Жалағаш жұрты ақын, сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, ауданның Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Айкүміс Орынбаеваны зейнеткерлік демалысына шығарып салды.
Сыр елінің өнерін өрістетіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған, талантымен талайды тәнті етіп, қаламын жанына серік еткен, Жалағашын әуенімен тербеген ақын-сазгердің мерейтойына аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов бастаған Сыр топырағының игі жақсылары жиналды. Онда Айкүміс Телғарақызының мектеп табалдырығын аттаған сәтінен өмірінің мағыналы белестері, шығармашылығы, ұстаздық жолы және жалағаштықтардың құрметіне бөлеген адами биік болмысы кеңінен насихатталды.
Өнер иесінің жолын жалғастырушы, ақынның ұлы Айбек Батырханұлы Темірше Сарыбаевтың сөзіне жазылған, Жалағаш ауданының әнұранына айналған Айкүміс Орынбаеваның «Жалағашым» әнін орындап, мағыналы кештің мәнін аша түсті.
30 жылдан аса ғұмырын білім саласына сарп етіп, абыроймен, елдің ыстық ықыласымен зейнеткерлікке шығып жатқан мерейтой иесін құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов ауданның ең жоғарғы наградасы «Құрмет» грамотасын табыстады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов, кәсіподақ төрайымы Гүлзат Құрманбаева да ұлағатты ұстаздың білім саласында қалдырған қолтаңбасының айрықша екенін атап өтіп, құттықтауларын табыс етіп, қазақы дәстүрмен қамзол кигізді.
Мерейлі шараға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақынның ең алғашқы шығармашылық кешін ұйымдастырған Тұрақ Ахетов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ғазиза Әбілда, Темірше Сарыбаевтың жары Ақсұлу Еламанова, аудандық кітапхана директоры Ұлмекен Меңдібаева, ақынның бауыры, «Мәмбет әулие» кешенінің шырақшысы Алтын Телғарақызы және ардагер ұстаздар қатысып, «Сыр сұқбат» алаңында бала Айкүмістен дана, ақын, ұстаз Айкүміс апайымыздың өнегелі өмір жолынан естеліктер айтып, өткеннен сыр шертті.
Сыр елінің игі жақсыларының, ақындары мен ұлағатты ұстаздарының басын қосқан мерейтойға ардақты ұстаздың шәкірттері де «Қарлығаш келді үйіме» деп жырлаған ақынды арнайы құттықтап, өмірлік нұсқа болып, бағыт-бағдар беріп бағдаршам болған ұстазына алғысын жеткізді. Мерейтой иесі, қаламның қасиетіне басын иіп, сөз маржанын терген шәкірті Раушан Бекназарқызына «Қауырсын жырын» аманаттап, шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Салтанатты шарада №201 мектеп-лицейдің өнер бірлестігінің Алтын Жаңашева, Серіккүл Құлысбаева бастаған мұғалімдері ақын-сазгер апайымыздың «Жалағашым» әнінен бастап, «Көктемді сендермен қарсы аламын», «Қайтадан саған ғашық болайын», «Қарлығаш келді үйіме», «Жүрекке жүрек үн қатар» әндерін шырқады.
«Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы» деген ұлы ақын Абайдың биік талғамына қарап, Сыр ақындарынан тағылым алған, Алла берген талантын ұстаздық жолымен қатар алып жүрген Айкүміс Телғарақызының құрметті зейнеткерлік демалысқа шығуына арналған мерейтой «Айбибі» салтанат сарайында жалғасын тапты.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!