Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 07:05

Механизатор Жанәділ

17.09.2024

291

0

Астықтың алтын бояуымен түрленген табиғаттың тамылжыған осы шағы жапан даланы қызу еңбек дүбіріне бөлеген шаруалардың ерен құлшынысымен астасып, ерекше жарасым тапқандай. Біз егін алқабының суреттеуге тіл жетпейтін сұлулығына сұқтана отырып, аудандағы ірі шаруа қожалықтың бірі – «Байтабын» ЖШС-ның егістік алқаптарын аралап келеміз. Күріш пісуінен-ақ «бес қаруын» сайлап, орақ науқанына білек сыбана кірісіп кеткен шаруашылық механизаторлары Сыр салысын ұқыпты жинап алуға асыққан.

«Еңбектің наны тәтті». Осынау ата­лы сөзді ту етіп, еңбегімен қоғамда абыройға бөленіп жүрген жандар көп. Олар өңірді дамытуға, өндірісті өркендетуге, эко­но­миканы алға жылжытуға, татулық-бір­лікті бекем етуге күш салып жүр. Та­лай жыл табандылықпен жұмыс істеп, ке­йінгі толқынға үлгі болған азаматтың бірі – «Байтабын» ЖШС механизаторы Жанәділ Байғазиев.
– Биыл өнім мол шықты. Ендігі біздің міндет – сол астықты шашпай-төк­пей жинап алу. Сол мақсатта бү­гінде еңбек етудеміз. Аталған шаруа қо­­жалықта еңбек еткеніме 20 жылдан асып­ты. Еңбектене ішкен дәмнің тәт­ті­лі­гін, тер төге істеген істің сәттілігін жас­тайымнан түсініп келемін. Техника рөліне отырғаннан қыстай ауылға, көрші ауылдарға мал азығын тасымалдасақ, көктем шығысымен қайнаған тірлікке ден қоямыз. Таңсәріден егістік алқап­та­рына аттанып, қас қарая ғана үйге ора­ламыз. Жер жыртып, дән сеуіп де­гендей, егін-терін жиылғанға дейін шаруа бас­тан асады. Комбайннан бас­тап, трак­торда жұмысымды жалғас­тыр­дым. Шү­­кір, ауылда мал ұстап, егін еккеннің ри­­зығы мол болғандықтан отбасым еш­­теңеден тарылмайды, – дейді еңбек адамы.
Техниканы ұқыпты ұстайтын Жәкең темір тұлпары сынып далада қалғанда да қараусыз тастамай, өзі іске қосып, тап­сы­рыл­ған шаруаны тындырып жү­реді. Осы еңбегі бағаланып, шаруа­шы­лық­та барлық мадаққа ие болған. Жалпы ша­руашылықта бүгінде астық тасы­мал­дайтын 4 трактор жұмыс іс­тейді. Соның біреуін Жәкең тізгіндеген. Механизатор 13 тонналық тракторымен күніне 3-4 рейс жасайды.
– Егістік алқабында трактор тоқ­тап, жүрмей қалды. Қай жерден ақау шығып тұрғанын білемін. Сосын жөн­деуге «бес­пін». Сол жерден дереу жөндей бе­ретінбіз. Қа­зіргі ша­руашылықтағы трак­торлар су жаңа, бұзыла қоймайды. Бар жағдай жасалған, қазіргі техниканың бәрі ақыл­ды ғой. Бұрынғыдай емес, жұ­мыс ауыл­ шаруашылығы саласында әл­деқайда жеңілдеген. Ол – әрине, техни­ка­лардың жаңаруының нәтижесі. Қазіргі кезде жұмысшылар егінді музыканы қо­сып, әндетіп жүріп егеді. Иә, күзбен қатар келетін егін ору сәті – мүлдем бө­лек әңгіме. Егін алқабының сәніне көзіміз тоймайды. Сол алқапқа қарап тұрып-ақ еңбек етуге тәбетің ашылады. Осы­лай бір мезгілден, келесі мезгілге дейін жұмысымыз жалғаса береді. Қыс мез­гілінде техникаларды жаңа маусымға дайындаймыз, – деп маңдайдан шып-шып білінген терін қолғабымен сүртіп, рөлге отыра кетті.
Техника – өте күрделі нәрсе. Оны игеру, тілін білу, бұзылған бөлшектерін жөндеу немесе ауыстыру да өте күрделі процесс деуге болады. Өте кішкентай бөлшектердің ақауын анықтап, оны басқасына айырбастау, тіпті, токарь станогында қажетті бөлшектерді жонып, келтіру жұмыстары үлкен тәжірибе мен шеберлікпен қатар, едәуір уақытты да қажет етеді.
Кішкентай ғана қателіктің өзінен техника жүрмей қалуы мүмкін. Мысалы, мініс атты да күнделікті міну үшін оған жем-шөп беріп қарамасаң, ол да өз­дігінен жүрмейді емес пе?! Техника да сондай, оған күнделікті күтім қажет. Әрбір детальдың атқаратын қызметін біліп, оны жуып, майлап отыру қажет.
Бұл үшін маманға өзінің кәсібіне, жұмысына деген қызығушылықпен қа­тар жауапкершілік, шыдам мен сабыр қажет. Әйтпесе, қай салада болсын, жұмыс істеу мүмкін де, оңай да емес.
Жәкеңді мысал ретінде алатын болсақ, ол механизатор ретінде көптеген қиын жағдайларды басынан өткеріпті. Әйтсе де, «бұл жұмысты атқару қиын, ауыр екен» деген сылтаумен қолды бір сілтеп тастап кетуге әсте болмайды. Қай салада жұмыс істесең де, соның «ыс­тығы мен суығына» шыдап бағуың қажет. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетіп, кәсіби маман ретінде қалыптасуға болады. Біздің еңбек адамымен әңгіме­лескендегі түйгеніміз осы болды.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: