Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Бейсенбі, 30 қаңтар, 22:34

Оқырмандар клубы құрылды

28.01.2025

376

0

Ауданда алғаш рет мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында кітап оқырмандары клубы құрылды. Оқырмандар ортасын құру мақсатында өткен еркін форматтағы кездесуде жастар арасында терең танымдық түсінік қалыптастырып, кітап оқуды әдетке айналдыру бағытында пікір алмасулар болды.

Жаңа мақсатқа жол тартқан жаңа құ­раммен кездесуге аудан әкімі аппа­ратының басшысы Жасұлан Дүйсекеев қатысты.
– Біздің басты мақсатымыз – жас­тардың кітап оқуға деген қызығушы­лықтарын арттырып, одан әрі жан­дан­дыру, оқырмандар қатарын толық­­тыру. Тек оқып қана қой­май, кітапты бірге талқылау. Яғни оқыр­мандар алдағы уақытта клубта білім нәрімен сусындап қана қой­май, әрбір та­қырыпты толыққанды талқы­лайтын болады. Сондай-ақ пікір сайыстар тұ­рақты түрде өткізіліп тұ­рады, – деді Жасұлан Талғатұлы.
Иә, кітап – ой-өрісімізді дамытып, рухани байлығымызды арттыратын ең қымбат дүние. Қазір әр оқырманның кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту мақ­сатында аудандық кітапханада «Әлем book» оқырмандар клубы да жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ мұнда оқыр­ман­дарға арнап «Кітап – ғасыр мұрасы» атты кітап көрмесі, «Kitap Travel» атты кітап әлеміне саяхат, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы, «Түнгі кітапхана» сынды жобалар іске қосылған. Оқимын, ізде­немін деген кітап сүйер қауымға арналған жоба оқырманның білімге де­ген құштарлығын ашып, жанға жай­лылық пен тыныштық сыйлайтыны рас.
Кітапхана басшысы Ұлмекен Меңді­баеваның айтуынша, қазір оқырманның басым көпшілігі – жастар. Олар көбіне мотивация, психологияға байланысты кітаптарды жиі іздеп келеді екен. Ол әр оқырманның сұранысына сай кітаптарды мейлінше тауып беруге тырысып, кітап оқимын деген оқырманға дұрыс бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ білімқұмар жастарды ақын-жазушылардың мерей­тойына арналған іс-шараларға тұрақты түрде қатыстырып тұрады.
Кездесу барысында түрлі мазмұн­да­ғы туындылар мен тарихи мәнге ие оқиғалар желісінде жастар өздері оқы­ған кітаптарға тоқталып өтті. Мәселен, М.Шәменов ауылындағы мәдениет үйі­нің қызметкері Гүлнар Мырзалиева кездесу ба­­ры­сында өзінің жиі кітап оқитынын жеткізді. Айтуынша, Гүлнар көбіне қо­лына әдеби кітаптарды алады.
– Бала күнімнен кітап оқығанды жақ­сы көремін. Соңғы оқыған кітабым – Дулат Исабековтың «Гауһартас» шы­ғар­масы. Бұл жас отбасылардың ша­ңы­рағының шайқалмай, махаббатқа адал болуын ұққызатын шығарма. Кі­тапта қарапайым шаруа шаңырағына Салтанат есімді бойжеткен келін болып түседі. Шаруаның үлкен ұлының жары атанған Салтанат ол отбасыға мейірім сәулесін төгеді. Жү­регі мейірімге толы Салтанаттың жібек мінезіне ата-енесі мен қайнысы дән риза. Жалғыз қайнысы Қайыркен жең­гесімен жақын дос болып, оған еркелей жүріп үй шаруасына қолғабыс етеді. Тек жары Ыбыш қана Салтанатқа қа­тал болады. Ақыр соңында жарының мейірім махаббатына бөлене алмаған Салтанат ауыр дертке шалдығып, жүрек ауруынан қайтыс болады. Содан кейін ғана Ыбыш өз бақытынан айрылып, әйелін қадірлемегенің кеш түсінеді, – дейді ол.
Иә, бұл шығармада адам қандай болса да, өз бақытын кеш болмай тұ­рып қадірлей білу керектігі айтылған. Сал­танат Ыбышқа адал жар болып, оның ата-анасына мен бауырына қамқорлық көрсете білді. Ал Ыбыш Салтанатқа тек қатал қабақ шытып, оған жылулық мен мейірімділік таныта алмады. Адам қанша жерден қатал болғанымен отбасында мейірбан, жұмсақ болуы шарт. Себебі отбасы өмірдегі ең маңызды құндылық екенін естен шығармаған жөн.
Айта кетейік, былтыр аудан жас­та­­рының қатысуымен тал егу, тазалық ак­циялары, түнгі рейд, кеңес беру жұ­мыстары, кездесулер, семи­нар-тре­нинг­тер, интеллек­туалды сайыс­тар, мәдени-спорттық шара­лар, кино­көр­се­тілімдер тұрақты түрде ұйым­дас­тырылып ке­леді. Наша­қор­лықтың, зорлық-зомбы­лық­тың, құқық бұзушы­лықтың алдын алу бағытында түрлі әлеуметтік бейне­роликтер түсірілді.
Волонтерлік қызмет көрсету бойын­ша «Jalyndy jas» еріктілер мек­тебінің жұмысы жыл санап өз маңыздылығын көрсетуде. Бүгінгі күнге дейін еріктілер Азаматтық бастамаларды қолдау ор­талығының бастамашыл топтарды және еріктілерді қолдауға арналған ша­ғын гранттарын жеңіп алу арқылы ау­дан жастары түрлі жобаларды жүзеге асыруда.
Ал биыл жастардың рухани, шығар­машылық және әлеуметтік дамуына ықпал етіп, білім алу, мәдени-спорттық іс-шараларға қатыстыру, кәсіпкерлік дағ­дыларын дамыту бағытында іс-ша­­ралар ұйымдастырылмақ. «Жұмысшы ма­­мандықтар жылы» аясында еңбек на­рығындағы жұмысшы маман­дық­тарын дамыту, жастарды осы салаларға тарту және өндірістік дағдыларды арт­тыру мақсатында кент және ауылдық ок­руг­терде кездесулер ұйымдастыру және дәріптеу жұмыстары жүргізіледі.
Мұнан бөлек, NEET санатындағы жас­тардың үлесін төмендету, пробация санатында тұрған жастармен спорттық сайыс, семинар-тренингтер өткізуде бір жолға қойылмақ. Жастар арасында құ­қық бұзушылықтың алдын алу, суға түсу маусымындағы қауіпсіздік шаралары, салауатты өмірді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында ро­ликтер түсіріліп, түрлі форматта тре­нингтер де кеңінен өткізілмек.
Ал «Ба­қытты отбасы» партиялық жобасы аясында жас әкелердің қо­ғам­дағы рөлін арттыру мақсатында «Жас әкелер» форумын өткізіп, елімізге та­нымал отбасылық спикерлерді қатыс­тыру арқылы әке мен отбасы туралы іс-шаралар өткізу қолға алынбақ. Бүгінге дейін аудан жастарының қатысуымен 100-ден аса шара өтті. Олар білімге де, спортқа да, өнерге де бейім. Енді ал­дағы уақытта кітап оқуға бейім жастар түрлі бағыттағы талқылаулар мен кез­де­сулерде де тұрақты бас қосатын болады.

А.Бүркітбай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: