Әрбіріміз елордамыз Астана қаласына сапарлап тойға немесе қыдыруға бірнеше мәрте жол жүрдік. Кейде асығыс жеңіл көлікпен де «Біссіміллә» деп жолға шығып кетеміз. Бірақ Астана қаласына қарай жеңіл көлікпен бағыт алған жолаушылар автожолдың сапасына қапалы. Жол сапасының нашарлығынан жолаушылар діттеген жеріне әбден шаршап жетеді. Әсіресе «Қызылорда – Жезқазған» бағытындағы автожолдың сапасы жолаушыларды әбігерге түсіреді. Кәдімгі асфальт жоқ, көліктер 400 шақырым жолды кедір-бұдыр жермен жүріп өтеді. Халық қанша жылдан бері осы бағыттағы автожолдың жөндеуден өтуін армандап келеді. Қуантарлығы, енді бір-екі жылда аталған автожол сужаңа төселген асфальтімен халық иігіліне беріледі. Ол үшін бүгінде қызу жұмыс жүруде.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында «Жезқазған – Қызылорда» автожолы құрылысының қарқынымен танысты. Оны қалпына келтіру бірқатар өңірдің дамуына серпін беруі тиіс.
Бүгінде «Жезқазған – Қызылорда» жобасының 208 шақырымы бойынша 4 мердігер ұйым анықталған. Олармен келісім-шартқа қол қойылған. Биыл жол құрылысына жер бөлу, құнарлы топырақ қабатын алу, вахталық қалашықтар салу және карьерлерді рәсімдеу, сондай-ақ жол-құрылыс материалдарын дайындау жоспарлануда.
Биыл Қызылорда аумағындағы 210 шақырымның 140 шақырымы бойынша жол қозғалысы қамтамасыз етіледі. Яғни астыңғы қабатпен жүруге болады. Бірақ толық құрылысы, яғни Қызылорда жағы 2026 жылы аяқталады.
Премьер-Министр «Жезқазған – Қызылорда» автожолының стратегиялық маңызы барын ерекше атап өтті. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, сол арқылы ел экономикасының дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді. Көлік министрлігіне жұмыстың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін мәселені ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Сондай-ақ автожолды реконструкциялау кезінде мердігер ұйымдардың Ұлытау облысында тұратын мамандарды, қажетті құзырет пен жоғары беделге ие компанияларды тартуға назар аударылды. Жұмыс барысында отандық құрылыс материалдары пайдаланылуы тиіс. Үкімет басшысы автожолды реконструкциялау жұмыстарын жүргізуде жол қауіпсіздігін сақтау қажеттігіне де ерекше тоқталды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін бүкіл республикалық жол желісін нормативтік қалыпқа келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстанда 12 мың шақырым, атап айтқанда, республикалық желі бойынша 8 мың шақырым, жергілікті желі бойынша 4 мың шақырым автожолдың ауқымды құрылысы мен жөндеу жұмыстары басталған. Көлік министрлігінің деректері бойынша, жыл соңына дейін 7 мың шақырымда жұмыстар аяқталады.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!