Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Дүйсенбі, 31 наурыз, 09:52

Дастан ҚҰРМАНБАЕВ, Қызылорда облысының бас имамы: РАМАЗАН АЙЫНЫҢ МАҚСАТ-МҰРАТЫ ОРЫНДАЛҒАНДА, ІЗГІ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСАДЫ

25.02.2025

348

0

Енді санаулы күндерден кейін күллі мұсылман жұрты асыға күтетін айлардың сұлтаны – Рамазанға қадам басамыз. Бұл ай – береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың кезеңі. Қасиетті айдың қарсаңында Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаевпен арнайы сұхбаттасқан едік…

– Дастан Жанасұлы, бүгін­де Ра­мазан айы мен ондағы тұты­латын ораза туралы көпшілік біраз жайттан хабардар. Не де­генмен әлеуметтік желі дамыған за­манда өмір сүріп жатырмыз ғой. Қарсы болмасаңыз, бүгінгі сұх­­­батымызды «Ораза қалай тұ­ты­лады, оны не бұзады?» деген жал­пылама тақырыпта емес, осы қасиетті айдың рухани және қо­ғамдық, әлеуметтік жақ­тары ту­ра­сында өрбітсек. Әуел­­гі әң­гі­­­мені Рамазан айы­ның, ора­за­ның ру­хани сыр-хикмет­терінен бас­тасақ…
– Ең алдымен ораза – ғибадат. Ғибадат дегеніміз – пенденің Жара­тушы иесіне жасайтын құлшылығы. Шари­ғатта барлық ғибадаттың ру­ха­ни және басқа да тұрғыдан бере­тін пайдасы бар. Мысалы, намаз ту­­ра­лы Алла Тағала «Анкәбут» сүре­сін­­де: «Расында, намаз сендерді ар­­­­сыз­­­дықтан, ұятсыздықтан және жа­ман іс-әрекеттерден тыяды» дей­ді. Яғни адам намаз оқығаннан кейін ­бойын түзейді, сөзін түзейді, бү­кіл жүріс-тұрысына мән береді. Ал ора­­за жайлы «Бақара» сүресінде: «Сен­дерге бұрынғыларға парыз етіл­гендей ораза парыз етілді» дейді де, «Тақуалыққа жету үшін» деп толық­тырады. Бұл жерде «тақуалық» деп отырғанымыз – діни, рухани үлкен дәреже. Оны «иманның кемелдігі» деп айтсақ та болады. Алла Тағала сол дәрежеге жетуіміз үшін оразаны парыз етіп отыр. Рамазанда адам бір ай бойы ораза ұстаған кезде көбіне-көп өзінің рухани жағдайына маңыз береді. Пенде былайғы уақытта біраз нәрсеге алаңдап, шайтан мен нәпсі, қызықтыратын дүниемен әлек болып жүреді де, өзінің рухани жағдайына назар аудара алмай қалып жатады. Алла Тағаламен жеке тілдесу, жеке мінәжат, мұң-шерін айту деген сияқты Раббысымен ортадағы байланысқа көп мән бермейді. Бұл нәрсе Рамазан айында толығымен мүмкін болады.Шариғатта адамның жан-дүниесін зерттейтін ілімді «тәзкия» деп атайды. Осы ілім бойынша адам 5 нәрсенің артық мөлшерінен арылса, рухани байиды және кемелдікке жетеді. Ол істерді атап айтар болсақ, ең біріншісі – артық тамақ, сосын артық ұйқы, артық қарау, яғни әр нәрсені артық көру, артық сөйлеу және адамдармен артық араласу. Алла Тағала құдси хадисте: «Пендем оразаны мен үшін ұстайды, оның сауабын өзім ғана беремін» деп айтқандай, адам оразаны Аллаға жақындап, байланыс орнату, қарым-қатынасын жақсарту үшін ұстайды. Су мен тамақтан тыйылу – оразаның сыртқы формасы ғана. Мәселен, намазда сыртынан бақылап отырсақ, оны оқып жатқан адамның еңкейгенін, маңдайын жерге тигізгенін, екі қолын жайып дұға тілеп жатқанын көреміз. Бірақ сол намаздағы адамның іш­кі жан-дүниесінде болып жатқан жағ­дайларды көре алмаймыз. Намаз­оқу – Алла Тағаламен тілдесу. Сол тілдесу кезінде Аллаға жалбарынуы, ішкі жай-күйі, мінәжат кезіндегі жүрегінің ахуалы бізге беймәлім нәр­се. Сол сияқты оразаның да ішкі жағдайлары бар. Тамақ пен судан тыйылу – адамның физикалық жағ­дайы болса, ал бағанағы 5 нәрсенің артық мөлшерінен тыйылу – оның рухани жағы. Жәбир ибн Абдулла деген ардақты сахабаның: «Ораза ұстасаң құлағың да, көзің де, тілің де ораза ұстасын! Өтірік айтпа, ешкімге кесіріңді тигізбе. Ораза ұстаған күні сал­мақты, байсалды бол! Ораза ұста­ған күнің мен ұстамаған күнің бірдей болып қалмасын!» деген сөзі бар. Қасиетті Рамазан айында адам осы бір мақсатқа жетуге тырысуы керек.
– Ол мақсатқа қалай жетеміз?
– Ораза ұстағандағы мақсат – «8-9 сағат аш жүру керек екен» деп құр босқа тамақтан бас тарту болмау­керек. Осы 8-9 сағатты пайдаланып, адам өзін-өзі тәрбиелеп, рухани кемел­дікке ұмтылуы қажет. Себебі Алла Тағаланың өзі бұл айда бар­лық жағынан жеңілдік жасайды. Біз көбінесе «шайтан азғырды» деп сыл­тау айтып жатамыз. Алла Рама­занда осы шайтандардың бәрін шын­жыр­лап қояды. Бұл – ғайып әлемінде болатын дүние. Қайда апарып, қалай шынжырлайды, ол жағы бізге беймәлім. Жалпы олардың бізге әсері болмайтынын, бір ай бойы бізді азғыра алмайтынын түсінсек бол­ды. Өз нәпсімізбен ғана қаламыз. Алла Тағаланың шайтандарды шын­­­жыр­­лайды дегенін: «Осы айда шай­­­танның жоқтығын пайдаланып, басқа уақытта жасай алмай жүрген жақ­сы­лықтарыңды, құлшылық-ғиба­дат­­­­тарыңды жасап қалыңдар және тыйыла алмай жүрген кейбір күнә­ла­рыңнан тыйылыңдар. Өйткені шай­тан сені түртпектей алмайды» деп түсіндіреміз. Ораза кезінде су мен тамақ­тан қалай тыйылсақ, дәл солай артық сөзден, пайдасы жоқ, тіпті кейбірі зиян, күнә әкелетін нәрсе­лерді көруді қоюымыз қажет. Құр әңгіме, жамандық, зиянды нәрселерді пайдаланатын ортамен араласуды тоқтату керек. Тамақ өз алдына, тарауих, сәресіне ерту тұру арқылы ұйқының да біраз мөлшері қысқарады. Біз айтып отырған мақсатқа будданың жаттығулары арқылы, басқа да іс­термен қол жеткізуіміз мүмкін. Бірақ Рамазанның бұдан да үлкен мәні бар. Ол – біздің құлшылығымыз. Алла Тағаланың «Ораза мен үшін» деп айт­қанын тереңнен түсініп, 11 ай бойы шөліміз қанып, 11 ай бойы тоқ жүргеніміз үшін бір айымызды құрбан етіп, оның жолында алғыс білдіруіміз. Ораза – дені сау адамдарға ғана па­рыз. Қант диабеті, асқазан жарасы секілді ашығудың тікелей зияны тиетін созылмалы ауруы бар адамдар ораза ұстаудан босатылады. Дені сау адамдар 11 ай бойы аман-есен жүріп, осы айға ауру-сырқаусыз жеткені үшін ораза тұту арқылы ғибадат жасайды. Сондықтан оразаның ең үлкен рухани мәні – бірінші кезекте мойнымыздағы мұсыл­мандық парызымызды өтеу, Алланың алдындағы шүкірімізді арт­тыру, ғибадат-құлшылық жасау. Оның арғы жағында біз Алланың ра­зы­лығын аламыз. Алла разы бол­ған­­нан кейін біздің күнәларамыз кеші­­ріледі. Күнәмізден арылған соң, мейі­рімін төгіп, уәде етілген жәннатқа кіргі­зеді.
– Жаңа сөз арасында тақуалық туралы бірнеше мәрте айтып өт­тіңіз. «Рамазан айының мақсаты – тақуалыққа жету» деген тәмсіл бар. Қазіргі таңертеңнен кешке дейін жұмысқа байланған, бала-шағаны асыраудың қамымен күй­бең тіршілікке салынған заманда ауыз бекітіп қана тақуалыққа же­ту мүмкін бе?
– Бағана тақуалықтың бір мағы­насын рухани дәреже десек, екінші мағынасы – сақтану, қорғану. Алла Тағаланың тыйым салған күнә, харам қылған істерінен бойын аулақ ұстаса, міне, осы – тақуалық. Асырып, үйіп-төгіп құлшылық-ғибадат жасамаса да, бірінші кезекте «Тыйыл!» деген нәрседен тыйылу қажет. Енді «Ол нәрселерге неге тыйым салды?» деген­ге келейік. Абдулла ибн Мас­ғұд деген сахаба: «Алла Тағала сендерге бір істі бұйырса, онда ол іс сендер үшін пайдалы екенін біліңдер. Егер бір істен тыйса, онда ол іс сендерге зиян екенін біліңдер» дейді. Мысалы, арақты не үшін харам етті? Ол сіздің ақыл-есіңізді кетіреді, адамдыққа жатпайтын іс-әрекеттер жасатқызады, зұлымдыққа апарады. Сол секілді, зинаны, яғни некесіз қарым-қатынасты отбасыларды бұза­тын болғандықтан, дүниеге адам өзінің ата-тегін, шежіресін білмей туы­латындықтан, тектердің бір-бірі­мен араласып, әртүрлі аурулар пай­да болатындықтан құптамады. Ал кей­бірінде адамның ақысы жатады. Пара алсаңыз, біреудің құқығын жей­сіз. Ұрлық жасасаңыз, біреудің жеке мүлкіне қол сұғасыз. Осы секілді толып жатқан жаман әдеттерден тыйы­лып жүрсеңіз, бұл – үлкен та­қуа­лық. Әбу Ханифаның тікелей көзін көрген, оның алдында отырып, аузынан шыққан әрбір дәрісін кітапқа түсірген Мұхаммед ибн Хасан деген шәкірті болған. Соған адамдар: «Тақуалық туралы кітап жазыңызшы» деп қолқа салады. Сонда ол кісі: «Мен сауда-саттық туралы кітап жаздым. Соны оқып, сонымен жүрген адам – тақуа» деп жауап береді. Сауда жасау барысында біреудің ақысын артық алмау, таразыдан жемеу, біреуге алдап зат сатпау деген сияқты күмәнді, арам жолмен дүние таппау да – тақуалық. Жаңағы айтқан «отбасыны асыраймын, пәтер ақысын төлеймін, несие жабамын» деген секілді күйбең тіршілікпен жүріп, аузына арам ас салмаса, рұқсат етілмеген немесе өзінің маңдай тері өтпеген бір жұтым су өңешінен өтпесе, міне, осы – тақуалық. Сәл қарны ашыңқырар, көнелеу көлік мінер, арзандау үйде тұрар, дүниенің қызығын аздау көрер, бірақ таза өзінің маңдай тері, адал еңбегімен жүрсе, тақуалықтың «көкесі» осы. Байқасаңыз, тақуалықпен өмір сүру деген – күніне парыздан бөлек жүз рәкағат нәпіл намаз оқу, он мыңдап салауат айтып, жүз мыңдап тәспі тарту емес. Тақуалық – ешкімнің ақысын жемеу, біреуге қиянат жасамау, айналасындағыларға тіл тигізбеу, адамды сыртынан ғайбаттамау, жала жаппау және тағы басқа. Ең бастысы, тыныш жүру. Әбузар деген сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ке­ліп: «Уа, Алланың елшісі, сен са­дақа бер дейсің. Сауабын айтып жатырсың. Бірақ менің садақа беретін жағдайым жоқ. Басқа баламасы бар ма?» дейді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Біреуге жақсы сөз айтсаң – садақа. Қиындықта жүрген адамды сөзбен демесең, ақыл-кеңесіңді бер­сең, жақсылық жасасаң, бәрі са­дақаға жатады» деп көзі көрмейтін адамды жолдан өткізіп жіберу, әлсіз адамдарға затын көтерісу, адас­қандарға жол сілтеу секілді бірқатар істі атап айтады. «Мұның бәрін жасай алмасам ше?» дейді Әбузар. Өмірде әртүрлі жағайлар бар, шыныменде, жасай алмауыңыз мүмкін. «Онда ешкімге зияныңды тигізбей жүрсең, оның өзі садақа. Сауабын аласың» дейді. Көрдіңіз бе, Ислам дінінде құлшылық жасау да, сіз айтып отырған тақуалыққа жету де өте оңай. Көп нәрсе жасауды, асырып істеуді талап етпейді. Тек қана «жамандықтан ты­йыл», біреуге зияныңды тигізбе» дейді. Тақуалықты осылай ұстанады. Рамазан айында тақуа болу басқа күндерге қарағанда әлдеқайда жеңіл.Себебі сіз бір жақсылық жасауға ниет етсеңіз – Алла Тағала осы айдың құр­метіне оны оңай етіп қояды. Әдет­те істей алмай жүрген сауапты нәрсенің жолдары жеңіл болады. Рамазан айының басты артықшылығы да осында.
– Дәке, ораза туралы сөз қозғағанда өзіңіз секілді маман­нан, діни басқарма өкілінен мына нәрсенің басын ашып сұрағым келеді. Соңғы кездері жас та, кәрі де «Ораза, намаз тоқтықта» де­ген сөзді жиі айтады…
– Сауалыңыздың төркінін түсін­дім. Мен бұл сөзді тәуелсіздіктің, тыныштықтың, бейбітшіліктің артық­шы­лықтарын көрсету үшін айтқан деп түсінемін. Қазір біз Рамазанға деп мешіттерді жуып-тазалап жатырмыз. Қариларымыз тарауих намазына дайын­далып жатыр. Осының бәрі ненің арқасында? Алла Тағала бізге осындай емін-еркін жүріп-тұратын тәуелсіз мемлекетте өмір сүруді, тыныштықты нәсіп еткендігінің арқа­сында. Қазір кейбір елдердегідей үстінен бомба түсіп, астынан мина жарылып, адамдар күнде үрей-қорқы­нышпен өмір сүріп жатса, онда олар ораза ұстамақ түгілі, бастарымен қайғы болып кетпей ме? «Ораза, намаз тоқтықта» деген сөз «осындай кеңшілік, тыныш заманда ғибадат-құлшылығыңды бүтіндеп ал» деген мағынада айтылған. Кезінде «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама», ашар­шылық, қуғын-сүргін секілді қа­зақтың басынан өтпеген нәубет жоқ. Ахун-ишандарды, молдаларды, дін қайраткерлерін қудалаған, атқан за­манда ораза ұстап, намаз оқымақ түгілі, «Құдай бар» деп айтуға, өздерін мұсылман деуге қорықты. Кезінде бір ағамыз туысының үйіне көңіл айтып барып, «Құлху Алланы» оқимын деп жиналысқа салынып, партиялық би­ле­тінен айрылып, қызметінен қуылған оқиғасын айтып бергені бар. «Ораза, намаз тоқтықта» деген сөз жаңа айтылған «несиемді зорға жауып, күнімді әзер көріп отырмын» дейтін дүниенің қиыншылығында жүрген адамдарға сылтау болмауы керек. Бұл жағдай хадисте де айтылады.Имам Муслимнің «Сахих» жинағында: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Фитнә замандар келмей тұрып, жақсы істерді істеп қалыңдар» деген хадисі бар. Өзіңіз білесіз, пандемия кезінде Меккені 2 жылға жауып тастады. Қажылық рұқсат етілмеді. Оған де­йін «әне барамын, міне барамын» деп жүрген адамдар қанша жерден дәулеті жетіп тұрса да, ол жаққа аттап баса алмай қалды. Мешітте жұма намазын оқи алмадық. Ал­ла бетін аулақ қылсын, сондай қиын заман келіп, ғибадат жасау мүм­кіндігі тоқтап қалмай тұрғанда біз құлшылығымызды қалдырмауымыз қа­жет. Сіз айтып отырған сөздің төр­кіні де осында жатыр.
– «Ораза ұстасаң, құлағың да, көзің де, тілің де ораза ұстасын!» дегенді тарқатып айттыңыз. Со­лай бола тұра «кейбір ораза ұста­­ғандардың тапқаны тек ашығу мен шөлдеу ғана болады» дейді…
– Имам Ғазали ораза ұстау­шы­ларды 3 топқа бөледі. Біріншісі – ас-ауқаттан ғана тыйылып, қалған кү­нә­ларды жасап жүре беретіндер. Олар­дың мойнынан парызы түседі. Ер­теңгі күні оларға: «Неге ораза тұт­падың?» деген сауал қойылмайды. Бірақ сауабын алмайды. Екіншісі – ішіп-жеуден ғана тыйылмайды, бүкіл дене мүшесі де ораза ұстайды. Яғни көзі де, тілі де, қол-аяғы да ораза болады. Бұл – бағанағы біз айтқан тақуа адамдардың оразасы. Үшіншісі – Аллаға жақын, әулие адам­дардың оразасы. Олар тамақтан да тыйылып, барлық дене мүшесімен ораза ұстайды және жүрегін, жан-дүниесін де тазартады. Мәселен, біреу туралы жаман сөз айтпағанымызбен, ол туралы жаман ойлауымыз мүмкін. Біреуге жамандық қылмағанымызбен, оны жек көруіміз, қызғануымыз мүмкін. Осы секілді нәрселерді іште ұстау адамның жан-дүниесінде арпа­лыс тудырады. Оразада осы ішкі жан-дүниесін қызғаныш, көреал­мау­шы­лық, жаман ой секілді әдет­терден тыйған адамдар жаңағы айт­қан үшінші топқа кіреді. Ол мүмкін емес деген сөз емес. Қайта оразаны солай ұстаған адамды «бұл заманның әулиесі» деп айтуға болады. Сол үшін оразада ішкі жан-дүниемізді де тазартуға күш са­луымыз қажет.
– Дастан Жанасұлы, енді Ра­мазан айының қоғамдық, әлеу­мет­тік жағынан сөз қозғасақ. Ора­за тек жалқы адамды емес, жалпы қоғамды неге тәрбиелейді?
– Рамазан айындағы ішіп-жеу­ден тыйылудың арғы жағына үңілсек, үлкен сабақ пен тағылым жатқанын көреміз. Ораза бізге шыдам­ды­лық­ты, сабырлылықты үйре­теді деп жа­тырмыз. Одан бөлек жана­шыр­лық, мейірімділік, бауыр­малдық, қам­қор­лық­ты үйретеді. Қарныңыз ашқан кезде, әлеуметтік жағдайы мүшкіл басқа адамдардың хәлін түсінесіз. Сіздің қалағаныңызды сатып алып жеуге мүмкіндігіңіз бар, бірақ жыл он екі ай бойы қарны ашып жүрген, кейде тамақ ішіп, кейде ішпейтін, бірде бар, бірде жоқ жарлы, мұқтаж адамдардың жағдайы сізге сабақ бола бастайды. Сөйтіп жанашырлық пайда болады. Соларға қамқор бола бастайсыз. Ондай адамдар біз­дің көршіміз, әріптесіміз, тіпті жа­қын туысымыз болуы мүмкін. Алла Тағала осы қасиетті айда өз­генің басындағы жағдайды біздің ба­сымыз­ға салу арқылы сезіндіреді. Сол кез­де адамдардың мейірімі ояна­ды. Ба­у­ыр­­мал болады. Бір сөзбен айт­­қанда, қоғамды татулыққа, бір-бі­ріне қа­рай­ласуға, жанашыр болуға тәр­бие­лейді.
– Рамазан айындағы ауыза­шар­дың да өзіндік ғибраты бар ғой…
– Әрине. Біз садақаны мешіттен гөрі, ағайын-туысқа берген абзалырақ, екі есе сауап деп неге айтамыз? Себебі ағайынның арасындағы тату­лық – Исламдағы ең маңызды ғиба­дат­тардың бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім өзінің ризық-несі­бе­сінің мол болғанын, өмір жасының ұзақ болғанын қаласа, онда ағайы­нымен байланысын, татулығын кү­шейтсін» деп айтады. Ауызашар да ағайын-туыс арасындағы татулықты арттырып, жарастықты дәріптейді. Әдетте бізде ағайын-туыстың басы өлім-жітімде, қайғының үстінде қо­сы­лып жатады. Сондай қайғылы жағ­­дайды күтпей-ақ бәрімізді бір дастарқанда қауыштыратын қуа­нышты себептің бірі, ол – әрине, ауы­зашар рәсімі. Оған келгендер ғиба­датын жасайды, ауызашар бер­ген кісі мол сауабын алады, ауыз ашқан кезде дұғалар қабыл болады. Бір ғана рәсімде адамдар рухани тұрғыдан ғана байымайды, ағайынды жарастыру, ауызбіршілікті арттыру секілді қоғамдық мәселелер де өз шешімін табады. Ауызашарда бір-бірін көптен көрмеген ағайын-туыс се­беп­пен кездесіп, қауқылдасып қа­лады. Қазақтың «бұлар мені шақыр­ды, мен де оларды шақыруым керек» деген қанға сіңген қасиеті және бар. «Жақсылыққа – жақсылық» деген түсі­нікпен бірі екіншісін міндетті түрде шақы­рады. Сіз бір айдың ішінде ағайын-туысыңызбен жеті немесе он рет бас қосуыңыз мүмкін. Бұл – қа­зіргі бізге жетпей жатқан туыстық қа­тынасты нығайтудың бірден-бір сауапты, ізгілікті жолы. Біз бағана сөз еткен тыйылудың астарында қоғам­дық тәртіп пен тыныштық жатыр. «Тау мен тасты су, адамзатты сөз бұзады» дейді. Бүгінде адам мен адамның, ағайын-туыстың арасын бұзып жатқан «пәленше сен туралы бүй депті» деген жел сөздер ғой. Осының барлығынан тыйылсақ, бә­рінің арасы жақсармай ма? Еш­кім­нің ар-намысы тапталмайды, сыртынан ғайбат-өсек айтылмайды, біреудің ақы­сы желінбейді. Міне, оразаның мақ­сат-мұраты орындалған кезде, қоғамда тыныштық орнайды. Біз іздеген бақытты, ізгі қоғам сол кезде қа­лыптасады. Алла Тағала: «Біз сен­дерге Құранды бақытты болу­ла­рың үшін түсірдік» дейді. Яғни Құран – жақсы өмірдің кепілдігі. Исламның қоғамдық бақытты қамтамасыз ететін дін екендігінің бір көрінісі осында. Бұл – бір ғана оразаның тәрбиесі. Ал оразаға қосып намаз оқыса, зекетін берсе, қажылығын өтесе, бес пары­зын бүтіндесе, ол кемел адам болмай ма? Қоғам түзелмей ме? Біз осы жа­ғына аса мән беруіміз керек.
– Жыл сайын қоғамда пітір­садақасы көп талқыланады. Оның мөлшері қалай бекітіледі? Жалпы, пітірсадақасы не үшін беріледі?
– Пітір садақасы – жан басына арналған садақа. Ол бір отбасының әрбір мүшесінің амандығы үшін бе­рі­леді. Алла Тағалаға «тағы бір Рамазанға басымды аман, денімді сау жеткіздің» деп беретін шүкіріміз. Көне кітаптарда оның мөлшері бидаймен есептеледі. Бірақ қазір ешкім үйінде диірменмен бидай тартып отырған жоқ қой. Бізде бидайдың баламасы – ұн. Сол себепті пітірдің мөлшерін екі келі ұнның орташа бағасы негі­зінде белгілейміз. Биыл пітір сада­қасы еліміз бойынша 655 теңге бо­лып бекітілді. Пітір садақасын тек жағ­дайы жеткендер ғана береді. Егер өзіңіз соған мұқтаж болып тұрсаңыз, көмек алушылардың санатына жа­та­­сыз. Сонда бірі беруші, бірі алу­шы болып қоғам екіге бөлінеді де, бір-біріне көмек қолын созады. Пі­тір кедейдің ақысы екендігін ұмыт­пауы­мыз керек. Шариғатта пітір сада­қа­сы айт намазының таңына дейін беріліп болсын дейді. Оның өзіндік хикметі бар. Ораза айт намазының сүннеті бойынша адамдар оразаны аман-есен өткеріп, ғибадатын толық атқарып, әдемі киімдерін киіп, хош иістерін сеуіп, айтқа жиналады. Айт – той, мейрам. Адамдар бір парызының орындалғанына, міндетінің өтелгеніне қуанып, мәз-мейрам болып мере­келейді. Осы уақытта кедей адамдар бір бұрышта қалып қоймасын, мере­­кені сезінбей қалмасын, бәрі қуа­нып жатқанда олар азық-тү­ліктің жоқ­тығынан мұңаймасын деп, 30 күн оразада жиналған пітір сада­қа­дан көмек көрсетіледі. Бұл олар да айт намазына ел қатарлы жүзі жар­­қырап шығуы үшін жасалады. Пітір­ді міндетті түрде мешітке берсін деген шарт жоқ. Қазіргі таңда мешіт жиналған пітірді бөлуші, таратушы, үйлестіруші органның қызметін ат­қа­рады. Мешітке бермесе, түрлі қай­ы­рымдылық қорларына немесе өзі­ңіз танитын мұқтаж адамдарға тікелей апарып беруге болады. Ол сіздің көршіңіз, жақын туысыңыз, тіпті жай ғана танысыңыз болуы мүм­кін. Әркімнің таңдауы өзінде. Тек мақ­сат орындалса болды. Осы тұста мы­на жағдайды ескеру керек. Бір отба­сын­да екі-ақ адам болуы мүмкін. 655 тең­геден есептесеңіз, екі адамға 1310 теңге пітір берілуі қажет. Ол сома­мен бір отбасын азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайсыз. Әрі кетсе, бір бөлке нан мен бір литр сүт түседі. Онымен біреу айт намазында қуанып шыға алмайды. Сондықтан оны ор­тақ қазанға салып, соның ішінен қо­мақ­­­т­ылау қылып үлестірген дұрыс. Мысалы, биыл Рамазан айының ал­ғашқы аптасында, яғни 7 наурыз күні Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масының 35 жылдық мерей­тойына орай, еліміз бойынша бір мезгілде 35 мың отбасыға бір айға жететін азық-түлік себеті тара­тылады. Біздің Қызылорда облы­сын­да соның мыңы беріледі. Бұл мешіт­­тегі ортақ қазанға жиналған сада­­қадан алынып тұр. Бұл жерде 1300 теңгеден жиналып, 1 300 000 немесе 13 миллионға жетуі мүмкін. Бір жерге жиналса, көп отбасын қам­туға мүмкіндік те мол. Ерекше атап өтерлігі, 655 теңге – пітірдің ең төменгі мөлшері. Бірақ кейбір адамдардың мүмкіндігі одан бірнеше есе жоғары болатыны жасырын емес. Оның адам басына 655 теңге емес, 6500, тіпті 65 000 теңге бере алатын жағдайы болуы әбден мүмкін. Әркім өзінің жеке басы, бала-шаға, отбасының амандығы және көріп отырған байлы­ғы, жүргізіп отырған кәсібі үшін Ал­­ла Тағалаға алғысын қаншаға баға­­­лайды, сонша пітір садақасын бе­руіне болады. Дәу­летті отбасылар пітірді өзінің жо­марттығына салып, белгіленген мөл­шерден артық бер­се, бір емес, бірнеше отбасын жарыл­қай алады. Мешітке әкелмей-ақ ағайын-туыстың ішіндегі тұрмысы төмен отбасыларға берсе, үлкен көмек жасайды. Болмаса, бір отбасының қарызын жауып берсе, ол айтты мәз болып қарсы алмай ма? Сондай-ақ бес-алты айлап, жылдап жиналып қалған қарапайым коммуналдық қызметке қарыз көп­балалы отбасылар бар. Соны төлеп берсе, ол отбасы қуанбағанда қай­теді? Пітірді бергенде бекітілген мөл­шерден асып кетпесін, одан асса, қабыл болмай қалады деген сөз жоқ. Түсіп кетпесін, бірақ аса берсін. Осылай-осылай адамдар бір-біріне қарайласса, араларында мейірім оян­бай ма?!
Бүкіл халықты қаралаудан аулақ­пын, дегенмен соңғы кездері әлеу­меттік желілерде біреудің байлығына қызғанышпен қарау, көре алмау, жаман пікірлер жазу деген секілді жа­ғымсыз тенденция етек алып ба­ра­ды. Егер солар байлығының бір бөлігін зекет, садақа қылып, пітірді артығымен беріп жүрсе, ондай бол­мас еді. Жұртқа қымбат көлігін, жүз мыңдаған доллар тұратын зәулім үйін, шетелде саяхаттап жүрген кезін көрсетіп, онсызда қолын жоқтық байлап, дымы құрып отырған, кімге налырын білмей жүрген адамдардың ашу-ызасын тудырып жатқандар көп. Шариғатта алтын, күміс ыдыстармен тамақ ішуге болмайтын тыйым бар. Ол күнә болып саналады. Біреулер ішуге тамақ таппай отырған кезде сенің табағыңа дейін алтын болса, сол адамның саған деген жек көрінішін тудырады. Өткенде бір блогер итіне қымбат әшекей алып тағып жатыр. Ал біреу баласын оқыта алмай отыр, біреудің басында баспана жоқ, біреу киімге мұқтаж, ет өнімін тұтына алмайды. Айта берсеңіз, мысал көп. Керісінше сол адамдар қолында барымен бөліссе, көмегін алған адамдар өмір бойы соның тілеуін тілеп өтеді.
– Дәке, жаңа Діни басқарманың мерейтойына орай біздің облыс­та мың отбасыға азық-түлік се­бе­ті таратылады деп атап өт­тіңіз. Осы қасиетті айда өңі­рі­міз­де тағы қандай шаралар ұйым­дас­тырылады?
– Рамазанда әуелі ақпараттық насихатқа баса мән береміз. Оразада мешітке жамағат көбірек келеді. Осыны пайдаланып, тағылымды әңгімелерді көп айтуға тырысамыз. 30 күнге жоспарланған уағызымыз бар. Ол жерде тек діни тақырып қозғалмайды, отансүйгіштік, татулық, ағайынның жарастығы, үлкенге құрмет, ата-ана­ны сыйлау деген секілді, әсіресе жас­тарға қатысты тақырыптар көп ай­тылады. Қайырымдылық ша­ра­ла­ры ай бойы жасалады. Мемле­кет басшысы жариялаған «Жұмыс­шы мамандықтар жылына» бай­­­­ланысты еңбек адамдарына ауы­­за­шар себеттерін таратамыз. Қарт­тар үйінде, мүгедектер үйінде ауы­зашар беру акциялары өтеді. Діни басқарма жариялаған «Ислам және отбасы құндылығы жылына» сәйкес, жаңадан отау құрған жас отбасыларға ауызашар дастарқаны жайылып, отбасындағы бірлік ту­ралы уағыз айтылып, семинар-тре­нингтер ұйымдастырылады. Оған бі­рінші кезекте соңғы бір-екі айда мешітте некесін қидырған отбасылар шақырылады. Биыл Рамазан айы Наурыз мерекесімен қатар келеді. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні елі­мізде он күн бойы тойланып, он­күндіктің әр күні белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналады. Осы бағытта да үлкен жұмыстар жасалып, аталған құндылықтарды наси­хаттай­­мыз. Жалпы, діни басқарманың ұс­­танымы – мешіттің ішімен ғана шек­телмей, қоғаммен етене араласу, Ис­лам дінінің өмірлік дін екенін, мұсылман болу деген сөз өмір сүру екенін, құлшылық дегеніміз үлкенді, ата-ананы сыйлау, айналаңа қарай­ласу, адал табыс табу екенін дәріптеу. Дін бөлек, діндарлар бөлек, халық бөлек болмайды, керісінше бірге екенін үйрету.
– Сұхбатыңызға үлкен рахмет! Алла күш-қуат берсін!

Әңгімелескен
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист

Биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады.
Қадір түні – наурыз айының 26-нан 27-не қараған түні.
Ораза айт мерекесі – 30 наурыз.
Пітір садақасы – жан басына 655 теңге.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: