Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 14:44

Қырқынан шығару

27.01.2021

4779

0

Қазақ әуел бастан табиғаттың кереметін, жұмбағын түсінген. Мезгілдердің ерекшелігін, уақытын, күн мен түннің ауысуын, ауа райын, алдағы қауіп-қатерді де күні бұрын болжай алған. Әсіресе қазақта қырық санына қатысты ырым-тыйымдар мен ұғымдар көп. Осы ырымдарды алғаш естіген адам шындыққа жанаспайтын құр болжам деп түсінбейсіз, қайта «атам қазақ білген екен, қалай дөп басып болжаған, мен мұны бұрын соңды қалай білмедім» деп таңқалуыңыз әбден мүмкін.

Бізде қырық санына қатысты «Қырқынан шығару» деген бала өмірге келгенде жасалатын дәстүр бар. Баланы қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан жоқ. Мұндай салт жасалмаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болады. Жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Сәбиді қырық күн бойы тұзды, сабынды суға алма-кезек шомылдырып отырады. Тұзды суға шомылып өскен баланың денесі шымыр болады, аурудан қорғайды. Өскенде жарасы тез жазылатын болады. Ал сабынды су денесіндегі микробтарды тазартады. Маралшөп қосылған су баланың тез ширауына көмектеседі. Ал қырық күннен аман өткен нәрестені қарақұлақтанды деп қуанып, қырқынан шығару тойын жасайды. Ол қыз балаларды қырқынан 40 күннен асырып шығарса, ұл баланы 40 күнге жеткізбей де қырқынан шығара беретінін айтады. Айтуынша, әдетте қырқынан шығарарда қырық қасық су құйылған ыдысқа күмістей жарық болсын әрі таза, адал болсын деген ниетпен күміс сақина, жүзіктер салынатын болған. Күміс адалдықтың, тазалықтың символы саналған.


Бұл турасында қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз өз кітабында қырық санының адам жаратылысымен тікелей байланысын айтып берген. Ол кісі «…Қырық күн, қырық саны адам жаратылысымен тікелей байланысы болғандықтан қасиеттейді. Бойға бала бітерде ештеңені артық-кем жаратпаған Алла Тағаланың құдыретімен бір тамшы суы қырық күнде қанға айналады, қаннан қырық күнде етке айналады. Тағы қырық күнде еттен сүйек пайда болады, одан қырық күн өткен соң, ет пен сүйекке жан бітеді және қырық күн өткенде жан алған ет пен сүйек адам пішініне енеді. Содан кейін шақалаққа сезім жүйесінің пайда болуына қырық күн кетеді. Тағы қырық күнде бала толысады. Сөйтіп, 280 күн – қырық аптада, анығын айтқанда, тоғыз ай, тоғыз күнде нәресте өмірге келеді. Баланы қырқынан шығару – жоғарыдағы қырықтардың соңғы жалғасы» деп келтіреді. Мұндағы «қырқынан шығарудың» да баланың жетілуімен байланысы бар. Яғни өмірге келген нәрестеге қырық күн толғанда еті мен сүйегі бірігеді. Жас сәбиді алғаш рет күміс салынған суға шомылдырғанда отыз омыртқаң бекісін, қырық қабырғаң қатсын дейді. Артынан сәбиді шомылдырған әйелдер күмісті өзара бөліп алады. Жас сәби дүниеге келгеннен кейін қырық күн бойы ешкімге көрсетпеу, шашын және тырнағын алмау әдеттеріміз де бар.

Дайындаған Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: