Адам бойындағы қасиет пен мінез-құлық жаратылыс атаулыдағы ең тылсым күш екені анық. Әсіресе, бойдағы күш-қуат, ой-сананың мүмкіндігі, таным кеңістігі шексіз құпия күйінде қалып, ғылым да тереңіне бойлай алмай отыр. Ал ескі заманның тәпсірінде мұндай күштің қозғауы, адамның өзін бағамдауы Жаратқанды танудан басталатыны анық айтылған емес пе? Кезінде Кеңестік солақай саясаттың ықпалы елдегі көзі ашық білімдіні де, діни сауатты ғұламаны да темір торға тоғытып, жобаға күш салды. Салдарынан іліммен әлемді танып, біліммен таным кеңейткен қаншама ишан-молда қатігез жүйенің құрбаны болды. Әрине, мұның барлығы әулиелілік, көріпкелдік қасиеттерге ескінің қалдығы ретінде қараған түсініктен екені даусыз. Алайда осындай тыйым салу мен тосқауылға қарамастан тұлғалардың мұрасы мен өмірдерегі бүгінге дейін есен-сау жетіп, Тәуелсіздікте жаңа буынмен қайта табысты.
Бір анығы, әулиелік қасиет қазақы танымға да, діни түсінікке де жат емес. Себебі пайғамбарлар мен әулиелер, сынықшы, емшілер адамзаттың жүріп өткен жолында жетерлік. Бұған киелі кітаптар мен аңыз-ертегілер дәлел бола алады. Ал тұла бойында ерекше тылсым, жұмбақ қасиет дарыған әулиелерге келер болсақ, қазақ қоғамы ондай тұлғаларға құрмет білдіріп, ерекше маңыз бергенін байқаймыз. Ислам дінінде де бұл ұғым кең қолданылады. «Әулие» сөзі арабша «уали», көпше түрінде «аулийа» – Алланың досы, Аллаға жақын тұрушы адам, Алланың қамқорлығындағы адам, Алланың мейірімі түскен адам деген маңына білдіреді. Содан болар, қазақ әулиенің тілегі қабыл болады деп мән қойған
Осы орайда қасиетті Құран Кәрімде әулие туралы бірнеше келтіре кетейік. Мәселен, Халифа Алтайдың аудармасында «Юныс» сүресінің 62 аятында: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды» (216 бет) деп, әулиенің Жаратқан Тәңірі алдында қаншалықты қадір-қасиетке ие екендігін Алла Тағала өзі ескертеді. Ал «Әли Ғымыран» сүресінің 169 аятында: «Алла жолында өлтірілгендерді өлі деп ойлама, әрине, олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі» (72 бет) десе, «Бақара» сүресінің 154 аятында: «Алла жолында өлтірілгендерді олар өлі демеңдер, олар тірі, бірақ, сендер сезіп біле алмайсыңдар» (24 бет) дейді.
Бұл аяттардан біз Алла жолында жүріп өлгендердің өлмейтіндігін білдік, оны бізге Жаратушының өзі ескертіп, олардың ризыққа бөленетіндігін, бірақ біздің оларды тірі екендігін білмейтіндігімізді айтады. Халық арасында аса беделге ие болған, халық жаппай зиярат ететін барлық әулиенің тарихына тоқталсақ, бәрінің тарихы бір жерде үндеседі, яғни бәрі де хақ дініміз Исламды өркендетуге өмірін қиған. Ал өмірін бір Алла жолына арнап дүниеден өткендерді Алла тағала: «Оларды өлді деп есептемеңдер, олар тірі, бірақ сендер біле алмайсыңдар, олар ризыққа бөленеді» деп ескерткендігі жоғарыда келтірілді. Сондықтан да халқымыздың әулиені зиярат етуі, құрметтеуі, қастерлеуінің бәрінің хақ Құранмен негізделген дәлелдері бар.
Мұның барлығын айтудағы себеп – әулиелік кие қонған ұлғаларды дұрыс тану. Мәселен, Қазақ арасындағы ислам дінін таратып, осы жолда өмірін сарп еткен Арыстан бап, Қожа Ахмет Иасауи, Масат ата, Укаша ата секілді арғы тегі хазірет пайғамбардан таралған әулилер ерекше ілтипатқа ие. Олардың тұқым-жұрағаттарын халық «Қожа» деген әлеуметтік сытыға жатқызып, «ақсүйек» деп ардақтап келеді. Осы орайды дінді тарату жолына күш салып, Бұхараны имандылыққа шақырып, діни сауат берген Ер Сейітпенбет қожаның әулиелік жолына үңіліп көрелік.
Ер Сейітпенбет қожа шамамен 18 ғасырда өмір сүріп, 19 ғасырдың басында өмірден өткен. Аталған мәлімет әулиемензамандас болған тұлғалардың өмір сүрген кезеңі мен аңыз әңгімелер негізінде нақытланған. Оған қоса мұрағаттардағы құжаттар да осы кезеңді меңзейді. Соның бірінде: «1803 жылы Орынбордың әскери-губернаторы кінәз Г.С.Волконскийдің тапсыруымен қазақтың үш жүзінің саны, мекені және баратын базары туралы Көбек Шүкірәліұлы мен Қазан татары Ғалы Шахмұратовтың берген мәлімдемесі бойынша: «Шөмекейдің Сөйін руының 4 бөлігінде 6 мың үй халқы бар керуендерді тонайды, Бұхараны базарлап, сауда-саттық етеді» деген. Ел басылары: Кетебай би, Қорен батыр, Айтілес би, Жәрімбет билер болған. Жәрімбет бидің беделі мен ықпалы аралас-құралас көшіп жүрген Кете мен Шөмекей руларында ерекше орын алған. Сол заманда бұл елдің Сейтбенбетқожа деген пірі болған» деп көрсетілген(Материалы по истории Каз.ССР (1785-1828г.г.) т.IV, М., Л., 1940, с.514).
Ер Сейітпенбет қожаның азан шақырып қойған есімі Сайдмұхаммад екен. Әулиенің ата-бабасы қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған өңірінде мекендеген. Өзі қазақ Қорасан ата атаған Абдул Жалилбабтың 34-інші ұрпағы. Қорасан атаның ұлы Хусайннан (Сұлтан Хусайн) тарайды. Жазба шежіреге сүйенсек,, Сейітпенбет жастайынан білімге құштар болып, 13-14 жас шамасында медресені тамамдайды. Заманында әулиенің әкесі Қожажан қожа шөмекейдің беделді адамдарымен бұрыннан етене таныс болса керек. Себебі рухани көсемдердің бәтуасына орай, Қожажан қожа кіші жүздің арасына жиі барып, дінді насихаттап тұрады екен. Бірде кіші жүз шөмекей руының ақсақалдары Қожажан қожаға сәлем бере келіпті. Қонақтар қайтарында Қожажан қожадан ер жетіп отырған екі ұлы – Заман мен Сайдмұхаммедтің бірін өздерімен бірге жіберуін өтінеді:
– Біздің елде, өзіңіз білесіз, діни сауаты бар дамулла жоқ. Балаңызды піріміздей сыйлайық. Мешіт ұстасын. Медресе ашайық, балаларымызға дәріс берсі, – деп қолқалайды. Аз-кем ойланған қожа:
– Әуелі Аллаға, сосын өздеріңе тапсырдым, – деп Сейітпенбетті шөмекейлерге қосып жіберген екен.
Ұстаздың еткен Сейітпенбет қожа Ырғыз, Торғай, Жыланшық, Қарақой, Ұлғаяқ, Жыңғылдыөзек, Жабысай өзендерінің бойын ен жайлаған кіші жүз – алшын ішіндегі қаракесектің шөменінен тараған қалың шөмекейдің балаларын оқытып, мешіт ұстайды. Бұл жерлер – бүгінгі Ақтөбе облысының шығысы, Қарағанды облысының батысы, Қостанай облысының түстігі, Қызылорда облысының терістігі. Осылайша арасында үлкен беделге ие болған қожа кейінірек қазіргі Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының аумағында қоныстанып, мұнда да мешіт басқарып, діни ілім таратуға мүмкіндік алған. Кейіннен әулие шаңырақ көтеріп, сол өңірде Мырза, Сұлтан, Әбдіжаппар, Батыр, Алмас, Міржан, Шоң атты балалары дүниеге келеді. Арагідік білім іздеп және қажылық парызын өтеу үшін Бұхара, Хиуа, Херат, Мекке, Медине, Шам секілді қалаларға сапарлайды. Алайда тұрақты мекені шөмекейден тарайтын алты Аспан мен бес Бозғұлдың ортасында болған екен.
Ел арасында Ер Сейітпенбет әулиенің кереметі туарлы аңыз көп. Ең көп таралғаны әулиенің 90 түйеге жүк боларлық сексеуілдің қызған отының үстінде отырып ара зікірін салғаны екені. Бірде ел арасында «Мен қожамын» деп елден нәріз жинайтын күмәнді сәлделілер ауыл-елде қаптап кетіпті. Қожа сыйлаған халық бір таба нанының жартысын «қожамыз» дегеннің бәрінің, әруақты сыйлап, қолына ұстатады екен. Сөйтіп жүргенде кіші жүздің ақсақалдары: «Нағыз қожа, шын әулие адам болса, бізге кереметін көрсетсін. Тоқсан түйеге жүк болатын сексеуіл томарын (отын) үйіп, өртейміз. Сол отқа қорықпай түскен адамды біз әулие деп білеміз» деп шарт қойыпты. Сонда өздерін «мен қожамын, әулиемін» деп жүргеннің біразы елден ғайып болған екен. Ал Сейітпенбет қожа әлгі шартты қабыл алып, әулиелігін көрсетіпті. Дәл осы оқиғадан соң халық әулиеге «Ер Сейітпенбет» деген атағын берген екен. Бұл оқиғаны академик-ғалым Серғали Толыбеков «Қазақ шежіресі» кітабында былайша тарқатқан екен: «…От бірден-ақ лаулап жанып, тез құлашталған жалын аспанға шығып жанып, бірте-бірте бәсеңдейді. Қоршап тұрған халықтың екі көзі әулиеде. Біртіндеп қызыл жалын саябырлап, сағымданып, жанып жатқан оттың ішінен Сейітпенбет қажы көрінеді. Қызыл шоқ сөніп, қарауыта берген кезде ол аса таяғы қолында: «Иә, бабам!» деп аман-есен шығады. Жұрт: «Иә, Құдайлап» шулап, қол қусырып, қожаның аяғына жығылып, әулиешілігіне, кереметіне тәнті болып, құрбандық шалып, Сейітпенбетті пір көтереді».
Тағы бір деректе қожа оттан аман шықққанда шапанының шалғайының бір ұшы ғана күйіп, сарғайып қалған екен. Мұның мәнісін сұрағандарға әулие: «Қыз бала нәрестені алдыма алып отырғанымда шалғайыма дәреті тиіп еді» деп жауап беріпті. Бұл Ер Сейітпенбет қожаның жаны да, киімі де пәк, мұнтаздай таза болғандығынан дерек бергендей көрінеді.
Аталған оқиға жергілікті ақын-жыраулардың жырларында да кездеседі. Мысалы атақты жырау Шораяқтың Омары өзінің толғауында:
«Кәрәмәтті кәмбіл пір,
Тебіренбей текке қалай тұр,
Жолыңа құрбан пендеміз.
Жақын жерден жат еттік,
Сейітпенбет атты азизді,
Тоқсан түйе томардан
Шарпылмай шыққан тәнамыз», – деп жырлайды.
Сейітпенбет қожаның «Ер Сейітпенбет» деп есімін алуы жайлы дерек көптеген дереккөзде расталған. Ел аузындағы әңгіме-аңыздар, жыр-дастандардан бөлек, С.Толыбеков, М.Мұқанұлы, А.Сейдімбек, Ш.Әбдісамат, Ш.Серікбайұлы, Х.Маданов, Ж.Әлқожаұлы, Ә.Қаба, Қ.Өтебайұлы, секілді ғалымдар мен қаламгерлер өз еңбектерінде мәліметті мақұлдағаны байқалады. Сондай-ақ Қарасақал Ерімбет, Қаратамыр Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Базар жырау, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары сияқты шайырлар Ер Сейітпенбет қожаның есімін жырларына қосқаны да сенім ұялатады.
Бұл туралы Базар жырау былай деп жырлайды:
Мына бір шолақ дүниеден,
«Әулие өлмес» дер едім.
Отқа салса, күймеген,
Залымдардың өмірі.
Бір шарпуы тимеген,
Арамды көңілі сүймеген.
Дін мұсылман баласын,
Кереметпен билеген.
Саһар тұрып жылаған,
Хақтан медет сұраған.
Ол ерлердің тағаты,
Құдайына ұнаған.
Бабай түкті Шашты Әзиз,
Ер Сейітпенбет, Мағзаман,
Марал ишан, Сопы Әзиз,
Солардан да өткен сұм дүние, – дейді. Әрине, бұл – әулиенің кереметі мен қасиетіне иланған, куә болған тұлғалардың лепес көңілі.
Сонымен қатар Сейтпенбет қожаның ғаламатын дәлелдейтін аңыз-әңгімелердің тағы бірі Қарақ тауының етегінде Ер Сейітпенбет қожа, Марал ишан мен Жәрімбет әулие үшеуінің кездесуінде баяндалады. Замандастар бас қосқанда Марал ишан: «Біздің мәңгілік мекеніміз қай жерде болар екен?» деген сауалды ортаға салған. Оның жауабын Сейітпенбет қожа айтыпты. «Мен шөлде қалармын. Алыс қиянда жатқандықтан артымнан іздеушілерім аз болар. Марал, сен көлде қаларсың, кейін көл тартылар, сенің басыңа тағзым етушілер көп болар. Жәрімбет, сен осы Қарақ тауында атыңның алдыңғы тұяғы тұрған жерде боларсың, бірақ Қарақ тауының атын иеленбессің» дейді. Кейіннен әулиенің айтқаны айдай кедіп, жорығаны дөп шығыпты.
Осы орайда үш тұлғаның тоғысқан дәуірін Сәпен Аңсатов «Жәрімбет әулие» еңбегінде былайша суреттейді: «Негізінен Жәрімбет әулие өмір сүрген он сегізінші ғасыр еді. Ол заманда қазақ халқы үшін тілі, еркі өзінде, діні ислам арқылы ауызбірлігі жарасқан, имандылығынан ажырамаған кезең болатын. Тілі мен діні өз еркінде болған халықтың рухы да биік. Ал рух – қамалың, қорғаның екені даусыз. Осы жағдайлар Ер Сейтпенбет қожа, Марал ишан, Жәрімбет әулие сияқты халықты діни сауаттандырған, ислам нұрымен нұрландырған, рухани демеушілері болған тұлғаларды қалыптастырған».
Сейітпенбет қожа қартайған шағында ауылы Қарақұмның арқа шетіне жақын Мұзбел деген биік белдің солтүстігіндегі Қоскүрең деп аталатын шалғынды қос табанға қонған сәтте дүние салыпты. Кейін жұрт бұл жерді «Қожа батпағы-Қос күрең» деп атап кеткен екен. Аңыздарда әулие көз жұмар алдында балалары мен мүридтеріне мынадай аңыз айтыпты дейді: «Менің мүрдемді өзімнің ақ нарыма артып, басын бос қоя беріңдер. Түйе қай жерге шөксе, сонда жерлеңдер» депті. «Айдалаға шөксе қайтеміз? Жалғыз мола боп қалмайсыз ба?» деп алаңдапты жақындары. Сонда қожа: «Оған бола абыржымаңдар. Қырық күннен кейін қасыма досым Көккөз батыр келеді» – деген екен. Көп ұзамай әулие дүниеден өтеді. Ел-жұрт аманатқа сай амал етіп, Ер Сейітпенбет қожаның денесін ақ нарға жүктейді. Нар түйе ен даланы кесіп өтіп, Сырдарияға таяйды. Сонда ел тағы бір кереметке куә болады. Дария қақ айырылып, түйе өзеннің табанынан өтіп, Қызылқұмды бетке алады. Ұшан-теңіз тақырды басып өтіп, «Бас Сарбұлақ» (арғы жағын «Аяқ Сарбұлақ» деп атайды) деген жерге жетіп шөгеді. Әулие сонда жерленеді. Өзі айтқандай, жерлеу рәсімі болған мерзімнен 40 күн өткенде Қызылқұмды мекен еткен батыр әрі ғұлама діндар, төлеңгіт руының көсемі Көккөз батыр көз жұмады. Батыр өлерінде өзін Ер Сейітпенбет қожаның қасына жерлеуін өсиет етеді. Туысқандары батырдың өсиетін орындапты. Жылдар өте келе Бас Сарбұлақтағы қос мола үлкен қорымға айналады.
Осылайша қазақтың дін жолындағы тұлғасы, адалдық пен танымын кірлетпей, дін үкімін халыққа насихаттаған Ер Сейітпенбет әулие осылай дүние салыпты. Осылай өзінен кейінгі кзеңді де болжай алған қожаның қасиеті көп аузында мәңгі айтылары сөзсіз. Қазіргі таңда Қызылқұм өңірінің үлкендері бата бергенде:
«Мәдинада – Мұхаммед.
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Ара шөлде – Ер Сейітпенбет,
Не керегін әзір ет», – деп әулие бабаны қосатынын байқймыз. Бұл да болса саналы ғұмырын халықтың діни сауатын ашуға жұмсаған ерек тұлғаға деген құрмат екені анық.
А.БЕК,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!