Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 18:31

Көкжөтел: аймақта 236 жағдай тіркелген

27.08.2024

142

0

Биыл 8 айда ауданда көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен 1 жағдай тіркелген. Аталған дерт 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталып отыр. Науқас бала – егіздің сыңары, оның шала туылуына байланысты көкжөтелге қарсы екпесі салынбаған. Науқастар диагнозын нақтылау мақсатында алынған сынамалардан лабораториялық зерттеу қорытындысында ауру қоздырғышы табылып нақтыланған. Ал былтыр аудан тұрғындарының ешқайсысы бұл дертпен ауырмаған. Бұл туралы ауданның бас санитары Гүлзираш Айымбетова БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

Спикер көкжетел ауруының қазіргі таңда республиканың барлық айма­ғында тіркеліп жатқанын жасырмады. Демек, елімізде көкжөтел ауруының эпи­демиологиялық ахуалы қолайсыз деген сөз. Соңғы мәліметке сүйенсек, аймақта осыған дейін 236 жағдай тіркелген. Аурушаңдық көрсеткіші об­лыс бойынша 100 мың халыққа шақ­қанда 21,5 болса, оның ішінде 184 жағдайы нақтыланған. Ал 50 жағ­дайы зертханалық жолмен зерттеу ба­ры­сында ауру қоздырғыштары анықтал­маған соң есептен алынған.
Ару тіркелгендер арасында 1 жасқа дейінгі балалар арасында 100 жағдай анықталған. 1 жас пен 5 жас арлығында 80 жағдай белгілі болып отыр. Ал 5-9 жас аралығында 4 жағдай орын алған. Оның ішінде көкжөтелге қарсы 22-сі екпе алған. 143-і қарсылық білдіріпті. Медициналық шегініс бергені – 11, егу жасына жетпегендері – 7.
Гүлзираш Айымбетова көкжөтелден сақтанудың тиімді әрі сенімді жолы осы ауруға қарсы екпе жасату дейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, әрбір дені сау бала өзінің жасына сай, яғни бала өмі­рінің 2, 3, 4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек. Одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжө­телмен сырқаттану көрсеткіші өте тө­мен екенін айта кеткен жөн. Тыныс алу жолдарының инфекциясының бел­­гілері пайда болған жағдайда дә­рі­герге уақытылы қаралу керек. Науқас адам­дармен қарым-қатынаста болмау­дың да маңызы жоғары.
– Көкжөтел – ауру қоздырғышы бак­терия болып табылатын, ауа ар­қы­лы жұғатын, ең алдымен тыныс мү­­ше­лерін зақымдайтын әлемде кең таралған жұқпалы аурулардың бірі. Инфекция көзі – көкжөтелмен ауы­­ратын адам. Көкжөтел қоздырғышын тасымалдаушылық аз уақытқа со­зы­лады, сондықтан эпидемиология­лық тұрғыдан айналасындағы адам­дарға қауіпсіз. Аурудың жасырын, жеңіл түрі кезінде науқастар жан-жағын­дағы адамдарға ауруды жұқтырғыш келеді. Ауру қоздырғышы қор­шаған ортаға науқас адам қатты сөй­ле­генде, түшкіргенде, жөтел­генде бө­лініп, ауа арқылы сау адамға жұ­­ғады, – дейді аудандық сани­тар­лық-эпи­демиологиялық бақы­лау басқар­масының басшысы Г.Айым­бетова.
Айта кетейік, көкжөтелдің клини­калық ағымы тыныс жолдарының ка­т­аралды қабыну, ұстамалы жөтел, ауру­дың беті қайту және жазылу сынды 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 12-15 күнге созылады. Бұл кезде науқаста дене қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы, мұрынның бітелуі, жөтел тәрізді белгілер болады. Жөтел бірте-бірте жиілеп, күшейіп, ақырында ұстамалы сипатқа ауысады.
Бұл уақытта аурудың екінші кезеңі басталады. Әдетте ұстама бірнеше жылдам тыныс шығару қимылдарынан басталып, ысқырықты тыныс тартуға ұласады. Содан соң тыныс шығару қайта пайда болып, ол тағы да ұста­малы тыныс тартуға ұласады. Ұста­маның соңы шырышты қақырық бө­лумен немесе құсумен аяқталады. Бұндай ұстамалар күніне жеңіл жағ­дайда 5-8 реттен, ауыр жағдайда 40-50 ретке дейін қайталануы мүмкін. Бұл кезең 2-3 аптаға дейін созылады. Соңғы екі кезеңде ұстамалы жөтел азайып, мүлдем жойылады. Бұл ке­зеңдер 1-3 аптаға созылады.
Аурудың қауіптілігі сол, науқас адам уақытылы емделмеген жағдайда әртүрлі асқыну жағдайларына, оның ішінде бактериялық пневмония, плев­рит, бронхит, отит және синусит тәрізді ауруларға ұласуы мүмкін. Жоғарыда атал­ған белгілер көп жағдайда ау­руға қарсы екпе алмағандар, иммунитеті әлсіз, жиі ауы­ратын балалар мен үлкендер ара­сында көп кездеседі. Көк­жөтелге қарсы егілген ба­лалар ара­сында ауру жеңіл өтеді. Аурудан кейін өмір бойына сақталатын иммунитет қалыптасады, яғни көкжө­тел­мен ауыр­ған адам қайта ауырмайды.
Брифинг соңында БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалына жауап берген ау­данның бас санитары ата-аналар та­ра­пынан көп жағдайда дертке қарсы екпе салдыруға қарсылық болып жат­қанын жасырмады. Бірақ бұл ахуалды одан әрі күрделендірмесе, дерттің ал­дын алуға кері әсерін тигізеді дейді. Сондықтан әр жерден естіген бей­ресми ақпараттарға сүйенбей, сала ма­мандарының кеңесіне құлақ асқан дұрыс сияқты.
– Әлгі дерт жұқтырғандардың тек 22-сі ғана екпе алған. өкінішке орай 140-тан астам адам қарсылық білдірген. Бұл дерттің алдын алудағы біздің шараларымызға кері әсерін тигізеді. Кез келген дерттің алдын алуда, онымен күресуде вакцина маңызды рөл атқарды. Сондықтан оған қатысты ойдағы қарсы түсініктен арылу керек, – дейді спикер.


Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: