Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 22 қараша, 07:36

Өнертапқыш Фархад

26.09.2023

786

0

Ғылым-білім дамып, өркениет өрлеп тұрған заманда білімді, білгір ұрпақ қалыптасуы заңдылық. Егемен еліміздің ертеңі, кемел келешегіміздің кепілі болған жастар жаңашылдық пен ғылымға әуес. Еліміздің әр өңірінде талантымен талайды тамсандырып, білімімен көзге түсіп жүрген жастар да жоқ емес. Осы тұста жыл сайын оқушылардың өнертапқыштық пен шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауы ұйымдастырылып тұрады. Биыл да аталған байқау жалғасын тауып, аудандық кезеңі өтті. Оған ауданға қарасты білім ошақтарынан 10-нан аса оқушы қатысып, бақ сынады.

Сайыстың басты мақсаты – техни­ка­лық мамандықтардың әлеуетін арт­тыру. Бұл сайыста оқушының білімі де, ойлау қабілеті де сынға түседі. Бай­қауға қатысушы оқушылардың бі­реуі ар­хитектураға қызығып, түрлі макет жа­саса, енді бірі работотехника сала­сын таңдаған.
Байқауға қатысушылардың бірі – Фархад Мұратбек. Ол – аудандағы Ше­кер Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің 7 сынып оқушысы. Мек­теп оқушысы өз жобасын 1 ай­дан ас­там уақыт бойы дайындаған. Ол бай­қау ба­рысында «Су көлігі сала­сын­дағы тех­никаларды құрастыру» номинациясы бойынша І орынды иеленді. Жас өнер­тапқыш облыстық байқауда аудан аты­нан қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп, республикалық байқауға жолдама алды. Қуанышты хабарды ести сала әріптесім екеуміз қоғам қайреткері атын­дағы мектепке бет алып, ұлағатты ұстаз бен талантты жаспен тілдесуді жөн көрдік. Мектепке кіргеннен көздің жауын алар көркем қолөнерлер кө­зімізге оттай басылды. Ғалымжан Сейт­жановтың шәкірттерімен бірлесе жасаған жұмыстары бір бөлмені бү­тіндеп тұр.
– Мен бұл кеменің ерекшеліктерін ғаламтор желісінен байқап, жетекшім Ғалымжан Сейтжанов ағайдың нұсқау­лығы­мен жасадым. Бұл кеме 2014 жылы Фран­цияда «EURONAVAL 24» атты көр­меде прототипі таныстырылған. Бұл кеме ТРИМАРАН 4000 XWIND стелс стилінде жасалды. Ұзындығы – 130-140 метр, ал ені 40 метрге жуық. Бұл кемені Француздар 2030 жылы құ­растырып шығаруды жоспарлап отыр.
Бұл кеменің ерекшелігі ол басқа кемелердің радарына көрінбейді және жаңа үлгідегі радиоэлектрлік станция жүйесі қойылады деп жоспар­лануда. Бұл жүйе кемеге радио­электрлік шабуылға қарсы тұра алады.
Қару есебінде жаңа үлгідегі лазерлік қондырғылар орналастырылған және кемеде екі басқарушысыз тікұшақ бар. Бұл аппараттар теңізде, мұхитта жүргенде оларды аспанға ұшырып, жан-жақтарына барлау жұмыстарын жүргізе алады. Бұл кеменің тағы бір ерекшелігі, оның тұмсығында. Ол теңізде қатты толқындар болған жағдайда толқынды кесіп өтіп, кеменің жылдамдығына әсер етпейді. Сондай-ақ басқа кемелерге қа­рағанда толқында өзін жақсы ұстайды. Алға қарай жүріп, оңға, солға бұрыла алады. Бұл кемені өз елі­мізде құрастырып шығаратын болсақ, Қазақстан Республикасының әскери теңіз флотына шекарамызды қорғауда аса көп көмегін тигізер еді, – дейді жас өнертапқыш.
Мектеп мақтанышы Фархадтың әс­кери кемелерге деген қызығушылығы жоғары. Ол өзінің қызығушылығының ар­қасында осы кемені жасауды қолға алғанын, болашақта әскери маман бол­ғысы келетінін жеткізді.
Фархадтың жетекшісі Ғалымжан Сейт­жанов – 27 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз, білікті маман. Шәкірт­терін шыңдауда шар­ша­майтын қолөнер шеберінің оқушы­ларымен жеткен же­тістіктері жетерлік. Бүгінге дейін ол бірнеше оқушыны үлкен сайыстарға дайындап, респуб­ликалық жарыстардан да жүлдемен оралған. Мәселен, өнер­тапқыш шә­кірт­терінің бірі Тамерлан Ал­дам­жаров «Алтын қазына» көркем және сән­дік-қолданбалы балалар шы­ғармашылығының республикалық бай­­қауының аудандық, облыстық кезең­дерінен І орын иеленіп, республикалық байқаудан арнайы сертификат жеңіп алған.
Айта кетейік, бұл Тамерланның алғашқы жеңісі емес. Ол ұстазы Ғалымжан Абатұлымен бірге 2017 жылдан бастап түрлі байқауларда бақ сынап келеді. Дәл осы сайыстың облыстық байқауында шәкірті Ахат Нұртөре ағаш, сүйек, тері бұйымдары номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленген. Білікті маман 2017 жылдан бастап «Ұлы өнертапқыштыққа ал­ғашқы қадам» атты инновациялық идеялар байқауына оқушыларын қа­тыс­тырып, нәтижесінде толағай та­быстарға жетіп жүр.
Бүгінге дейін Ғалымжан Сейт­жановтың жас өнертапқыштармен бірге авиация саласындағы жоба­лар, кос­моновтика және аэракосмос тех­­никасы, автокөліктің қолда­ныс­тағы модельдерін әзірлеу, су көлік саласындағы техни­каларды құ­рас­тыру тақырыптары ая­сында бір­лесе жа­саған жұмыстары қазы­лар алқа­сының көңілінен шығып, мара­пат тө­рінен көрінген. Соның бірі – жоға­ры­да айтып өткеніміздей, Фар­хад­тың респуб­ли­ка­лық байқауға жолдама алуы.
Талантты жастың жетекшісі Ғалым­жан Сейтжановтың оқушысының әлі талай жетістікке жететініне сенімі мол.
– ХХІ ғасыр – білім мен біліктіліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына қарай бейімделу арқылы ғана қабілетін арттыра алады. Сондай-ақ «Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында айтқан болатын. Заман өзгерістерінен тыс қалмай, өзінің жаңа технологиялық жетістіктерімен ғаламды мойындату – бүгінгі жас ұрпақтың үлесіне тиген үлкен мүмкіндік. Осы орайда келешегін ғылыммен бай­ланыстыратын жас шәкірттердің еңбегін көпшілікке жиі таныстырып, мүмкіндік болып жатса, өзге өңірлерге тәжірибе алмасуға жіберіп тұрсақ деген ниеттеміз. Ра­сында ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің, жаңа технологияның дәуірі. Осы тұста жастардың ақыл-ойы мен күш-жігерін өнертапқыштық са­лаға икемдеп, технологияны жетік меңге­руіне жүйелі түрде жұмыс жасап келеміз, – дейді, жетекшісі Ғалымжан Абатұлы.
Әрбір шәкіртті тәрбиелеуде білім мен өнерді ұштастырып, шәкір­тінің дарынын дамытып, қолдау көрсе­тіп жүрген Ғалымжан ұстаздың ең­бегі ерен. ҚР Білім және Ғылым ми­нис­трінің «Құрмет» гра­мо­­тасымен мара­патталған білікті ма­манның шәкірттері талай байқауларда топ жарып, аудан намысын қорғайтыны анық.

Ақтоты Ержанқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: