтану, иммундық жүйені шынықтыру керек. Қазір көп ата-ана балаларға құнарсыз тағамдарды жиі береді. Тіпті жеңіл-желпі тағамдар беріп, баланың асқазанын құртатын аналар да бар. Алдыма «менің балам йогурттан басқа ештеңе жемейді» деп келетін аналар өте көп. Жалпы балаға үйдің тағамын, асылған, ет тағамдар беру керек. Ал біздің аналар керісінше тез дайындалатын жеңіл немесе фас-фуд өнімдеріне құмар. Балалар бөлімге үнемі құсып түсіп жатады. Оның бәрі инфекция емес, өт жолдарының бұзы­луынан болып жатады. Себебі баланың тамақтануы дұрыс емес. Тіпті 1,2 жасар баланың өзінде осындай жағдайлар жиі кез­де­седі. Көпке топырақ шашпаймын, десе де кей ата-аналар бар, «балам жы­ламаса болды» деген түсінік қалыптастырып, баланың не ішіп, не жейтініне мән бермейді. Сондықтан ата-аналарға ең алдымен балалардың дұрыс тамақтануын қалып­тастыруға ке­ңес беремін. Ол әрине иммундық жүйенің қалыптасуына оң әсер етеді. Асқазан ішек жол, өт жолдарын дұрыс қалыптастырады. Сондай-ақ уақы­ты­лы балаларға екпе салдыру қажет. Кез келген жұқпалы дертке салғырт қа­рауға болмайды, – дейді Айгерім Иман­мырзаева.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: