Былтыр Қазақстанның бірқатар өңірінде жылу маусымында мәселе туындаған. Қарапайым халықтың қақаған аяздан аман шығуы үшін жылу электр станцияларын жөндеуге қыруар қаржы қаралды. Мәселен, өткен жылы елімізде тозығы жеткен жылу құбырларын жөндеуге қазынадан 146 млрд теңге бөлінген. Алайда жыл сайын қайталанып отырған мәселеге бюджеттен бөлінген осынша қаржы да төтеп бере алмады. Себебі ел бұған қатысты жобалардың жемісін толық көре алмай отыр.
Мәселе неге
қайталана береді?
Кешегі аязда былтыр мәселесі күрделенген Екібастұз бен Ридер қаласында халық тағы да бүрсең қақты. Бірақ қыркүйек айында жауаптылар жылу маусымында ешқандай мәселе болмайды деп сендірген. Себебі Ридердегі жылу электр орталығының жөндеу жұмыстарына Үкіметтен 10 млрд теңге бөлінсе, Екібастұздағы жылу орталығына 5,1 млрд теңге қаралған еді. Алайда кешегі аязда жергілікті тұрғындар тағы да бүрсең қақты. Тіпті тұрғындар қарт ата-аналарын жылы жаққа жіберуге мәжбүр болған.
Жауаптылар мәселені елдегі жылу орталықтарының ескілігімен байланыстырады. Бұл дәлелін де жоққа шығара алмаймыз. Себебі Қазақстанда соңғы рет Жылу орталығы 1986 жылы салынған. Яғни Тәуелсіздік жылдары елімізде ешқандай жылу орталығы ашылмаған. Десе де жөндеу жұмыстарына бөлінген қыруар қаражаттың алғашқы жылдары-ақ нәтижесі болмауы ешқандай ақталуға келмейді.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының да тікелей бақылауында. Осы айдың екінші онкүндігінде Президент өңірлер әкімдерімен жылу беру мәселесін талқылап, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстары әкімдерінің аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету бойынша есебін тыңдады. Сондай-ақ ол апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді, барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап етті. Кеңесте Үкіметке жылу маусымына дайындық кезінде олқылықтар жіберілгені туралы айтылды. Берілген тапсырмаларды орындау үшін Үкіметке және облыс әкімдеріне жеке-жеке жауапкершілік жүктелді.
Депутаттар не дейді?
Аталған мәселе Парламентте де қаралды, депутатттар мәселені шешуге бөлінген қыруар қаражаттың халық жемісін көре алмай отырғанын айтып, атқарылған жұмыстарға талдау қажет деп есептейді. Сондай-ақ олар салада білікті кадрлар тапшы екенін алға тартады. Яғни салада желілердің жай-күйіне кәсіби аудит жүргізетін, ахауларды жою жоспарын әзірлейтін маман жоқ деп есептейді. Сондықтан олар техникалық мамандарды оқытуды жүйелі түрде қолға алып, білікті кадрлардың елден үдере көшуін тоқтатуды талап етті.
Халық қалаулыларының бұл уәжі де орынды. Тіпті олар соңғы уақытта орын алған олқылықтарға да шолу жасады. Сөзіне сенсек, расында салада қажетті мамандардың тапшылығын байқау оңай. Мәселен, осыған дейін Арқалықтағы жылу электр станциясы жөндеуден өткен, алайда оны елдегі мамандар 2 жыл бойы іске қоса алмаған. Осылайша шетелден маман шақыруға мәжбүр болған. Мына қызықты қараңыз, саладағы біздің мамандар 2 жыл бойы 1 станцияны іске қосалмаса, шетелден келген маман мәселені бір-ақ күнде шешіп берген.
Аудандағы ахуал қалай?
Кешегі аяз бізді де бет қаратпады.Бірақ жылумен қамтамасыз етуде мұндай мәселе туындаған жоқ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Жалағаш кентіндегі 2 826 тұрғын үй орталықтандырылған газ желісіне қосылған. Бұл кенттегі жалпы тұрғын үйлердің 89,3 пайызын құрайды. Мұнан бөлек 20 әлеуметтік, 123 кәсіпкерлік нысан да көгілдір отынға қосылған. Әзірге бұған қатысты газ қысымының төмендеуі секілді мәселе орын алған жоқ.
Аталған бөлімнің мәліметіне сүйенсек, ауданда қатты отыннан да тапшылық жоқ. Мәселен, қазір қоймаларда 850 тонна көмір бар. Аудан бойынша 2023 жылдың тамыз айынан бастап жеке кәсіпкерлермен сатылуға 10 960 тонна көмір жеткізілген. «Қырмызы» ЖК, Қазыбек би көшесіндегі «Әжібеков М.» ЖК, «Халық Серік» ЖК-ның көмір қоймаларына «Шұбаркөл» көмірі жеткізіліп, аудан тұрғындарына сатылуда. Қатты отынның бағасы 22 000-23 000 теңге аралығында.
Еліміз кешегі бірнеше күнге созылған аязда әуре-сарсаңға салынды. Әлі суық күндер алда. Биылғы жылу маусымына бөлінген қыруар қаржының қарапайым халық игілігін көрсе болғаны. Алдағы аяздарда мәселе қайталана ма, солай болған жағдайда қиындықты қалай еңсереміз, оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!