Аудан спортында сала ардагері Мақсат Қарақұловтың өзіндік қолтаңбасы барын Жалағаш жұрты жақсы біледі. Өмірінің соңына дейін салаға саналы ғұмырын сарп еткен ардагер спортшының өзі де талай додада топ жарды, шәкірттері ізін басып, байрақты бәсекелерде көк туымызды биіктен желбіретті. Бүгінде аудан спорты алға басса, онда Мақсаттай ағамыздың өзіндік қолтаңбасы жатқанын ешкім жоққа шығара қоймас.
Өткен аптада ардагер ұстазды еске алуға арналған аудандық ашық біріншілік өтті. 150-ге жуық спортшы бақ сынаған дүбірлі дода өткен жылдан бері қолға алынған болатын. Дәстүрлі ашық біріншіліктің биылғы кезеңінде 12 команда президенттік көпсайыс спортының 4 түрі бойынша жүлделерді сарапқа салды.
Ашық біріншіліктің ашылу салтанатында аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Жамалатов шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі шараның өзіндік маңызы бар, спорттан хабары бар аудан халқына Мақсат Қарақұлов деген есім етене таныс. Ардагеріміздің салаға сіңірген еңбегі ұшантеңіз. Сондықтан бұл тек спорттық қана емес, тағылымды шара деп есептеймін. Былтыр қолға алынған ашық біріншіліктің дәстүрлі шараға айналып, биыл да аяқсыз қалмағаны көңіл қуантады. Ортамызда өзі болмаса да, ағамыздан тәлім алып, тәжірибе шыңдаған спортшылар жетерлік. Олардың алды бүгінде ардагер спортшылардың ізін басты десем қате болмас. Былтыр да тартысты доданың куәсі болғанбыз, биыл да қатысушылар шараның көркін қыздыруда қарап қалмайды деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік, кіл мықтылар оза шапсын, – деді Еркебұлан Жамалатов.
Жарыста ер азаматтармен қатар нәзікжандылар да жүлделі орындарды сарапқа салуда қарап қалмады. Алдымен ерлер 100 метр, қыздар 60 метр қысқа қашықтыққа жүгірді. Мұнан кейін граната лақтыру, бір орында тұрып ұзаққа секіруден сынға түсті. Соңында ерлер 2, әйелдер 1 шақырымға жүгіріп, жүлделі орындарға кім лайық екенін анықтады.
Иә, Ерекең айтқандай, жарыс тартысқа толы болды. Тіпті кейбір спорт түрінен рекорд жаңартқандар да табылды. Мәселен, ерлер арасында граната лақтырудан Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны Нұржан Іскендір рекорд жаңартқан. Мамандар гранатаны дәл мұндай ұзаққа лақтыру байрақты бәсекелерде де тіркелмегенін айтады.
Жарыс болған соң бірінің бабы мен бағы қатар шабады, енді бірінің әттеген-ай дейтін кезі тағы бар. Тартысты додада командалық есеп бойынша І орынды Таң ауылының спортшылары жеңіп алды. Ал мұнан кейінгі орынға Дәуімбай елді мекеніндегі З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп спортшылары жайғасса, үздік үштікті қаракеткендіктер түйіндеді.
– Сайыс өте тартысты өтті, біз бұл доданың маңыздылығын жақсы білеміз, сондықтан сайыста қарап қалмадық, ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Өзім граната лақтырудан көш бастасам да командамдағы кейбір сәтсіздіктер салдарынан жүлделі орындарға іліне алмадық. Алдағы уақытта қателіктердің алдын алып, олқылықтың орнын толтырамыз деген ойдамын, командаластарыма ешқандай өкпе жоқ, олар барын салды, жүлдеге деген талпынысы жарыс барысында айқын көрінді. Бұл жай ғана сәтсіздік деп ойлаймын, алдағы уақытта дайындыққа басымдық беріп, жүлделі орындардан көрінуге жұмыс жасаймыз, – дейді Нұржан Іскендір.
Айта кетейік, бірінші орыннан көрінген Таң ауылының спортшыларына 50 мың теңге сыйақы мен арнайы диплом табыс етілді. Ал білім ошағының спортшылары 30 мың теңгеге ие болса, Қаракеткеннен келген қатысушыларға 20 мың теңге бұйырды. Мұнан бөлек спорт саласының ардагері Мақсат Қарақұловтың шәкірті Жанқожа Қалиев «Ең жүйрік спортшы» деген арнайы жүлде тағайындаған болатын. Оған жарыста шапшаң қимылымен көзге түскен Асқар Қайратұлы лайық деп танылды.
Былтыр да жоғары деңгейде ұйымдастырылған ашық біріншіліктің биыл жалғасын тапқаны қуантады. Ардагер спортшының ұрпақтары келер жылы да шараның жалғасын табатынын айтып, спортшылардың көңілін бір демдеді. Тіпті олар алдағы жылы Мақсат Қарақұлов атындағы ашық біріншілікті облыстық деңгейде өткізуге бел буып отыр.
Кенжетай БАЛТАБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!