Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:17

Соғыс оты өршіп тұр

23.12.2023

11736

0

Соңғы жылдары әлемде болып жатқан соғыс, мүмкін болатын геосаяси және стратегиялық сценарийлер кімге болса да көңілге кірбің түсіруде. Сарапшылардың айтуынша, Украина, Газа, Тайвань мәселелері, Иранның ядролық бағдарламасы, Таяу Шығыстағы Израиль-Араб қақтығыстарының ықтималдығы, қара алтын бағасының тұрақсыздығы секілді жайттар халықаралық саясатқа терең әсер ететін оқиғаларды тудыруы мүмкін. Бүгінде әлем елдері қиын да тұрақсыз кезеңді бастан өткеруде. Мәселен, соңғы 2 жылда 78 қақтығыс толығымен қайта басталды немесе бұрыннан бар болған қақтығыстар қайтадан өрбуде, қысқасы, үшінші дүниежүзілік соғыс дүбірінен тысқары қалып отырған жоқпыз.

Жазықсыз жұрт жан тапсыруда

Мемлекеттер арасындағы соғыс пен түрлі қақтығыстар күн сайын мыңдаған адамның өмірін қиюда. Мә­селен, Our World in data мәліметінше, соғыс сал­да­ры­нан әлемде 2020 жылы 49,3 мың адам қайтыс болған. Мемлекеттің қатысы жоқ, яғни 2 немесе одан да көп ұйым соғы­сып жат­қан қақты­ғыстар сол жылы 23,6 мың адам­ның өліміне себеп болды. Ал бір ғана ұйымдасқан агрессор болған жағ­­дайдың нәтижесінде 8 мың адам қаза тапқан.

Қақтығыстар салдарынан 112,7 мың адам қаза тапқан 2014 жыл ең жоғары көрсеткішке ие. Ол жылы Ливияда аза­мат­тық соғыс, Африка елдерінде бір­қатар қақ­тығыс, нақтырақ айтсақ, Ор­­та­лық Африка Республикасында, Оң­түстік Су­дан, Сомали, Нигерияда, Ау­ғанс­тан­дағы қақ­тығыс, Украинаның шығы­сында ел әскері мен ДХР және ЛХР тұ­­рақты емес әскери құрылымдары ара­­сында соғыс болды.

Ислам мем­лекеті» радикалды тобы ға­сырдың бі­рінші он­жыл­дығы ортасында пайда болды, бірақ оның белсенділігі 2014 жыл­дың жа­зында Сирия мен Ирактағы ау­қымды және жеңісті шабуылдан кейін күрт өсті. Со­ны­мен қатар 2014 жылдың орта­сында Израиль мен Палестина билігі ара­­­сындағы қиын қарым-қатынас күрт нашарлады.

Аймақтар бойынша 2020 жылы ең көп адам шығыны Азия мен Мұхит елдерінде тіркелген, яғни 22 мың адам өмірден өткен. Одан кейінгі сатыларға Африка 10,6 мың адам, Таяу Шығыс 8,8 мың адам, Еуропа 7,9 мың адам және Америка 33 адаммен жайғасқан.

7,7 миллион украиндық мигрантқа айналған

Бүгінгі таңда әлемдегі ең көп тал­қы­­ланатын қақтығыстардың бірі – Ре­сейдің Украинаға ашқан соғысы. Бұл соғыс ұзаққа созылды. Ресей билігінің жеңіске оңай қол жеткіземіз деген ойы жүзеге аспады. Десе де олардың әскері украин әскеріне жойқын соққы жасауынан бейбіт халық жапа шегуде. Алайда Украина соғыс алаңында егемендігін сақтап қалу жо­лында күресіп қана қоймай, батыс мем­ле­кеттерінен қолдау күтті.

Кейбір батыс сарапшылары әуелгіде украин әскерінің Ресейге қарсы тұра ала­тынына күмәнмен қараса да, кейін талай дүниеге көзі жет­кендей болды. Өкініштісі, Ресей мен Ук­раина арасындағы соғыс ұзақ кезеңге аяқ басты.

Әрине нақты дерек алу қиынға со­ғады, десе де Statista мәліметінше, 2022 жылдың 24 ақпанынан 2023 жылдың 17 сәуіріне дейін Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан 8,5 мың адам қаза тауып, тағы 14,4 мың адам жарақат алған. Бұған дейін 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін Ук­раина үкіметі мен Ресей қолдайтын се­па­ратистік Донецк және Луганск облыс­тары арасында әскери қақтығыс орын алды. Осыған байла­нысты 2014 жыл­дың 14 сәуірінен 2021 жылдың 31 жел­тоқ­санына дейін бейбіт тұр­ғындар мен әскери қызметкерлерді қосқанда 14,2 мың­нан 14,4 мыңға дейін адам қаза тапты. Олардың кем дегенде 3,4 мыңы бейбіт тұрғындар болатын. Сонымен қатар со­ғыс кезінде ша­мамен 7,7 миллион ук­раин­дық мәжбүрлі миг­­­­­рант­қа айналды. 5 миллион әйел, ба­лалар мен қарттар ел ау­ма­ғын тастап кетуге мәжбүр болды.

Иә, соғыстың әр күні адам шығынына әке­луде. Украинаның Буча, Ирпен, Боро­­­диян­ка, Мариуполь және басқа да қала­ларында бейбіт тұрғындарға, соның ішінде әйелдер мен балаларға қарсы көр­­сеткен қатыгездік деңгейі Ресейдің ба­­сып-жаншу үшін кез келген әдісті қол­данып жатқанын көрсетеді.

Батыс елдерінің есебінше, 2022 жыл­­дың ақпанынан бастап Ресей жа­ғын­да жараланған немесе қаза тапқан жауын­­герлер саны 315 мыңнан асқан. Бұл Ауғанстанда 10 жылға жуық соғыс жүр­гізген Кеңес одағының шығынынан әлдеқайда көп.

Жасыратыны жоқ, дәл қазір шынайы ақпараттан қауесет, күмәнді ақпарат өршіп тұр. Бірсыпырасының болжамы со­­ғыстың шешуші кезеңі 2023 жылы бо­лады дегенге саяды. Бір жағынан соғыс­тың со­зылып, шеті-шегі көрінбейді деп қара аспанды төндіріп жатқандар да аз емес. Себебі Украина мен Ресей арасында келісім бүгін-ертең бол­май­тындай. Украина «өз жерімді Қырым­мен қоса толық кері қайтармай және Вла­димир Путин би­ліктен кетпей ешқандай келісімге көн­беймін» деп табандап отыр. Ал Ре­сейге салса, келі­сімге келгісі келеді. Бірақ Кремль Украи­наны Донецк пен Лу­ганск­тен және бірер облыстан жырып ал­ған жерлерінен күдер үздірсем дейді. Яғни ке­лісімге осындай шартпен ғана Ук­раи­на­ның басын иіп апарғысы келеді. Ал мұн­дай жағдайда келісімнің болмай­тыны түсінікті.

Енді Ресей осы күнгі соғыс ше­бін қалайда көктемге дейін ұстап тұруға әрекет етіп жатыр. Көктемге дейін күш жиып, жойқын шабуылға көшпек. Әрине Ресейдің қалауы – көктемге дейін со­ғысты тоқтата тұрып, әскер құрамын жа­ңар­тып, тыңайтып, техникасын түгендеп, ракеталарын сайлап алу. Алайда Украи­на тарапы соғысты тоқтатқысы жоқ.

Әлем өркениеттің жолына түскенде ТМД елдері арасында соғыс өрті тұ­танды дегенге налисың. Шыны керек, осындайда «БҰҰ мен дамыған елдер әлемдегі бей­бітшілікті сақтауда қауқар­сыз ба?» деген сауал туындайды. Ең сорақысы, қос мемлекет бір-біріне деген достығы мен сенімін мәңгілікке жойды.

Таяу Шығыстағы қақтығыстан 17,7 мың адам көз жұмған

Неше күннен бері әлемдік ақпарат құралдарының басты тақырыбы – Таяу шығыстағы соғыс. Иә, биыл қазанның 7-сінен бастап Таяу Шығыстың ұйқысы қашты, күлкісі тыйылды, өйткені палес­тиналық ХАМАС ұйымы Израильге қарсы опе­рация бастады. Газа секторынан Из­раиль­­ге қа­рай мыңдаған ракета ұшы­рылды, қару­ланған топтар израильдік елді мекендерге басып кірді. ХАМАС бұл операция Шығыс Иерусалимде ок­ку­па­­цияланған Әл-Ақса мешітіне жа­салған шабуылға және из­раиль­дік­тердің палестиналықтарға қар­сы зорлық-зом­бы­лығына жауап екенін айтты.

Өз кезегінде Израиль ХАМАС-қа қар­сы жауапты операция бастап, оның соңы Газа секторындағы халықты жап­пай қы­руға ұласты. 27 қазанда Израиль Газаға құр­лықтағы әскерімен соққы жасауға көшті. Бүгінде Газаның 2,3 млн тұрғыны экс­клавтың толық қор­шауда қалуынан азық-түлік, су, дәрі-дәр­мек тапшылығынан зар­дап шегіп отыр. Мыңдаған ғимарат, со­ның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шір­кеулер толығымен қирады.

ХАМАС пен Израиль арасында 24 қараша күні таңертең күшіне енген «Гума­нитарлық үзіліс» 1 желтоқсанда таңертең аяқталды. Бұл күндері екі тарап тұтқынға алынған ондаған адаммен алмасты. Алайда бітім туралы уақытша келісім аяқ­талысымен Израиль Газаға қарсы ша­буылын жалғастырды. Желтоқсан айы­ның алғашқы онкүндігіндегі мәлі­мет бойынша, Израильдің Газаға шабуы­лынан 17,7 мың адам қаза тапқан.

Израильде де мыңнан аса адам опат болды. Десе де экономикасы әлдеқайда дамыған Израиль гуманитарлық көмекке зәру емес. Ал әуе шабуылын басынан өткерген Газа халқы азық-түлікке, дәрі-дәрмекке зәру. Себебі соғысқа дейін күн сайын 500 жүк көлігі кірген аймаққа, соғыс басталғалы бері бар болғаны 300 жүк көлігі ғана кірген. Ұзындығы 40, ені 10-15 шақырым болатын Газаның ішінде 2 млн халық әлемнен көмек күтіп, бас сауғалап, қашып-пысып жүр.

Қазақстан бұл қақтығысқа қатысушы тарап емес, бейтарап позицияны ұс­та­нады. Біз бейбітсүйгіш ел ретінде қақ­тығыс тоқтап, келіссөз басталғанын қа­лаймыз. Қаншама қарапайым адам соғыс сал­да­рынан қаза тауып жатқанда біз де қол қусырып отыра алмаймыз. Әрине гума­нитарлық көмек көрсету қолы­мыз­дан келеді. Осы орайда Президент палес­тин халқына 1 млн доллар гуманитарлық кө­мек көрсететінін айтты.

Жасыратыны жоқ, елде кейбір аза­маттар күмәнді үндеулерге еріп, діни фана­тизмге бой алдыруда. Нақтырақ айтсам, әсіресе жастар әлеуметтік желіде кока-коладан, памперстен, гегиеналық зат­тар­дан бас тартуға, жалпы Израил мем­лекеті өндіретін өнімдерге шектеу қоюға шақырып жатыр. Бұл түсінік немесе әрекет дұрыс емес деп ойлаймын.

Бұл соғыстың негізінен 10 ғасырлық тарихы бар, басты себебі жерге талас, дін үшін емес. Кезінде ерікті жауынгерлерді әскерге тарту мақсатында екі жақ дінді желеу еткен, содан халық арасында діни соғыс кейпінде тараған, бірақ негізгі түпкі мақсат – жерге иелік ету. Орналасқан жер­дің географиялық маңызы жоғары, жан-жағы Синай түбегі, Араб түбегі, Жер­орта теңізі, Қызыл теңіз, сол арқылы Еуро­паға, Азияға және Африка құрлық­тарына бірдей шыға алады. Сондықтан бұл соғыстың нүктесін біз қоя алмаймыз, мұндай түсінікпен біз керісінше ушық­тырамыз. Біздің соғыс бөлек, елді көтеру, дамыту, бі­лім алу, ғылым­мен айналысу. Менің айтпағым, егер соғысқа ара­лас­қысы келетіндер болса, еңбек етсін, коланы на­рық­тан ығыс­­тыратын кәсіп ашсын, сол біз үшін жеңіс болмақ.

Әскеріміз дайын ба?

«Әлемнің әр түкпірінде түрлі соғыс от­ы өршіп тұрғанда ел әскерінің қау­қары қандай?» деген сұрақ туатыны заңдылық. Биыл Қазақстан қарулы күштерінің құрыл­ғанына 31 жыл. Осы уақыт арасында қуат­ты әскер жасақтау үшін түрлі тәжіри­белер жасалып, бағдарламалар әзірленді.

Мәселен, 2003 жылдан бастап елімізде «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оң­түстік» өңірлік қолбасшылықтары құрыл­ды. Олар әуе, құрлық, әскери-теңіз күштері сынды 3 бағытта сарбаз жасақтайды. Бірақ қай-қайсысы да ең алдымен сар­баздардың физикалық дайындығына мән береді. Ресми мәлімет бойынша, қазір құрлық әскерінің саны 20 мың, әуе күштері 12 мың, теңіз күштері 3 мыңдай. Сарбаздар саны көп деуге келмес. Бірақ олардың сапалы болуы үшін бөлімдер техникалық жабдықталған.

Қазіргі ең маңызды бағыттардың бірі – әуе арқылы шабуылдау және қорғану. Осы мақсатта біздің елде ерекше бригадалар құрылған. Олар ұрыс ала­ңына қажетті қаруларды және қажетті зат­тарды жеткізуге қазір дайындалып жатыр. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне жаңа зымырандық кешендер алынған. Бүгінде әуе шебін С-300ПС, С-200, С-125 сынды зениттік-зымыран ке­шен­дері, сондай-ақ отандық «Нұр» ра­дио­техникалық кешені күзетеді. Әскери-теңіз күштері «Зенит» Орал зауытында» жа­салған зымыран-артиллериялық кеме­ле­рімен жарақталған.

Еліміз қазір қару-жарақты Ресейден ғана емес, Түркия, Қытай, АҚШ сияқты ел­дерден сатып алуда. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының талап­тарына сай жасақталған. Ал жеке құрам мен жүктерді тасымалдайтын ұшақтарды испаниялық компаниялардан жеткізеді.

Шекара қызметінде 358 обьектінің тек 104-і бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етіл­ген. Бірақ Ұлттық ұланды толық қамту үшін әлі 216 бейнебақылау жүйесі керек. Қорғаныс министрлігінде 12 жарым мың бейнебақылау камерасының 4100-і істен шыққан.

Прокуратура мәліметінше, 2020 жыл­дан бастап 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Қайғылы оқиғаның 20 пайызына суицид себеп болған. Жауаптылар осының себебін іздеу­де. Бірақ прокуратура өкілі «өзіне қол жұмсау тек әскерде өршіп тұр» деген пікір қате дейді.

Түйін. Күллі әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – са­ры майдан қыл суырғандай саяси дип­ло­матия, адами қарым-қатынас, мем­ле­кет­аралық сыйластық, татулық. Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің тер­ри­­ториялық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өт­кен­дей, Қазақстан дамуының негізгі міндет­те­ріне Тұрақты даму мақсаттары аясын­да жүргізілетін жұмыстар бірінші ке­зек­те атқарылуы тиіс. Тұрақты даму мақ­­­­саттары – БҰҰ-ға мүше мем­­лекеттер 2030 жыл­­дың соңына дейін қол жеткізуге ба­ғыт­талған мақ­саттарды қамтитын әмбе­бап әре­кетке шақыру. Алайда тұ­рақ­ты даму мақ­саттарына жету үшін ең бастысы, ел ішіндегі халықтың ын­ты­мағы мен ауыз­біршілігін сақтау маңызды.
Иә, біз өткенімізге, тарихымызға үңіле қарасақ, қазақ халқы тағдырдың қатал сынын басынан кешті, талай соғысты көрді. Бүгінде егемен ел атанған, өзін әлемге бейбітсүйер ел ре­тінде мойындата білген Қазақстан жа­һандық татулықты сақтау мен нығайту ісіне белсене атса­лысуда. Елімізде тәуел­сіздік алған жыл­дардан бері қан­шама дін, ұлт, халық өкілдерінің басы қосылып, бір үстелде әлем елде­рінің тату­лығы сөз болды. Өйткені кешегі бабалар жүрген жол бізге әрқашан сабақ болып қала бермек.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: