Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 20:49

Жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке

05.09.2023

1561

0

Өткен сенбінің таңы аудан орталығындағы стадион алдында әдеттегідей емес, күйбең тіршілік пен абыр-дабыр қозғалыспен басталды. Өйткені кент тұрғындары үшін молшылық мерекесі саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қой, тоқты, жоңышқа, қауын-қарбыз, балық тиеген жүк көліктері стадион маңына тұрақтап, өнімдерін халық алдына жайды. Жалпы, ауылдық елді мекендерден 22 азық-түлік тиеген көлік өз өнімдерін пұлдауға келіпті. Қас қағым сәтте халық белгіленген орынға жиналып, қызу сауда басталып кетті. Иә, өнім бағалары күнделікті сауда орындарындағы бағамен салыстырғанда едәуір төмен, яғни тұрғындар үшін өте тиімді болды.

– Жәрмеңкені ұйымдас­тыру­шы­ларға, өнімдерін төмен бағада сау­далаған ша­­руаларға көп рахмет. Әрине бұл жәр­мең­кенің тиімділігі бағасының қал­та кө­те­ретіндігінде ғой. Жәр­меңке өтеді де­генді естіп, таң аты­сымен шайымды ішпей, осында жол тарттым. Сөйт­сем менен де ерте кел­гендер бар екен, иә бұдан бағаның төмен екенін бір­ден түсіндім. Бірінші ретте Жаңа­да­рия ауылының қауын-қарбызын сатып алдым, өйткені Жаңадария қауын-қар­бы­зының қандай дәмді болатынын жақсы білеміз. Сондай-ақ қызанақ се­кілді көкөністерден де алдым, өзіміздің өңір өнімдерінен банка басқан дұрыс деп ой­лаймын. Жалпы кентте осындай жәр­меңкелер жиі ұйымдастырылса, біз секілді аудан тұрғындарының риза бо­лары сөзсіз, – дейді ауыл тұрғыны Мәншүк Нұрмаханова.


Жәрмеңкеге кент және ауылдық округ­терден барлығы 35 тонна өнім әкелінген. Нақтырақ тоқталсақ, 10 тонна қауын, 12 тонна қарбыз, 0,5 тонна балық, 500 пресс жоңышқа, 1650 пресс шөп, 20 бас тоқты, 10 бас қой саудаға шығарылған. Мәселен, қауын келісі 150, қарбыз 100, балық 1300 теңгеден сатылса, жоңышқа пресі 700, ал шөп пресі 400 теңгеден саудаланды. Тоқты 40 мыңнан басталса, қой 50 мыңнан пұлданды.
Иә, жәрмеңкенің бір артықшылығы бағасының төмен болуында екені белгілі, дегенмен ең бастысы, тұрғындар сапалы өніммен қамтамасыз етілгенін ұмытпаған жөн. Әрине ауыл шаруаларының жаз бойғы маңдай термен ешбір химиялық қоспаларсыз баптаған өнімдерінің са­палы болатынына ешкімнің де күмән кел­­тірмейтіні рас. Сондықтан болар, жәр­меңкедегі халықтың қарасы қалың болды.
– Мен Жаңадария ауылының тұрғы­нымын. Өздеріңізде байқап тұр­ған шы­ғарсыздар, Жаңадария десе, ха­лықтың есіне бірінші қауын мен қарбыз түсетіні бар. Жаз бойы ауыл маңында қауын-қарбыз ектім, бүгін сол өнім­дерді халық алдына әкеліп отырмын. Шүкір, сауда бар, өнімге сұраныс жоғары. Ең бастысы, қауын-қар­бызым тұтынушыларға ұнап жатыр. Әрине маңдай термен, ешқандай қосымша қоспасыз егілген өнімнің тәтті болары анық. Жасыратыны жоқ, биыл шаруалар үшін қиындау болды, өйткені аптап ыстықта аяқ су тапшылығына тап болдық. Десе де қиындыққа берілмедік, Жер ана да бізді ренжітпей, осындай керемет өнімін берді. Міне, енді сол қауын-қарбызды сіздермен бөлісуге келіп қалдық, – дейді шаруа адамы Нұрбол Қасым.
Молшылық мерекесі осылайша кө­те­ріңкі көңіл-күймен өте шықты. Ең бас­тысы, тұтынушы да, сатушы да дән риза. Менің түсінгенім мұндай жәрмеңкелер азық-түлік бағасын тұрақтандыруға үлес қосса, бір жағынан жаз бойы еңбек еткен шаруаларға да серпін берген секілді. Өз өнімін тұрғындардың таласып-тармасып, саудалап жатқанын көрген шаруа адамы, келесі жылы бұдан да артық еңбек етуге талпынады деп ойлаймын. Сондықтан осындай жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру өңір тұрғындарының әлеуеті үшін үлкен демеу болары хақ. Иә, алдағы демалыс күндері де кезекті жәрмеңке өткізу жоспарлануда…

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: