Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:01

Аламесекте тындырымды тірлік көп

12.08.2023

736

0

1900-ден астам халқы бар Аламесек ауылдық округінде былтырдың өзінде біршама жоба жүзеге асқан, ауыл мектебі күрделі жөндеуден өткен, кіреберіс көшесі тақтайдай тегіс, демеушілер есебінен ауылда жалпы құны 15 млн теңгені құрайтын 2 балалар ойын алаңы салынды. Бірнеше әкімнің тұсында халықтың талап-тілегіне арқау болған жолбойындағы апатты жағдайдағы көпір 139,3 млн теңгеге қайта салынды.

Биылғы жылы Аламесекте бір­ша­ма жоба жүзеге асқалы тұр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 1 млн 370 мың теңгеге Кеңесбек Әбі­­шев және Өмірбай шешен көше­леріне жарық орнатылады. Бұған дейін «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Қарабура-Ата-1» шаруа қо­­жа­лығы кіреберіс көшеге жарық жүргізіп берген, жоба құны 5 млн тең­­гені құрайды. Сондай-ақ жалпы құны 431 млн теңгені құрайтын ауыл­дық емхана құрылысы күні кеше басталды.
Шыны керек, ауылдағы ішкі көше­лердің бәрінің бүгінде тозығы жеткен. Бұған қатысты Есет батырда жол құрылысы қарқын алғалы тұр. Жол құры­лысынан бөлек ауылда ауыз су жүйесін кеңейту, электр желісін жаң­ғырту қолға алынады. Тізе берсек, ауылда алдағы жылы жүзеге асатын жарқын жобалар жетерлік. Бастысы, халықтың атқарылған істерге берер бағасы жоғары. Ауыл әкімі Дәулеткерей Тәжібаев 5 ішкі көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзір­ленгенін айтады. 545,8 млн теңгені құрайтын бұл жобалар қаржылай қолдау тапса, Есет батырдағы Т.Бей­сенбаев, Бөлебай би, Өмірбай шешен, Жаңа жарма және Сарман батыр көшелерінің сапасына мән беріледі. Бұл жобаларды дайындауға өңір қазы­насынан 3 млн теңге қаражат қаралған. Сонымен қатар Көкпая, Жаңа қоныс көшелерімен Сарман батыр, Т.Бисенбаев көшелерінің шеткі аумақатарына жоба-сметалық құ­жат­тары әзірленді.
Бүгінде ауылдағы электр жары­ғына қатысты мәселе де назарға алы­ныпты. Бұған қатысты 357 млн тең­генің жобасы дайын тұр. Қазіргі таңда бұл жоба республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылған. Ауыз су жүйесін кеңейтуге қатысты елдің талап-тілегіне арқау болған мәселе деоң шешімін таппақ. Биыл ауылдағы ауыз сумен жабдықтау желілерін кеңейтуге қатысты жоба дайын тұр. Оған 4,2 млн теңге қаралған.
Есет батырда жергілікті халық кәсіп ашуға ынталы. Қазірдің өзінде ауылда 113 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Соңғы екі жылда 11 ауыл тұр­ғыны қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, ауылда өз жобасын жүзеге асырған. Мұнан бөлек 14 аза­мат мем­лекеттік бағдарламалар шеңбе­рінде кәсіп бастапты. Бүгінге дейін Ала­ме­сектен 9 адам «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2,5 пайыздық үстемақымен несие алып, кәсіп бастау үшін құжаттар тапсырған.
Ауылда 33 шаруашылық егін егумен айналысады. Биыл олардың демеушілігімен елді мекенде біршама жоба жүзеге асқан. Есет батырдағы «Нағи» шаруа қожалығы 2021 жылы Өмірбай шешен көшесін абат­тан­дыруды қолға алыпты. Қазірдің өзін­де ол көше бойын қоршау жұ­мыс­тарын жүргізіп, бір балалар ой­ын алаңын салып берді. Басқа да жобаларын 2025 жылға дейін аяқ­тауды көздеп отыр. Ал «Қарабура-Ата-1» шаруа қожалығының кіребе­ріс көшеге жарық орнатқанын жо­­­ға­­рыда айттық. «Көктөбе» шаруа қо­­жалығы ауылдағы кеңсенің ескі ғимараты аумағын абаттандыруды қолға алыпты. «Жаңаарық» шаруа қожалығы кіреберіс көшенің қос бетін абаттандыруға кіріскен. «Ал Ибраев Б» шаруа қожалығы ауылдын Көкпая көшесі аумағына абаттандыру жұ­мыс­тарын жүргізуде.
Елді мекенде биыл тұрғындардың бақша салуына 50 гектар жер ашы­­лып, тұрғындарға бөлініп бе­ріл­ген. Бүгінде жоспар жүз пайызға орын­далып, онда 68 отбасы бақша да­қыл­дарын егіпті. Жалпы, ауылда тын­дырымды тірлік көп, мұның бәрін біз жергілікті биліктің қолдауымен және халықтың ауызбіршілігімен бай­ланыстыруға болады.

Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: