Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Жұма, 03 мамыр, 09:09

Ұлағатты ұстаз құрмет төрінде

20.04.2024

1222

0

Жалағаш жұрты ақын, сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, ауданның Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Айкүміс Орынбаеваны зейнеткерлік демалысына шығарып салды.

Сыр елінің өнерін өрістетіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған, талантымен талайды тәнті етіп, қаламын жанына серік еткен, Жалағашын әуенімен тербеген ақын-сазгердің мерейтойына аудан әкі­мі­нің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық мәс­ли­хат төрағасы Өмірзақ Елеусінов бастаған Сыр топырағының игі жақсылары жиналды. Онда Айкүміс Телғарақызының мек­теп та­бал­дырығын аттаған сәтінен өмірінің мағы­налы белестері, шығармашылығы, ұстаздық жолы және жалағаштықтардың құрметіне бөлеген адами биік бол­мысы кеңінен насихатталды.
Өнер иесінің жолын жалғастырушы, ақынның ұлы Айбек Батырханұлы Те­мір­ше Сарыбаевтың сөзіне жазылған, Жалағаш ауда­нының әнұранына айналған Айкүміс Орынбаеваның «Жа­ла­ғашым» әнін орындап, мағыналы кештің мәнін аша түсті.
30 жылдан аса ғұмырын білім саласына сарп етіп, абыроймен, елдің ыстық ықыласымен зейнеткерлікке шығып жатқан мерейтой иесін құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов ауданның ең жоғарғы наградасы «Құрмет» грамотасын табыстады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов, кәсіподақ төрайымы Гүлзат Құрманбаева да ұлағатты ұстаздың білім саласында қалдырған қолтаңбасының айрықша екенін атап өтіп, құттықтауларын табыс етіп, қазақы дәстүрмен қамзол кигізді.
Мерейлі шараға Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі, ақынның ең алғашқы шы­ғармашылық кешін ұйымдастырған Тұрақ Ахетов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ғазиза Әбілда, Темірше Сарыбаевтың жары Ақсұлу Еламанова, ау­дандық кітапхана директоры Ұлмекен Меңдібаева, ақын­ның бауыры, «Мәмбет әулие» кешенінің шы­рақ­шысы Алтын Телғарақызы және ардагер ұстаздар қа­тысып, «Сыр сұқбат» алаңында бала Айкүмістен дана, ақын, ұстаз Айкүміс апайымыздың өнегелі өмір жолынан естеліктер айтып, өткеннен сыр шертті.
Сыр елінің игі жақсыларының, ақындары мен ұла­ғатты ұстаздарының басын қосқан мерейтойға ардақты ұстаздың шәкірттері де «Қарлығаш келді үйіме» деп жырлаған ақынды арнайы құттықтап, өмірлік нұсқа болып, бағыт-бағдар беріп бағдаршам болған ұстазына алғысын жеткізді. Мерейтой иесі, қаламның қасиетіне басын иіп, сөз маржанын терген шәкірті Раушан Бек­назарқызына «Қауырсын жырын» аманаттап, шығар­машылық жолы­на сәттілік тіледі.
Салтанатты шарада №201 мектеп-лицейдің өнер бірлес­тігінің Алтын Жаңашева, Серіккүл Құлысбаева бастаған мұғалімдері ақын-сазгер апайымыздың «Жалағашым» әнінен бастап, «Көктемді сендермен қарсы аламын», «Қайтадан саған ғашық болайын», «Қарлығаш келді үйіме», «Жүрекке жүрек үн қатар» әндерін шырқады.
«Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы» деген ұлы ақын Абайдың биік талғамына қарап, Сыр ақындарынан тағы­лым алған, Алла берген талантын ұстаздық жолымен қатар алып жүрген Айкүміс Телғарақызының құрметті зейнеткерлік демалысқа шығуына арналған мерейтой «Айбибі» салтанат сарайында жалғасын тапты.

«ЖЖ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: