Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 04:07

Маңызды мәселелер назарға алынды

20.09.2024

589

0

Осыған дейін облыстағы құқық қорғау саласының қазіргі жағдайына зерттеу жүргізу, алдағы уақытта маңызды мәселелерді айқындау үшін арнайы жұмысшы топ құылған. Облыстық мәслихат депутаты, жұмыс тобының төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов Жалағаш ауданына іс-сапармен келді. Алдымен аудан әкімі Ардақ Ибраимовпен маңызды мәселелерді пысықтаған халық қалаулысы аудан прокуроры Шыңғыс Есжановпен кездесті. Кездесуде ауданның құқық қорғау органдарының жұмыс сапасы мен алдағы жоспарлары туралы айтылып, қазіргі таңда ауданда қандай қылмыстар жиі орын алуда, қылмыскерді дер кезінде анықтауда және орын алған қылмысты жедел ашуда нендей кедергілер бар, осы және өзге де сауалдардың түйіні тарқатылды.

Мұнан кейін халық қалуалысы Әмірбек Шаймағамбетов пен «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева аудандық полиция бөліміне аялдап, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Халық қалаулысы барлық стандартқа сай полиция бөлімі еліміздің санаулы өңірлерінде ғана бар екенін тілге тиек етіп, соның бірі Жалағаш ауданында бой көтергенін жеткізді.  

Ғимараттың материалдық-техникалық базасымен танысқан халық қалаулысы Әмірбек Шаймағамбетов полиция қызметкерлерімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді талқылады. Әмірбек Бердібекұлы Президент Жолдауында маңызды мәселелер қамтылғанын, сондай-ақ нақты мақсат-міндеттер көрсетілгенін жеткізіп, оны орындауға баршамыз жауапты екенін де қаперге салды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, ішкі және сыртқы саясаттарын жетілдіре түсудің айшықты міндеттері жарқын көрініс тапты. Биылғы Жолдаудың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты тақырыппен ұсынылуының өзі ел ертеңіне деген сенімді нығайтып, мемлекет болашағына деген оптимистік үмітке от беріп отыр. Саяси құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев  «Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз»  деп мемлекеттік даму саясатының нақты жолдарын айқындап берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы қоғам ішінде үлкен серпіліс туғызары ақиқат. Өйткені еліміздің барлық саласы қазіргі таңда орта кәсіби мамандар жетіспеушілігін сезініп отыр. Ал бұл қадамның техникалық және кәсіби білім беру жүйесін табысты реформалау арқылы оң шешімін табарына күмән келтіруге болмайды. Жалпы жаңа Жолдаудағы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты арқылы еңбек адамының қашанда құрметті, әрі сыйлы болу биігіне көтеру бүгінгі Әділетті Қазақстанның жарқын айнасы болуға апарар жасампаз жолы болары хақ. Бұлардан басқа да аса үлкен келелі де өзекті мәселелерді көтерген жаңа Жолдаудың түпкі мақасаты ел игілігін артыруға, қоғам тыныштығы мен ынтымақты сақтауға негізделген жылдың саяси құжаты болғаны анық. Ендігі алда тұрған аса жауапты міндет –Жолдауда айқындалған межелі міндеттердің табысты орындалуына барынша ықпал етумен ерекшеленбек, – деді халық қалаулысы.

Мұнан кейін Әмір Шаймағамбетов полиция қызметкерлерімен бірге аудандық полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайтуда қандай мәселелер бар, осы сауалдың түйінін тарқатты. Бұл тұрғыда полиция бөлімі қызметкерлерінің үніне құлақ түрген халық қалаулысы көтерілген мәселелер жерде қалмайтынын, мүмкіндігінше шешімін табуға жұмыс жасалатынын жеткізді.  

– Бүгінгі жиналыстың басты мақсаты – облыстағы құқық қорғау органдарының жағдайы туралы мәселені талқылау. Сондықтан материалдық-техникалық базаны нығайтуға қатысты ұсыныстарыңыз болса, айтыңыздар. Ұсыныстарыңызды алдағы сессияда көтеріп, жұмыс сапасын арттыруға атсалысатын боламыз. Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жұмысын, материалдық-техникалық базасын жақсы білемін және жаңа тағы бір қарап шықтым. Жаңа сөз басында айтқанмын, тағы да қайталап айтамын, мұндай нысан елімізде санаулы, сондықтан баршаңызды қолда бардың қадірін білуге шақырамын, – деді сала ардагері Әмірбек Бердібекұлы.  

Жиында аудандық полиция қызметкерлері материалдық-техникалық базаны әлі де нығайтуға қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ал облыстық мәслихат депутаты барлық көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізіп, оның шешімі алдағы уақыттың еншісінде екенін қаперге салды. 

Халық қалаулысы Жалағаш ауданына жұмыс сапарында аудан орталығындағы және ауылдық елді мекендердегі учаскелік полиция пунктеріне аялдап, олардың да материалдық-техникалық базасымен танысты.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: