Қыстың ызғары сезіліп, күн суыта бастағанда балалар арасында тұмаудың өршитіні белгілі. Аурудың асқынуына ата-ананың дер кезінде сауатты ем-шара жүргізбеуі де әсер етеді. Бала ағзасын салқын температураға бейімдеу, суыққа қарсы иммунитет қалыптастыру маңызды. Қыс келсе баланы қабат-қабат киіммен қымтап, үйде қамап ұстау әдеті қанға сіңген. Бұл қаншалықты дұрыс? Баланың тұмауға қарсы қалқанын дайындауда берілетін базалық дәрумендер жиынтығы қандай? Бала ағзасын қыста өршитін ауруларға қарсы қоюда ата-ана ескеретін алғашқы жаднамаларды жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр-массажист, «Дәрігер – АНА» кітабының авторы, онлайн арқылы мыңдаған анаға ой салып жүрген кәсіби маман Әзиза Әбдірасілқызынан сұрап білдік.
Дәрігер Әзиза Әбдірасілқызы қыс мезгілінде тыныс алу жолдарының жедел вирусты инфекциясымен қабынуы (ЖРВИ) жиілейтінін айтады. Балалардағы ЖРВИ-дің көбеюі жылыту маусымымен тікелей байланысты болып шықты.
«Қыс мезгілінде балалар арасындағы жиі кездесетін ауру – тыныс алу жолдарының жедел вирусты инфекциямен қабынуы (ЖРВИ). Инфекцияның бірінші кіру қақпасы – мұрын. Сондықтан мұрынды жиі шайып, ылғалдандырып отыру керек. Балалар қыс мезгілінде неліктен ЖРВИ-мен жиі ауырады? Себебі жылыту науқаны басталады. Үй ыстық, ыстық градуста ауа құрғайды. Құрғақ ауаның әсерінен мұрынның шырышты қабаты кеуіп, шырыш қоюланып, инфекция көбейе бастайды. Егер дұрыс күтім жасалмаса, инфекция төмендеп, ларингит, бронхит, пневмонияға дейін ұласады. Сондықтан қыс айында бөлменің ауа температурасын қатты көтермеу керек. Ыстық бөлмеде балалар жеңіл жаздық киіммен жүргенше, қоңырсалқын бөлмеде жұқа шалбар, ұзын жең киіммен жүргені тиімдірек. Яғни, ауа құрғақ болмаса мұрын шырышты қабаты кеппейді. Шырыш қоюланбаса, инфекция да көбеймейді деген сөз», деді дәрігер.
Ауру асқынғанда ата-ана абдырап қалады. Олар арнайы дәрігерге жүгінуден ғаламтордағы кеңеске құлақ түруге құмар. Дәрігер Әзиза Әбдірасілқызы ЖРВИ кезінде тағайындалатын арнайы емнің жоғын айтып, тиімді ем-шараны дәрігер маман ғана ұсына алатынын ескертеді.
«ЖРВИ-де арнайы ем жоқ. Ем симптомды жүргізіледі. Яғни жылы сұйықтық беріп, мұрынды жиі шаю керек. Балаға қосымша Д және С дәрумендерін беру қажет. Қызуы көтерілсе парацетамол, ибупрофен дәрілерін қолданған дұрыс», деді педиатр.
Бейқамдылық салдары ауыр болуы бек мүмкін. Сондықтан ата-ана аурудың алғашқы белгілерін байқағаннан әрекетке көшуі керек. Егер ауру алғашқы сатыдан өтіп, салдары салмақтанса ЖРВИ кезінде назар аударуға тиіс дабыл белгілерін есте сақтаған жөн.
«ЖРВИ кезінде ауру асқынып, бала жағдайы нашарлап, әлсіреп жатса дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Сонымен қатар мына төмендегі белгілер дабыл белгі болып табылады:
– тыныс алудың жиілеуі, ентігу;
– жөтелдің күндегіден күшеюі;
– бала ембей, су ішуден бас тартқан жағдайда;
– 2 аптадан ұзаққа созылған жөтел».
Балаларда қыс айларында өршитін ЖРВИ-дің жиілеу себебі қарапайым қағидаларды ескермеу. Ал ауруды асқындырмаудың амалы сауатты көмек, ағзадағы дабыл белгілеріне дер кезінде көңіл бөлу, қажет ем-шараны қабылдау.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!