Тазалықты жанына серік еткен аудан тұрғындары кешегі сенбіде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың екі айлығына сәйкес сенбілік шарасына белсене араласты. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Соның ішінде қаланың кіреберіс аймағын, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлесін қосты.
Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің көзге көрінетін маңызды көрсеткіші. Тазалық – адамның денсаулығы, өң-түсінің сүйкімділігі, өмір жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадыр-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы деген сөз. Халқымыздың «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» деген асыл сөзі бар. Расында бала ол міндетті түрде ата-анаға қарап, еліктеп өседі. Әрбір ата-ана ұл-қыздарының өздеріне қарап тәрбие алатынын естен шығармағаны жөн. Кез келген адам тазалықты өз бойынан көрініс табатындай етсе, өзін таза ұстай білсе, өзге адамдарға да сол тазалығын көрсете алатыны сөзсіз.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау, оның көрініс беруіне үлес қосу әрбір азаматтың борышы десек те болады. Қазақ халқы бірінші байлық денсаулық деп денсаулықты күтуге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы да тазалыққа қатысты екенін «тазалық – денсаулық кепілі» деген бір ауыз сөзбен көрсеткен. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек. Иманыңның жартысы болған тазалықты сақтау өз аулаңнан, өзіңнен басталады. Ауладағы қоқыстарды шығару, қоқысты көшеге тастамау, керек емес шөптерден ауланы тазарту сынды жеңіл жұмыстардың өзі ең алдымен табиғатқа, кейін ауданның көркеюіне қосқан бір үлес. Көшедегі бей-берекет жататын қоқыстар сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын көп жағдайда байқай бермейміз. Сондықтан айналамызды тазартып, абаттандырумен айналысқан абзал.
– Қай кезде болсын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау адамдықтың басты қасиеті екені белгілі. Туған жердің тазалығы баршамызға ортақ екенін ұмытпайық. Жалпы өзің тұрып жатқан жердің тазалығына үлес қосу – туған жерге деген қамқорлықтың бір белгісі. Сенбілікке мекеме қызметкерлерімен бір кісідей атсалысып, Темірбек Жүргенов атындағы көшеде тазалық жұмыстарын жүргіздік. Сенбіліктер тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Ауданымыздың көркеюіне бірге атсалысайық, – дейді аудан тұрғыны Еркебұлан Жұмабек.
Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысты. Әрбір ұжым, мекеме қызметкерлері өздеріне бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Сенбілік жұмыстарына кент және ауылдық округтер белсенділік танытты. Сол күні талдарды әктеу, жаяу жүргіншілер жолдары, саябақтардың іші мен мекемелердің айналасы қоқыстан арылды. Сенбілік барысында тазалық жұмыстарымен аудан әкімі Асқарбек Есжанов танысты және аймақтар бойынша жауаптылар тазалықпен қатар көше тұрғындарына, жалпы халыққа тұрғын үй маңында көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау керек екенін, туған жердің таза болуын тек сенбі күні ғана емес, үздіксіз бақылап, тазалық сақтаудағы мәдениеттілікті арттыру қажеттігін атап өтті.
Расында ауданның көркеюі мен тазалығында дәл осындай сенбіліктердің алатын орны ерекше. Сенбіліктер арқылы көшеде өсіп тұрған тал діңгегі әктеліп, артық шөптерден тазартып, тазалық сақтауға бір адамдай барлық аудан тұрғыны ат салысуының арқасында ауданымыз таза қалпын сақтауда. Бұл шара арқылы тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және көшелердегі тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аудартуға, санитарлық жағдайын жақсартуға болады.
Табиғат – ол біздің ортақ байлығымыз. Табиғаттың таза болуы, оның әдемі көрініске енуі біздің әрқайсымыздың үйімізден, көшемізден басталады. Сондықтан әр қайсысымыз бір адамдай аудан тазалығын сақтауға үлес қосайық.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!