Бүгінде халық ауызсумен толықтай қамтылғанымен, оның тапшылығы байқалып жатыр. Оған қоса суды ысыраппен пайдаланудың салдары да осы мәселеге әкеліп отырғандай. Иә, мұндай азаматтарға айыппұл салу мүмкіндігі де Үкіметте қаралып жатқанын жазған болатынбыз. Міне, судың «қара нарығымен» күресті күшейту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа комитет суды заңсыз пайдаланумен және оны есепке алу деректерінің бұрмалануымен күресетін болады. Сондай-ақ еліміздің су нысандарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметті анықтаумен айналысады.
– Министрлік суды заңсыз пайдаланумен белсенді күрес іс-шараларын қолға алды. Бұл мәселе ерекше бақылауда. Жаңа комитеттің жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және еліміздің су ресурстарын қорғауға бағытталған. Бұл жұмыстар заңнамаға енгізілетін өзгерістермен бірге судың «қара нарығына» қарсы күресті едәуір күшейтуі тиіс,– дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске салсақ, елде Су ресурстары және ирригация министрлігі 2023 жылдың қыркүйек айында құрылған болатын. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған министрліктің жұмысын сынға алған. Ал елімізде су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданған.
Президент бұған дейін арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы ойдағыдай нәтиже бермегенін айтқан. Ал көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасы тым ұзақ талқыланған. Жағдайдың күрделенгенін Мемлекет басшысы да жасырмайды. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар.
Қатаң тексеріс жоқ жерде ысырап пен заңсыздық белең алатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұдан түйетініміз, суды ысырапсыз пайдаланып, үнемдеу – мойнымыздағы аманат. Осыған кері әрекет еткен кісі тек өзіне емес, қоғамға, барлық адамзатқа үлкен зиян тигізбек. Сондықтан қазіргі күні тұрмыста қолданылатын қарапайым үнемдеу әдістері арқылы судың қорғалуына үлкен үлес қосуға болады. Суды қорғау – өмірді қорғау деген. Ендеше суды үнемдеуді өзімізден бастайық.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!