1900-ден астам халқы бар Аламесек ауылдық округінде былтырдың өзінде біршама жоба жүзеге асқан, ауыл мектебі күрделі жөндеуден өткен, кіреберіс көшесі тақтайдай тегіс, демеушілер есебінен ауылда жалпы құны 15 млн теңгені құрайтын 2 балалар ойын алаңы салынды. Бірнеше әкімнің тұсында халықтың талап-тілегіне арқау болған жолбойындағы апатты жағдайдағы көпір 139,3 млн теңгеге қайта салынды.
Биылғы жылы Аламесекте біршама жоба жүзеге асқалы тұр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 1 млн 370 мың теңгеге Кеңесбек Әбішев және Өмірбай шешен көшелеріне жарық орнатылады. Бұған дейін «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Қарабура-Ата-1» шаруа қожалығы кіреберіс көшеге жарық жүргізіп берген, жоба құны 5 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ жалпы құны 431 млн теңгені құрайтын ауылдық емхана құрылысы күні кеше басталды.
Шыны керек, ауылдағы ішкі көшелердің бәрінің бүгінде тозығы жеткен. Бұған қатысты Есет батырда жол құрылысы қарқын алғалы тұр. Жол құрылысынан бөлек ауылда ауыз су жүйесін кеңейту, электр желісін жаңғырту қолға алынады. Тізе берсек, ауылда алдағы жылы жүзеге асатын жарқын жобалар жетерлік. Бастысы, халықтың атқарылған істерге берер бағасы жоғары. Ауыл әкімі Дәулеткерей Тәжібаев 5 ішкі көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленгенін айтады. 545,8 млн теңгені құрайтын бұл жобалар қаржылай қолдау тапса, Есет батырдағы Т.Бейсенбаев, Бөлебай би, Өмірбай шешен, Жаңа жарма және Сарман батыр көшелерінің сапасына мән беріледі. Бұл жобаларды дайындауға өңір қазынасынан 3 млн теңге қаражат қаралған. Сонымен қатар Көкпая, Жаңа қоныс көшелерімен Сарман батыр, Т.Бисенбаев көшелерінің шеткі аумақатарына жоба-сметалық құжаттары әзірленді.
Бүгінде ауылдағы электр жарығына қатысты мәселе де назарға алыныпты. Бұған қатысты 357 млн теңгенің жобасы дайын тұр. Қазіргі таңда бұл жоба республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылған. Ауыз су жүйесін кеңейтуге қатысты елдің талап-тілегіне арқау болған мәселе деоң шешімін таппақ. Биыл ауылдағы ауыз сумен жабдықтау желілерін кеңейтуге қатысты жоба дайын тұр. Оған 4,2 млн теңге қаралған.
Есет батырда жергілікті халық кәсіп ашуға ынталы. Қазірдің өзінде ауылда 113 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Соңғы екі жылда 11 ауыл тұрғыны қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, ауылда өз жобасын жүзеге асырған. Мұнан бөлек 14 азамат мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіп бастапты. Бүгінге дейін Аламесектен 9 адам «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2,5 пайыздық үстемақымен несие алып, кәсіп бастау үшін құжаттар тапсырған.
Ауылда 33 шаруашылық егін егумен айналысады. Биыл олардың демеушілігімен елді мекенде біршама жоба жүзеге асқан. Есет батырдағы «Нағи» шаруа қожалығы 2021 жылы Өмірбай шешен көшесін абаттандыруды қолға алыпты. Қазірдің өзінде ол көше бойын қоршау жұмыстарын жүргізіп, бір балалар ойын алаңын салып берді. Басқа да жобаларын 2025 жылға дейін аяқтауды көздеп отыр. Ал «Қарабура-Ата-1» шаруа қожалығының кіреберіс көшеге жарық орнатқанын жоғарыда айттық. «Көктөбе» шаруа қожалығы ауылдағы кеңсенің ескі ғимараты аумағын абаттандыруды қолға алыпты. «Жаңаарық» шаруа қожалығы кіреберіс көшенің қос бетін абаттандыруға кіріскен. «Ал Ибраев Б» шаруа қожалығы ауылдын Көкпая көшесі аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Елді мекенде биыл тұрғындардың бақша салуына 50 гектар жер ашылып, тұрғындарға бөлініп берілген. Бүгінде жоспар жүз пайызға орындалып, онда 68 отбасы бақша дақылдарын егіпті. Жалпы, ауылда тындырымды тірлік көп, мұның бәрін біз жергілікті биліктің қолдауымен және халықтың ауызбіршілігімен байланыстыруға болады.
Жандос Махмұтұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!