Еншімізге егемендік тигелі сан тарапқа даңғыл жол ашылып, кем-кетіктің түгенделгені белгілі. Соның ішінде түрлі мүдделердің орайына сай түрленген қазақ даласындағы шайқастар жайы қайта қарауды қажет ететін олқылықтың бірі еді. Себебі көптеген оқиғаларда қақтығыстың өткен орны, соғыс нәтижесі, хронологиялық шеңбері, кейіпкерлердің нақтылы есім-сойы секілді сұрақтар ашық қалатын. Тәуелсіздік алған шақта ойы-мұратымызды бүкпесіз жеткізіп, шындықты ашық айтуға мүмкіндік туып, мұрағаттағы ақпарлар жарыққа шыққаны тағы бар. Міне, осындай артықшылықтар батырлар жолын зерттеуде жылдар бойы бөгет болған кедергілерді бір сәтте еңсерді. Тұлғалар мәліметі молайып, тың мағлұматтар аясы кеңіді. Жалағаш өңірінің баһадүрі Өмірқұл баласы Сәрке батыр туралы ақпар да соңғы уақытта көп жарияланған мәлімет қатарында. Отандық ғалымдар мен қаламгерлер ізденген халық қаһарманының өмір бедері уақыт өткен сайын жаңа қырынан ашылып, тың оқиғалармен толығып келеді.
17-18 ғасырлардағы Ұлт азаттық қозғалысы қолбасшыларының бірі болған Өмірқұлұлы Сәрке батырдың есімі қазаққа жақын таныс екені анық. Әкесі Өмірқұл кіші жүздің жетіруындағы табынның Есенбай аталығынан шыққан дәулетті бай болған екен. XVII ғасырдың 90-жылдарында қазіргі Ташкент қаласының төңірегінде жаз жайлауда отыратын Өмірқұл байға мыңғырған мал қоныпты деседі. Ел арасында Өмірқұл байдың жылқысының көптігі аңызға айналыпты. Шыршық өзені бойын мекендеген сәтінде өзеннің төменгі ағысындағы жұрт аяқ астынан өзен суы сарқылып қалса, Өмірқұл байдың малы суға құлаған екен деп түсінетін болған екен дейді.
Тіпті бір деректерде, Өмірқұл байдың сансыз жылқысынан Әз Тәуке ханның әскеріне ат әзірлейтін айтылады. Ол да оңай шаруа емесі анық. Жылқыны тай күнінен тасқа байлап, әбден езіп әскери әдіске, мініске үйреткен, кейін «бестісінде» ханның арнайы өкілдері арнайы таңба салып, сыннан өткенін сатып алып отырған көрінеді. Содан бір күні Өмірқұл бай хан ордасына бармаққа бекіп, даярлық жүргізіпті. Төрт түлік малдан кеңестегі билерге сыбаға даярлап, саба-саба қымызын жібереді екен. Ақырында Өмірқұл бай түрлі сияпат алып, Ордаға аттанады. Ордадағы Пір Мүсірәлі сый-сияпатты қабылдап, халыққа теңдей бөліп бергеннен кейін Өмірқұл байдың бұйымтайын сұрапты. Сонда Өмірқұл бай рызық-несібе беруші Аллаға разы екенін жеткізе, өзінен туған балалары малға ие болғанымен, қол бастайтын батыр ұлдың керектігін айтыпты. Сол сәтте Мүсірәлі әулие Аллаға сыйынып: «Сәркедей ұл берді, ел бастайтын, Қарқарадай қыз берді, көш бастайтын. Аллаға разы бол» деп бетін сипапты дейді. Сәлден кейін: «Алла қосса, келер жылдары балалы боларсың, ұлдың атын Сәрке, қыздың атын Қарқара атарсың. Алланың ризалығымен Сәркеге бересің» деп қолына «жасыл» туды ұстатыпты.
Аталған оқиғаны Шоңбай Жұбанұлының шежіресінде былай тарқатады:
– Өтеуден туған екен Өмірқұл бай,
Асулы ет қазанында, қайнаулы шай.
Қареке, Қалман менен Құлшық туып,
Сәркені үшеуінен көріпті жай.
Былайғы үш баласы момын болып,
Әркімдер бір билепті олжасындай.
Осыны Өмірқұл бай азар көріп,
Сопыны мазалаған барып қоймай.
Келеден бура, жылқыдан айғыр алып,
Тірілей дізіп барған бірін соймай,
Тілегің осы болса депті Пірі,
Қыз бердім қол бастайтын Қарқарадай.
Ұл бердім ел бастайтын Сәрке деген,
Кідірмей қайт депті енді мазамды алмай.
Сол Сәрке батыр болды жұртқа мәлім,
Талайдың кетірген ол суға салын.
Қалмақпен, Қоқан менен Қарақалпақ,
Күйзелтіп олжа етіп алған малын.
Қалмақпен қарсыласып неше жылдай,
Айдатып алған екен жан мен барын.
Әз-сопы Мүсірәлі бергеннен соң,
Дұшпанға тарттырыпты қайғы-зарын, – деп көркем бейнелепті.
Сол сапардан Өмірқұл бай көңілді оралып, әулие Мүсірәлі айтқандай, көп ұзамай әйелі қыз туып, қыздың атын Қарқара, онан соң ұл босанып, атын Сәрке атапты. Өмірқұл бай баласы Сәрке мен қызы Қарқараға қазақи тәрбие беріп, Бұхара мен Үргеніштен оқымысты кісілер алдырып оқытқан екен. Балалар да ақылды, зерек, оқымысты болып өседі.
Бай балаларды түрлі өнерге, дағдыға машықтандырып, баулиды. Тіпті қаз тұрып жүргеннен бастап ат арқасына айылдап таңып, ашамайға отырғызады. Уақыт өте екеуі де ат құлағында ойнайтын нағыз шабандоздар болыпты.
Күндердің-күнінде Өмірқұл бай Алаштың ең қадірменді ақсақал-қолбасшылары қарт Текей батыр мен Әз Тәуке ханның жасынан тәрбиешісі болған «Аталық» Бидас батырды қонаққа шақырған екен. Өмірқұл бай Текей мен Бидасты бірнеше күн аялдатып, қонақтарға ауыл балаларының өнер-білімдерін көрсетіп, көңіл сергітеді. Әсіресе, Текей, Бидас ақсақалдар Сәрке мен Қарқара қыздың өнер-білімдерін қызыға тамсаныпты. Екі баланың келешегіне үміт артып, артынша Ордадағы әскери мектепке алдырады.
Мұнда да атақты қолбасшылар соғыс айла-тәсілін үйретсе, ғылым, сопылық ілімнің қыр-сырын ұқтыратын оқымыстылар да дәріс беретін көрінеді. Мектеп қабырғасында тәлім алған Әбілқайыр, Абылай, Бөкенбай, Есет, Сәрке, Есенгелді, Бәйтен, Сәлтеке, Тайлақ, Майдан, Рысымбет, Қабай, Кеген, Жәнібек, Қожаберген, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай секілді қолбасшылар мол тәжірибе жинаған деседі. Бұл мектепті алғаш ұйымдастырушы әз Тәуке ханның тәрбиешісі, Бидас «Аталық» болатын.
Осылайша, мектепті бітіріп, сардар дәрежесін алған Сәрке мен Қарқара қыз соғыс өнерінің қыр-сырын толық меңгереді. Тіпті, кей деректерде Қарқара қыз талай шайқастарға қатысып, қол бастаған деген де ақпар бар. Қайсар қыз кейін өздерімен қыз алысатын Табын руынан шыққан жігітке ұзатылып, Барақ, Асау атты қазақ батырларын дүниеге әкелген.
Енді бірде Сәркеге еншілес «жасыл» туы туралы мына бір қызық ақпаратты саралаған жөн секілді. Жасынан ақылды болып бой жеткен Қарқара қыз 17-ге келгенде «Қарақойлы» табында Сатыпалды дейтін бай Өмірқұл байға кұда түсіп, Қарқараны алады. Онда Қарқара ұзатылар алды еркелікпен Мүсірәлі әулиенің Сәркеге арнап берген жасыл туын жасау ішіне салып өзімен алып кетеді.
Сәрке болса бұл жайдан хабарсыз жүре беріпті. Күн өткен сайын күші артқан бозбала қатарластарымен ойнаса, мертіктіретін қуатқа ие болған екен. Сондай сәттердің бірінде, мертіккен баланың шешесі баласына ара түсіп, Сәркеге:
– Босқа алысып, қағынғанша, ана Қарқараның жасауымен кеткен туыңды барып алмайсың ба?! – депті ашынып.
Содан мәселенің мән-жайына қаныққан Сәрке жасыл туды іздеп, Cыр елінен Ақтөбедегі апасы Қарқараның ауылына аттанады. Сағынысып табысқан бауырының шаңырағында біраз уақыт болып, кейіннен Қарқараға Сәрке Мүсірәлі әулие берген жасыл туды алып кетуге келгенін айтады. Сол сәтте әпкесі інісіне қасиетті туды табыстаған көрінеді.
Қазақ тарихындағы қаралы жыл саналатын «Ақтабан шұбырынды» кезеңін Сәрке батыр бастан-аяқ өткерді десе де болады. 1720-1730 жылдар шамасында қалмақ бектері Жоршын мен Тайшы бастаған 35 мыңдық қалмақ қолы шегінген қазақ қолын өкшелеп, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзендерінен өтіп, Қарақұмның «Ұлы құмындағы» жықпыл-жықпыл құмына таяйды.
Бұл жау қолын құмға енгізуді жоспарлаған Әбілқайыр ханның құрған тұзағы еді. Себебі «Ұлы құмда» еркін кескілесуге қолайсыз аймақ болғанымен құнды-тұғын. Тау болып үйілген құмдар қалмақтардың амалын құртып, мұндай жағдайды шайқасуға дайын емесін көрсетеді. Мұндай ахуалды тиімді пайдалнған Әбілқайыр хан кеңес жүргізе отырып пайдалы әдіс қолданады.
Сонда Әбілқайыр Сәрке батырмен оңашада баһадүрге қол астындағы кіші жүз жетіру қазақтарынан құралған жеті мың әскерімен тосқауылда қалуын бұйырады. Хан: «Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам, мен де жетермін» депті. Сонда Сәрке: «Хан, он екі күнің ұзақ қой, біздің жаназамызды шығарып кет» деп уәж айтыпты. Сол жерде Хан Әбілқайыр осы жердегі молдаға жеті мың адамның жаназасын тірілей шығартады.
Сәрке күрең жүзді, күрең көзді, күрең қызыл шашты, сом-сом денелі шырайлы жігіт болды. Қорқуды білмейтін, жеке-дара ер болатын. Әбілқайыр хан Табын Бөкенбай батыр мен Тама Есет батырды кеңесші ағалыққа даярлады. Елубасылар қара Кете Ұлтай мен Кегенді жүз адамымен, Қаратамыр Есенғұлды елу адамымен, Кішкене Шекті Киікбайды елу адамымен, Алтын Сәлтекені екі жүз адамымен, Табын Бәйтенді Сәрке батырдың жанпейіл қорғаушысы етіп қалдырады. Қалған әскерімен Әбілқайыр Арқадан ауып, Қарақұмның қойнына кірген, одан әрі Жаңадария, Сыр бойына еніп кеткен. Аралдың қолтық-қолтығындағы қазақ жұртының артынан ат шаптырып, кеудесінде жаны бар қазақ маған жетсін дейді. Нұрадағы Алтықұдық, Қыземшек, Бәйбіше тауының етегіне ту тігеді. Осы жерде отырып, әскер жиып қанды соғысқа дайындық жүргізеді.
өнекөз қарттардың айтуынша, Сәрке батыр өзі тосқауылда қалған “Шилі” деген жерде қалмақтың сілесін қатырып, қаша ұрысқа салған екен. Оларды құмға обықтырып, артынан орағыта тиіп, бірден көп әскер жұмсауға мүмкіндігі жоқ төбе-төбеге тығып, сілесін қатырыпты. Сонда барып Жоршын мен Тайшы көп әскерге жолықтық деп құмға кіріп, арандап қалғандарын бір-ақ сезеді. Ендігі амал ретінде қалмақтар әскерін Бұланты, Білеуті өзендеріне қарай бұруға қам жасапты. Сол сәтте Сәрке батырдың әскербасы батырлары қалмақтың алдын орап, еркін шегінуіне мүмкіндік бермей, дамылсыз он екі күн соғыс өткізеді. Қалмақ қана емес, қазақ әскерінің де қатары сиреп, он бес күн уақыт өтеді. Амалы құрыған қалмақтар бас-көзге қарамай тым-тырақай шегініп жүріпті. Бір кезде Жоршын мен Тайшы Бұланты өзенінің жағасындағы биік төбенің басынан майдан даласына қарап тұрып, азғантай қазақтың қалмаққа бөрідей тиіп жүргеніне таңдай қағады. Осылайша қазақ әскері Сәркенің қалмақ қолымен соғысқанына он жетінші күнге ауады. Кейін Бұланты өзеніндегі Сары Төбе «Сәркенің сары төбесі» аталып, ақ тас қойылған екен.
Шайқас кезінде Сәрке батыр соңғы шабуылға өтіп, қалмақтың қалың әскерін жайпай Сары төбенің басындағы қалмақ бектеріне беттепті. Жете жығылған Сәрке батырды Төбе басында тұрған Жоршынның қақ жүрегінен көк сүңгіні қадап үлгеріпті. Сол мезетте қамыстың артына жасырынған қалмақтың арнайы жасақ мергендері Сәркенің арқа тұсынан атып, өлтіреді. Осылайша тірісінде жауырыны жерге тимеген баһадүр жау атқан жебеден шайқас үстінде Қарақұмның «Сәрке Ақшиі» деген аймақта мерт болады. Батырдың денесі бастапқыда Қарақұмға уақытша қойылғанымен, кейіннен табын руының теке аталығынан шыққан Жүзжасар билер мүрдені қазіргі Қорқыт ата қорымына қайта жерлетіпті. Қазіргі таңда сол қорымда Сәрке батырмен бірге оның ұлы Ағайдар, немересі Байқадам мен шөбересі Сейіл батыр жерленген.
Орайы келгенде айта кетейік, Сәркенің немересі Байқадам батыр Мәскеу хандығына дейін беделі жүрген даңқты би әрі батыр болған. Ал Байқадамнан тараған Сейіл батыр мен Бұхарбай батырдың ерлігі мен азаттық жолындағы жойқын жорықтары жөнінде тарихи жазбалар көптеп кездеседі. Баһадүр қаһармандар туралы Жайық Есіркепұлының «Сәрке батыр», Мәдібай Байтөреевтың «Байқадам батыр», Жақсылық Адамбаев пен Раушанбек Смағұловтың «Киелі жерім – Ақсуым» атты тарихи кітаптарында толық баяндалып, кеңінен таныстырылған. Сондай-ақ Камал Бердаулетов, Ахат Жанаев, Арыстанбек Қонысұлының «Азаттық қозғалысы және Сәрке батыр», Майдан Түйімбетовтің «Табын Өмірқұл бай» тақырыбындағы мақалаларында қаһарманға қатысты жаңа мәліметтер ұшырасады.
Сонымен шайқастың он жетінші күн дегенде Әбілқайыр хан да әскерімен жеткен екен. Алайда Сәрке батырмен майданға кірген әскерден санаулы сарбаз ғана аман қалған екен. Әбілқайыр хан жетісімен батырға қарсы келуге батылы жетпей, ту сыртынан оқ атқан қалмақ атауын (Қалмаққырылған) жарға жығып, қынадай қырады. Осы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, айтулы жеңістерге жол ашады. Бұл ұрыс тарих беттерінде «Қалмаққырылған» шайқасы деген атаумен мәңгі қалды. Аталаған сұрапыл соғыс отыз алты күнге созылып, қазақтың толық жеңісімен аяқталған екен.
Бір қызық ақпарат, Сәрке баһадүр майданда ерлікпен қаза тапқан сәтте Қарқара апасы Сәркеге бата жасап, төркін жұртына кеуіл айта келеді. Сол сапарда Сәркенің Пір Мүсірәлі сыйлаған жасыл туын қайтып қалап алып қайтыпты.
Кейін аңыз-әңгімелерде Қарқараұлы Барақ батырдың «жасыл тулы» атануының сыры да осында екен. Осы тұрғыда Барақ батыр Сатыпалдыұлы «Барақ» дастанында мынадай жыр жолдарын айтады:
«Кіші жүздің ішінде
Табын дейді затымды.
Сатыпалды баласы
Барақ дейді атымды.
Шешемнің аты Қарқара
Жібермен жауға ақымды.
Алты Алашқа белгілі
Нағашым Сәрке батыр-ды, – деп өз жұрты мен нағашы әулетінің қадір-қасиеті мен күш-қарымын жеткізгені екен.
А.БЕК,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!