Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 00:06

Ротация туралы не білеміз?

03.12.2024

93

0

Ротация – мемлекеттік қызметшінің басқа мемлекеттік органға немесе мемлекеттік орган құрамындағы ведомствоға немесе мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшесіне лауазымдық ауысуын білдіреді.

Ротацияның негізгі мақсаттары мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қызметшілердің кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін дамыту және тиімді пайдалану.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен ротация институты енгізіліп, ол тек саяси мемлекеттік қызметшілерге, «А» корпусының қызметшілеріне, сондай-ақ, «Б» корпусы қызметшілерінің бірінші басшыларына міндетті болып келді.

Мемлекеттік қызметшілерді қолдау мақсатында басқа елді мекенге ротацияланған қызметшілер қызметтік тұрғынжаймен (жекешелендіру құқығынсыз) қамтамасыз етілетін болды, тұрғынжай болмаған жағдайда тұрғын үй жалдау үшін ротациялық төлемдер төлеу қарастырылды.

Сонымен қатар, осы жылдың қазан айынан бастап ротациялануға жататын тұлғалардың аясы кеңейтіліп, «Б» корпусының C-O-2 (департамент басшысының орынбасары), D-O-2 (басқарма басшысының орынбасары) және Е-1 (қала және аудан әкімдерінің орынбасары) санаттарындағы мемлекеттік қызметшілер де ротациялануға жататын болды.

Ротация «Б» корпусының қызметшілері арасында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға және лауазымын атқарып жатқан мемлекеттік қызметшілер арасында, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың арасында жүргізіледі.

Бірінші кезекте ротациялануға жататын тұлғаларды анықтауда мына мәселе ескерілуі қажет. Мүгедектігі бар адам, жүкті, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана, көпбалалы ата-ана (қорғаншы) немесе асырауында мүгедектігі бар ата-анасы не Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген жасына байланысты зейнеткер ата-анасы бар мемлекеттік қызметшілер басқа өңірге ротацияланудан босатылады. Бірақ бұл көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуы тиіс. Егер осы мемлекеттік қызметшілердің өз келісімдері болған жағдайда ғана ротациялануға жол беріледі.

Бұдан басқа, зейнеткерлік жасқа жетуіне үш және одан да аз жыл қалған мемлекеттік қызметші ротациядан босатылады. Ол үшін мемлекеттік қызметші өтініш береді, ал уәкілетті адам ротациядан босату туралы акті қабылдайды. Бұл жерде уәкілетті адам – мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам.

Ротациялау заңдылықтары сайланатын мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.

Ротация мынадай схемалардың біреуі бойынша жүргізіледі:

     1) деңгейаралық («орталық – өңір», «өңір – орталық»);

     2) өңіраралық («өңір – өңір»);

     3) сектораралық («орталық – орталық»);

     4) ішкі өңірлік (өңірдің шегінде).

Мемлекеттік қызметші соңғы атқаратын лауазымына тағайындалған күнінен бастап 4 жылдан кейін ротациялануға жатады. Ол ротациядан жазбаша бас тартқан жағдайда лауазымда болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін, не сол мемлекеттік органда бос лауазым болып, келісімі болған жағдайда лауазымынан төмендетіледі немесе атқаратын лауазымынан босатылады. Лауазымынан төмендету конкурс өткізілместен жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметші кез келген бос тұрған төменгі лауазымға бара алады, бірақ оған үстемақы немесе жұмыстан босатылу жәрдемақысы төленбейді. Бұдан әрі атқаратын лауазымында болу мерзімін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның шешімімен тағы екі жылға ұзартуға жол беріледі. Осылайша мемлекеттік қызметші бір лауазымды сегіз жылдан артық атқара алмайды.

Персоналды басқару қызметі немесе персоналды басқарудың бірыңғай кадр қызметі ротация мерзімі басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей уәкілетті адамның қарауына ротациялануға жататын қызметшілердің тізімін енгізеді.

Уәкілетті адам мемлекеттік қызметшіні алдағы ротация туралы күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді.

   Ротациялау немесе лауазымда болу мерзімін ұзарту жайлы сұраныс жолдауда уәкілетті адам мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға (орталық аппарат) мына құжаттарды ұсынады:

Ротациялау немесе лауазымда болу мерзімін ұзарту себептері көрсетілген ұсыныс;
Бекітілген біліктілік талаптары (ротациялау кезінде қолданыстағы);
Қызметшіге жолданылған хабарлама, оның жауабы, персоналды басқару қызметі немесе персоналды басқарудың бірыңғай кадр қызметінің қызметтік хаты мен уәкілетті адамның шешімі.

Ротациялануға жататын мемлекеттік қызметшілер туралы шешім 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін қабылданып болуы тиіс.

Мирамкүл БИБІТОВА,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Қызылорда облысы бойынша

департаменті басшысының орынбасары –

Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: