Спортсүйер қауымның делебесін қоздырған XIX Азия ойындары да тарих қойнауына енді. Жарты ай бойы сары құрлықтың 45 елінен келген 12,5 мың спортшы өзара мықтыны анықтады. Ал еліміздің атынан 30 спорт түрінен 524 қазақстандық сынға түсті.
Иә, биылғы Қазақстан құрамасының нәтижесі ойдағыдай болмады. 2018 жылы Индонезия астанасы Жакартада өткен байрақты бәсекеде 15 алтын мен жалпыкомандалық есепте 9 орынды иеленгенде, бұл нәтижеге көңіліміздің толмайтынын жеткізген болатынбыз. Бұл жолы тіпті ондыққа да кіре алмадық. Нақтырақ айтсақ, 10 алтын, 22 күміс және 48 қола медальмен ұлттық құрама жалпы есепте 11 орынға тұрақтады.
Жексенбіде Лотус гүлі деп аталатын 80 мыңдық алып стадионда Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті. Әдеттегідей Қытай тарапы ежелгі дәстүр мен жаңа технологияларды ұштастырып, өте жоғары деңгейде құрлық олимпиадасын сәтті аяқтады. Келесі ойындардың қожайыны Жапонияның Нагоя қаласына эстафета беріліп, азиада алауы мәреге жетті.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан үшін бұл Азия ойындарының нәтижесі күткендей болмады. Дегенмен жарқын эмоция сыйлаған сәттер де, жеңіліске құлазыған кездер де болды. Спортсүйер қауым 15 күн бойы спортшылардың жеңіс үшін таласын тамашалап, мықты бәсекеге қарық болды. Асланбектің ширек финалдағы төрешілердің әділетсіздігіне қарамастан қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберіп, жеңісті жұлып алғаны әлі де көз алдымызда. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, боксшыларымыздың осы төреліктің тура болмағаны кесірінен жарыс жолынан шығып қалғаны жанкүйерлерді қынжылтты. Венокуров салған ізбен велоспортшыларымыз қос алтынды қанжығасына басты. Әсіресе Алексей Луценко мен Евгений Федоровтың көпшілік топтан қара үзіп, қол ұстасып мәреге бірдей келгені ел рухын көтерді. Сол сәтте Алексейдің ізеттілікпен Евгенийге жол беріп, інісіне алтын сыйлауы сондай жылы көрініс болды.
Сұрмергендер де ерледі. Үш бірдей спортшымыз мәрені дәл көздеп, 3 алтынды атып алды. Әсем Орынбай бастаған сұрмергендердің салқынқандылығы мен дәлдігі қарсыластарын таң қалдырды. Каратеде жекпе-жек отаны Жапонияның өзін шаң қаптырып кеттік. Біздің каратешілер 8 жүлде алып, сары құрлықта мықты екенін тағы бір дәлелдеді. Әрине жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. У-шу шебері Аян Тұрсынның қолаға қанағаттанбай, қарсыласына жол бергеніне намыстанып, көз жасына ерік бергені қазақ жұртының көңіліне қаяу түсірді. Жарыстың соңғы күндері көркем гимнастикада Әлия Юсупова мен шәкірті Елжана Таниева күміс медаль алып, көптен күткен нәтижеге қол жеткізіп, қуаныштан жылап та алды.
Азия ойындарының алғашқы күндерінде Сыр өңірінің үш бірдей спортшысы Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар, Шархан Нұрлыхан дзюдодан үздік үштікке кіріп, қола медаль иеленді. Стенд атудан жерлесіміз Айжан Досмағамбетова қола жүлде жеңіп, аймақ спортының абыройын асқақ етті. Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жүлделі екінші орынға тұрақтап, күміс медалды қанжығасына басты. Сондай-ақ «Париж – 2024» олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Құрлық додасының соңғы күнінде өз мықтылығымен бәрін тамсандырған сырбойылық Мөлдір Жаңбырбай каратэден нәтижелі өнер көрсетіп, күміс жүлде еншіледі. Осылайша сырбойылық спортшылар Азия ойындарында ел қоржынына 2 күміс, 4 қола салды.
Иә, Азия ойындары қазақ спортшылары үшін жемісті болмады деген баға беріп жатырмыз. Дегенмен спорттағы бұл олқылықтарды алдағы үлкен додаларда толықтай жоюға болады. Намысты, еңбекқор спортшыларымыз барда Қазақ елі халықаралық додаларда әлі талай атой салып, әнұранымызды шырқатып, байрағымызды көкке көтеретініне кәміл сенеміз. Енді спортшыларымыз 8 айдан кейін басталатын Париж олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетеді деген үміт бар.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!