Майқайың кенішінде автобус апатынан қаза тапқан құтқарушының отбасы кәсіпорыннан 120 миллион теңге өндіріп алды, деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Құтқарушы Т.-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі оның қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық зиянды өтеуді талап етіп сотқа арызданды.
«Сот жазатайым оқиғаға жұмыс беруші 100% кінәлі екенін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талабын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиянды өндірді», – деп жазылған хабарламада.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қаңтарында «Майкаинзолото» АҚ аумағында үш құтқарушы мен жүргізуші мінген автобус шұңқырға құлап кетті. Қаза тапқандар – «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-нің қызметкерлері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!