Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 10:12

Жүргенов ақындар жырына арқау болды

23.09.2023

4582

0

Ол – халқымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын әрқилы замандар мен саяси жүйе жағдайында өрге сүйреген қайраткер. “Елім, жұртым” деп жанайқайымен жанын оққа да, отқа да қарсы тосқан күрескер. Жоқты бар қылған, барды зор қылған Жасампаз. Сол жасампаздық, туындыгерлік еңбектерімен есімі ел есінде мәңгі қалған арыс тұлға. Өз тағдырын өзі жасаған кісіге не дауа. Ал бойынан өмірге құштарлық отын бір сәт бәсеңсітпей, еліне деген алаулы сезімі жүрегімен қоса дүрсілдеп соғып тұрғанда ғұмыры мезгілсіз қиылғаннан аянышты нәрсе бар ма екен?! Темірбек Жүргенов небары 39 жыл жасады, үшінші мүшелінен шыға бергенде өзі керемет үміт еткен мына өмірге жанар бағып соңғы рет дұрыстап қарап та үлгермей, керек десе не болғанын жөнді ұға алмай кете барды.

Жүргеновтанушы ғалым, жерле­сіміз Бауыржан Иманға­лиевтің осы бірауыз сөзінен қайраткердің қазақ жұртына қаншама еңбек сіңіргенін түсіну қиын емес. Расында қиын кезеңдер мен қуғын-сүргінге мойы­май елдің ертеңіне еңбек еткен тұлғаның бірі де бірегейі – Темірбек Жүргенов.
1937 жылы басталған жаппай саяси қуғын-сүргін игі істердің басы-қасында жүрген қайраткерді де айналып өткен жоқ. Оған «ха­лық жауы, ұлтшыл, Кеңеске қарсы терроршы-көтерілісші, шпиондық-ди­версанттық ұйымдарға бас­шы­лық еткен, жұмыстарына бел­сене араласқан» деген сынды бірнеше айып тағып, кейін сот оны ату жа­засына кесті. Үкім 1938 жылы 25 ақ­панда Алматының іргесіндегі Қан­дысай деген жерде орындалған. Бұл кезде есіл ердің жасы небәрі 39-да екен.
Ел үшін еткен еңбек еш кет­пейтінін кешегі мерейтойдан аңға­ру­ға болады. Рас, қайраткер осынша қиындық көрді, жазықсыз жаланың да құрбаны болды, бірақ бәрібір оны өткен тарих қазақ жұртымен қайта қауыштырды. Кешегі жазба ақын­дар мүшәйрасында мерейтой иесін жырға арқау еткен ақындар шығармасы өткен тарихты ел жа­дында қайта жаңғыртты де­сек, артық айтқанымыз болмас. Қаты­су­шылардың барлығы да бұл ша­раның мән-маңызын жете түсінгенін жырдағы сүйектей сөздерінен аң­ғару тағы да қиынға соқпады.
«Тәуелсіздік жалаугері – Жүрге­нов» атты республикалық жазба ақын­дар мүшәйрасын жазушы, пуб­лицист, Қазақстан Жазушылар ода­­ғының мүшесі Бейбіт Қойшы­баев ашып, бүгінгі шараның маңыз­ды­лы­ғына тоқталды.
– Бүгін үлкен тағылымды шара­да бас қосып отырмыз. Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық ме­рей­тойын республикалық деңгей­де ұйым­дастырып жатқан жер­лес­те­ріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Расында ол – қазақ жұртының ер­теңіне көп еңбек сіңірген қайраткер тұлға. Бүгін мерейтой иесі атындағы саябақтың ашылуымен басталған шаралар легі мүшәйраға ұласып отыр. Бұл шараның да өзіндік маңызы зор. Ақындар өлеңін са­рап­қа салу да оңайға соғып отырған жоқ, барлығы да сайдың тасындай сен тұр, мен атайын деп тұрған, ауы­зымен құс тістеген жыр жампоздары десем, қателеспеймін, әрине жастар да бар, бірақ олардың да поэзияға қалам тербеп жүрген мықты ақын­дар екенін бүгінгі қайраткерге ар­науларынан айқын аңғарып отыр­мыз. Қатысушы ақындарға тек сәт­­тілік тілеймін, мерейтой тағы да құтты болсын, – деді қазылар алқа­сының төрағасы.
Расында аудан әкімінің қол­дауымен, өңірдегі «Руханият» орталы­ғының ұйымдастыруымен өткен мүшәйрада халық тек өлең тыңдап, поэзиямен сусындап қайтқан жоқ, өткен тарихтан үлкен мағлұмат алды.
Қазылар алқасының құрамында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қаршыға Есімсейітова мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Ахетов те бар. Ел мақтанышын еске алуға арналған шарада іріктеуден өткен 14 ақын сахнада өлең оқып, көрермен көңілін тағы бір серпілтті.
Темірбек Қараұлының өмірін өлеңмен өрнектеген таланттылар тартысында қызылордалық Мақсат Дауылбай, Ұлытау облысынан келген Дәуренбек Бұлданбаев, Алматы облысынан келген Нұрлыбек Саматұлы ІІІ орын иеленді. Жалағаш ауданының жас ақыны Жасұлан Серік жүректі жырымен жүлделі ІІ орынға лайық деп танылды. Ал Павлодар облысынан келген Нарқұлан Райханұлы І орынды қанжығасына байласа, Сыр өңірінің азулы ақыны Дүйсенбек Аяшұлы бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар жерлесіміз, сазгер, ақын Елена Әбдіхалық Темірбек Жүргеновтің ұрпақтары тағайындаған арнайы жүлдеге ие болды. Сондай-ақ басқа да қатысушылар арнайы алғыс хатпен марапатталды. Барлық ақындарға қаржылай сыйақы табысталды.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: