Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 00:08

Мәдениет пен өнердің ордасы

07.06.2022

1153

0

Қай елдің де ұлттық идеологиясы мәдениеті арқылы қалыптасады. Сондықтан бірінші кезекте өркениетке ұмтылған дамушы және дамыған елдер мәдениетіне мән береді. Осы орайда Францияның бұрынғы Президенті генерал Де Гольдің «Егер мен Қорғаныс министрін тағайындаудан қателессем, көп болса бір соғыста жеңілермін, Ауыл шаруашылығы министрін тағайындаудан қателессем, көп болса бір жыл астықсыз қалармын, ал Мәдениет министрін тағайындаудан қателессем, онда елім елу жылға артқа шегінер еді» деген сөзі еске түседі.

Біздің елімізде де мәдени салаға жақсы бетбұрыс жасалып жатыр. Ауданның өзінде көптеген елді мекенге заманауи үлгідегі клубтар салынды және олар өте жоғары деңгейде жұмыс істеп, жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Солардың бірі – Аққұм ауылдық клубы.


Екіқабатты зәулім ғимараттың сырты көзіңді тойдырып, ішкі жұмыстары көңіліңді тоғайтады. Қырық үш жылдық тарихы бар ауылдық клуб 2012 жылы қайта салынып, пайдалануға берілген. Қазірде мұнда 15 адам жұмыс істейді. Клуб жанында көркемсөз, ән, би, қолөнер, домбыра үйірмелері бар және ардагерлер хор ұжымы құрылған. Соның ішінде «Айгөлек» би үйірмесін ерекше атап өтуге болады. Ауылдық клуб үйіне 2018 жылы «Балет және ұлттық би өнерін дамыту және қолдау қоры» демеушілігімен би залы толық жабдықталыпты. Қазірде би маманы Қуаныш Арайлым «Балауса», «Бал-бала» деп аталатын 2 топтан құралған «Айгөлек» би үйірмесіне жетекшілік етіп, оқушыларға бекзада өнердің қыр-сырын үйретіп келеді. Үйірмедегі 20 бала республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып жүлделі орындар иеленіп жүр. Атап айтсақ, «Балауса» би тобы «Amanat music» II Халықаралық конкурс фестивальінің облыстық 1-ші кезеңіне қатысып, «Ұлттық би» номинациясын алған және сол жылы аудандық «Мың бұралған бишілер» атты би байқауынан жүлделі II орын иеленген. «Балауса» би тобы республикалық «Дала сазы» және «Біз біргеміз» атты балалар өнер байқауларында Бас жүлде иеленді. Сондай-ақ «Сыр сұлуы» атты аудандық би байқауынан I орын, V Республикалық «Жарық жұлдыз» атты республикалық балалар өнер байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. «Біз бақытты баламыз» атты Республикалық байқаудан «Балауса» би тобы III орын алды. «Балауса» би өңірлік ХҮІІ жастар Дельфийлік ойындарынан облысқа жолдама алды. XIII «Ботақан» телефестивальінің аудандық кезеңіне қатысып, облысқа жолдама алды. 2022 жылы «Бал бала» би тобы республикалық «Жас жұлдыз» байқауына қатысып, Бас жүлде иеленсе, «Балауса» би тобы «Би – өнердің өрнегі» атты аудандық бишілер байқауынан жүлделі I орынмен марапатталды. Республикалық «JasSTAR» балалар байқауының іріктеу турынан III орын иеленді. Би топтарының репертуарында «Жаңа күн», «Қазақ биі», «Домбыра», «Тойбастар», «Брови», «Флешмоб», «Андижан полькасы», «Аққу», «Қойылым», Патриоттық флешмобтар және тағы басқа билер бар.


Би – өмір. Ондағы әрбір қимыл-қозғалыстар – өмірдің өрнегі. Ендеше, би өнері баланы әдемілікке, әсемдікке үйретеді, адалдыққа тәрбиелеп, жан тазалығын, тән саулығын сақтайды.
Сонымен бірге «Көңілді ноталар» ән үйірмесі де біршама баланы ән әлемінде әлдилеп келеді. Әнге әуес, жырға құмар бала елжанды азамат болып қалыптасады. Ән үйірмесіне қатысатын 14 өнерпаз ауылдық клубта өткізілетін барлық шараларға белсене ат салысып, өнерлерін көрсетіп жүр. Үйірме жетекшісі Айгүл Тұрабаева кәсіби маман. Ал, кәсіби мамандар жетекшілік еткен қайсыбір салада да жетістік болуы заңдылық.
Бүгінде Аққұм ауылында Ібан Жасмин, Айтжан Мерейлім, Бертай Гүлзат, Ибрагим Арайлым, Серікбай Рахат, Әпен Сержан, Мейірбек Аида, Өміртай Әл-Фараби, Өміртай Мерей, Тілеубаев Мейірбек, Әбдікәрім Ақерке секілді жас әншілер қалыптасып келеді. Олар болашақ ән әлемінің жұлдызына айналуы да бек мүмкін. Сонымен бірге кәсіпорын қызметкерлері Тілеубаев Мейірбек, Айгүл Тұрабаева, Арайлым Қуаныш, Даража Доспан, Арайлым Қуаныштың қандай да бір шараларға белсене қатысуы да ауыл мәдениетінің деңгейін көрсетеді.
Биыл республикалық «Өнер әлемі» конкурсынан ән жанры бойынша Ибрагим Арайлым 1 орын, «Тағзым саған, Ұлы Жеңіс» атты онлайн ән бауқауынан Қуаныш Арайлым 3 орын алса, республикалық «Біз біргеміз» атты балалар өнер байқауынан Ізбасар Аяулым және Алмас Айдос Бас жүлде иеленді. Ал V Республикалық «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында Өміртай Мерей, Ізбасар Аяулым жүлделі I орын алды.


2021 жылы «Тәуелсіз елім Қазақстаным» патриоттық ән байқауынан Ібан Жасмин III орын, «Тәуелсіздік – маңдайдағы бағым бұл» атты республикалық байқаудан Ізбасар Аяулым мен Халел Ақнұр I орын иеленді. «Біз бақытты баламыз» атты республикалық байқаудан Ізбасар аяулым II орын иеленді.
«Әннің де естісі бар, есері бар». Жасыратыны жоқ, есті ән шырқаған баланы көрсек қуанатын күнге жеттік. Ал Аққұм ауылдық клубындағы ән үйірмесінің мүшелері сахнада ән шырқағанда көрерменнің ыстық ықыласы мен толассыз қошеметінен-ақ оларға жетекшілік етіп жүрген жанның еңбегін бағамдауға болады.
Біздің бабаларымыздан қалған ұлттық құндылығымыз бен жауһарымыз, қымбат қазынамыздың бірі – асыл сөз. Қазақ үшін сөздің құны сұралған. Қазақ сөзге тоқтаған. Қылыш шешпеген дауды, бір ауыз сөз шешкен. Тіпті бір ауыз сөз соғысты да тоқтатқан. Сонымен бірге сөз өнерін қазақтай құрметтеген, дәріптеген халық жоқ. Сондықтан сол бабалар қалдырған асыл мұрамызды сақтап қалу біздің міндетіміз. Осы орайда Аққұм ауылдық клубындағы «Сырлы сөз» көркем сөз оқу үйірмесінің жұмысын айтуға әбден болады. Жиырма жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан үйірмеде бүгінде 14 оқушы бар. Үйірме мүшелері аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып жүлделі орындар иеленіп келеді. Атап айтсақ, Бақберген Нұрай, Қосым Нұрлы, Әбілқасым Ақбота, Алмабек Гүлсезім, Нұрбол Қарақат, Қосым Нұрдәулет, Ибрагим Арайлым, Жандосұлы Думан, Сәкен Аягөз, Айтуған Данияр, Ибрагим Арайлым, Ержігіт Дамира, Айтжан Мерейлім, Сабыр Аяулым, Алдияр Жарқынай, Алпысбай Аяулым секілді өнерлі өрендер аудандық, облыстық, республикалық Абай, Мұқағали оқулары және түрлі мүшәйралардан бас жүлде мен І орынды иленіп келеді.
Бақберген Нұрай «Мен де жұлдыз боламын» атты жасөспірімдер арасындағы байқауының 1 кезеңінен өтіп, Түркия мемлекетіне жолдама алды.
Қолөнер біздің ұлтымызда бағзыдан бар. Көшпелі тұрмыс кешкен бабаларымыздың артына қалдырған құнды мұраларының бірі осы қолөнер және ол күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр.
Ауылдық клубтағы «Ақмаржан» қолөнер үйірмесі 2013 жылы құрылған. Үйірме құрамында 14 қолөнер шеберлері бар. Үйірме жетекшісі Рысмахан Аида оқушыларды қолөнерге баулып, оның қыр-сырын үйретіп жүр. Қайсаева Мөлдір, Нұрматова Ақбаян, Искакова Малика, Тұрсынова Назгүл, Қадірбек Инабат, Ибаргим Арайлым секілді жас қолөнер шеберлері аудандық байқаулардан жүлделі орын иеленіп жүр.
Клуб үйінде өткізілген келіндер сайысы, әжелер сайысы, ұжымаралық сайыстарда қолөнер шеберлері өздері дайындаған бұйымдарын үйірмеге тарту етіпті және сол бұйымдармен қолөнер бөлмесі жабдықталған.
Үйірме мүшелері Әбілқасым Мақпал, Нұрматова Ақбаян, Қайсаева Мөлдір, Сүлейменова Базаркүл, Тұрсынова Назгүл, Қосым Нұрым, Қосым Нұрдаулет, Қауынбай Динара, Халел Ақгүл, Қадырбек Инабат секілді жас қолөнершілер аудандық, облыстық, республикалық байқауларда өздерінің жұмыстарымен көпшілікті таңғалдырып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Сонымен бірге жетекшілері Рысмахан Айда мен Шуақбай Ақнұр да ересектер арасында өткен байқаулардың жеңімпаздары.
«Қарты бар елдің қазынасы бар». Рас. Қарты, қариясы бар елдің береке-бірлігі болады. Кейінгі буын өкілдері алдындағы аға буынға қарап бой түзейді. Арбаның алдыңғы дөңгелегінен түскен ізді артқы дөңгелегі дөп басады. Сондықтан жастарға қашанда ардагерлер үлгі, өнеге, жол көрсетуші, бағыт сілтеуші, ақыл беруші. Қай кезде де халқымыз ардагерлер институтын іске қосып, оны ұлттық тәрбиенің бір тетігіне айналдырып отырған және бұл қазіргі біздің қоғамға аса қажет. Міне, Аққұм ауылдық клубындағы «Қазына» ардагерлер хор ұжымы өз миссиясын мүлтіксіз атқарып келеді.
Ұжымда 10 ер кісі, 10 әйел кісі бар. Құрылғаннан бастап ардагерлер аудандық мәдени шараларға және облыстық аудандық байқауларға белсене қатысып жүлделі орындарға ие болып келеді. «Қарты бар ел – қазналы ел» атты шежірешілер байқауында Байділда Сәрсенов қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленсе, «Қартын қадірлеген ел ардақты» атты ардагерлер байқауында «Қазына» хор ұжымы қатысып Бас жүлде және «Қарты бардың қазынасы мол» атты республикалық байқауда жүлделі ІІ орын, «Қартын қадірлеген ел ардақты» аудандық байқауда ардагерлер жүлделі ІІІ орын, республикалық «Өз жұлдызыңды жақ» атты байқауда ардагерлер хор ұжымы Бас жүлде және ардагерлерден құрылған трио тобы жүлделі І орынмен марапатталды. «Бата – бірлік бастауы» атты аудандық байқауда Байділда Сәрсенов «Парасатты қария» номинациясымен марапатталды. «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты аудандық байқауда «Қазына» хор ұжымы жүлделі ІІ орын, осы байқаудың облыстық кезеңінде Айтмаханов Арыстан жүл­делі ІІІ орын иеленді. «Сөздің ең ұлысы – тарих» атты облыстық шежірешілер байқауында Байділда Сәрсенов жүлделі І орын иеленді.
Хор ұжымының ән қоржынында «Арыс жағасында», «Гүлдерайым», «Ақтамақ», «Айқа­ракөз», «Атамекен», «Қызылорда вальсі», «Шәмші әндерінен попури», «Бипыл», «Дуда­рай» секілді әндер бар және ол әндер аудан, облыс­тағы үлкен сахналардан әуелетіп шыр­қалып, тыңдарманын тамсандырып келе жатыр.
Гүжайна Айтжанқызы басқаратын Аққұм ауылдық клубы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына – 2020» республикалық байқауында «Үздік ауылдық мәдениет Үйі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
– Мәдениет – өркениеттің бастауы. Сондық­тан біздің ойымыздағы елдік мүдденің басында осы мәдениетімізді өркендету жұмыстары тұруы тиіс және біз ұжым болып сол мақсатта тынымсыз еңбек етіп келе жатырмыз. Біз мәдениетіміздің өркендеуіне қызмет етсек, мәдениет ұлт руханиятына қызмет етеді.
Ауылдық клубтар талай өнерпаздарды тәрбиелеп шығарды. Бүгінде республикаға танымал өнер өкілдерінің көбі ең алғаш осындай ауылдық клубтардан бойындағы өнерін шыңдаған. Ауыл клубында тек іс шара ғана өтпейді, көптеген өнерпаздарды өнерге баулып жатырмыз. Жыл сайын ауылдағы мәдениет ошағының тынысы кеңейіп, мазмұнды, мәнді, ұлт мәдениетін өркендету жолында игілікті жұмыстар атқарып келеміз, – дейді «Аққұм ауылдық клубы» КМҚК басшысы Гүлжайна Айтжанқызы.

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: