Ауылға баратындарға қомақты қаржы беріледі, ол үшін қазынадан арнайы 30 млрд теңге қаралған. Жалпы өтініштер мамырдың 27-нен бастап қабылданып жатыр. Бірақ оған барлығы бірдей қатыса алмайды. Үкіметтен бөлінетін 9 млн 200 мыңдық көмек кімдерге арналған, ол үшін жәй ауылға көшіп бару жеткілікті ме? Бүгінгі мақаламызда осындай бірқатар сауалдың түйінін тарқаттық…
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау көп. Солардың бірі – ауылдық жерлерде жастардың қолдауымен кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында 2009 жылдан бастап Ұлттық экономика министрлігінің ұйымдастыруымен басталған «Дипломмен ауылға» жобасы.
Бұл жоба мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру және ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне арналған. Яғни осы мамандықтар бойынша дипломы бар, бірақ жұмыс жоқ болса немесе еңбек етіп жүрсе де Үкіметтің үй сатып алу үшін 9 млн 230 мың теңге бюджеттік несие қолдауын алуға болады.
Одан бөлек көтерме жәрдемақы да бар. Оның көлемі өткен жылы 241 500 теңге болса, биыл 369 200 теңгеге артқан. Бастысы, жастарда «ауылға барамын», «ауылды көркейтуге ат салысамын» деген ниет болса жеткілікті. Бірақ өкінішке орай бұл бағдарламаға қатысушылар саны биыл 2 мыңға азайған.
Жалпы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы басталғалы 105 мыңға жуық маман қатысқан және 20 млрд теңгеден астам көтерме жәрдемақы берілген. Сонымен қатар 48 мың маман баспаналы болған. 2020 жылмен салыстырғанда бағдарламаға қатысқан мамандардың саны 30 пайызға төмендеген. Мәселен, 2020 жылы 5016 маман, былтыр 3 518 маман қатысқан. Бұдан мемлекет жастардың жағдайын жасап қана қоймай, әлі де қолдау көрсетіп отқанын аңғаруға болады. Бірақ неге нәтиже бермей жатыр?
– Әдетте бағдарлама біраз уақытқа дейін тек 35 жасқа дейінгі жастарға арналып келді. Енді қараңыз, өзі қала көрген, оқыған азаматтардың көбісі ауылға барғысы келмейді. Себебі ауылдың бүгінгі әлеуметтік жағдайы, жалпы экономикалық ахуалы оңалып кеткен жоқ. Сондықтан жастарға ауылдық өмір, жалпы ауыл қызық емес, қызықтырмайды да. Яғни анығырақ айтсақ, біріншіден, қазіргі уақытта ауылдарда әліге дейін жол мәселесі, көлік мәселелері шешілмеген. Екіншіден, ақпараттық технологиялар жоқ. Ауылға келген жастардың көбісі өндіріске келеді. Ал өндірісте жаңа технологиялар әлі жоқтың қасы. Үшіншіден, интернет байланысы өте нашар. Бұл мәселе ауылды айтпағанда, қаланың өзінде әлі шешілмеген. Міне, осы секілді субъективті жайлар жастардың ауылға келіп қызмет етуіне кедергі. Осы себепті ауылға келгілері жоқ, – дейді білім және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тәуелсіз сарапшы Жанболат Зиятұлы.
Иә, қазір жастардан да бұл жайында сұрасаң, «ауылда жағдай жоқ, өспейсің» деген жауапты аларың сөзсіз. Мен де сол жастардың қатарындамын десем де болады. Ауылға келгің келеді, қаладағы көрген, оқу орындарындағы алған білімді, үйренген өзгерістерді енгізгің келеді. Бірақ өкінішке орай ойлаған жоспарыңа жасалған жағдай мен 35 жастан жоғары жастағы қызметкерлердің қабылдаулары да сәйкес келмейді.
Деректерге сүйенсек, бұл бағдарламаға қатысып, мемлекет тарапынан үй алуға берілетін несиені алып, 3 жылдық мерзімі беткеннен кейін жұмыстан шығып, қалаға көшіп кету фактілері де байқалады.
– Мен медицина саласының қызметкері ретінде медицина саласы жайында айтсам, бізде аудандық ауруханалар мен қалалық ауруханалар арасындағы дизбаланс өте үлкен. Қазір медицинаның өзінде сала көп. Бірінші себеп сол жас мамандардың бітірген саласы мен аудандағы бос жұмыс орындарына сәйкес келмейді. Екінші мәселе ауылдық жердегі инфрақұрылымның даму деңгейі төмен. Яғни ауылдық жерлерде газ, су мәселелері әлі де толық шешімін таппаған. Жастардың көбісі осы мәселелерден қиналады, – дейді «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушысы Елжан Манарбеков.
Расында ауылға келетін кейбір мамандар ауылды дамытып, жұмыс істеу үшін емес, мемлекет тарапынан болған көмекті пайдаланып, бөлінген қаражатты иемдену үшін ғана барады. Сонымен қатар бұл бағдарламаға іліккен мамандар тек мемлекеттік қызметке орналасуы тиіс. Ал түптеп келгенде ауылдың жағдайын көтеруге ауыл кәсібін кеңейтетін, ауыл шаруашылығын дамытатын жас мамандардың үлесі көп болар еді.
Иә, бағдарламаға қатысты, жұмысқа орналасты делік. Алайда орналасқан жұмысында төленетін айлық мөлшері мардымсыз. Тіпті несие алған күннің өзінде ол қаржыға сәйкес келетін үйді табу да қиынға соғады. Осы секілді мәселелер салдарынан қазіргі жастарды тіпті несиенің көлемі де қызықтырмайды.
Айта кетейік, былтыр ауданда аталған бағдарламамен 27 маман тұрғын үй алуға 5 млн 175 мың теңгеден қол жеткізген. Ал 83 маман 345 мың теңгеден көтерме жәрдемақы алған. 2024 жылы Жалағашта ешкім бұл бағдарламаның игілігін көре алмады. Десе де бүгінде 70 маман тұрғын үй, 180 адам көтерме жәрдемақы алуға өтінім білдірген. Биыл 45 маманға жалпы құны 16 млн 614 мың теңге үлестірілген.
Аталған бағдарламамен үй алуға аудан орталығындағы мамандар үшін 9 млн 230 мың теңгеге дейін беріледі. Ал ауылда тұрсаңыз, 7 млн 384 мың теңгеге дейін қол жеткізуге болады. Бұл айырмашылықты мамандар ауыл мен аудан орталықтарындағы үйлердің бағасымен байланыстырады.
Бұл мәселенің басты шешімі – ауылды көркейту. Себебі ауылды көркейткен жағдайда ғана мамандар тапшылығын жеңуге болады. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатыса алатын мамандықтардың тізімін кеңейту қажет. Ауылдардағы инфрақұрылым мен оның әлеуметтік жағдайы жақсарса, өзгерістер орын алып, ауылға келгісі келетін жастардың саны артары сөзсіз.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!