Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Сенбі, 22 ақпан, 14:00

Жалағаштық жастардың жеңісі

11.02.2025

86

0

Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Дәуімбай» командасы өткен аптада «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ филиалына қарасты «Orda» жоғары колледжінің ұйымдастыруымен өткен «Orda» колледжі директорының кубогына арналған жайдарман сайысында өнер көрсетті. 8 команда қатысқан үлкен сайыста жалағаштық жас жайдарманшылар І орынға ие болды.

Кеше аудан абыройын асқақтатқан жастармен жүздесу үшін арнайы жастар ресурстық орталығына бардық. Өздеріңізге белгілі бұл орталықтың қолдауымен аудан жастары бірқатар жарқын жобада төбе көрсетуде. Оның дәлелі «Дәуімбай» құрамасының кешегі жайдарман ойынындағы жеңісі.
Иә, жайдарман – талантты жастардың басын қосатын танымал алаң. Аудандық жайдарман лигасының жетекшісі Ақтан Ералының айтуынша, қазіргі таңда жалағашта 18 команда жайдарман сахнасында өнер көрсетеді. Олардың барлығы мектеп жасындағы оқушылар.


– Шыны керек, бұрын ауданда жайдарман ойынының қарқыны қазіргідей болмады. Әрі кетсе ойынға 6-7 команда қатысатын. Жыл сайын аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қолдауымен жайдарманға қызығатын жастар қатары артып келеді. Сөзіме қазіргі таңда ауданда жайдарман ойынына қатысатын 18 команда бары дәлел. Әр команда да 7-8 қатысушыдан есептегенде 150-дей шәкірт тәрбиеленуде. Олардың барлығы сахнаға төселген. Тек жайдарман ойынына ғана қатысып қоймай, еріктілермен бірге волонтерлық қызметте атқарады, – дейді Ақтан Аманбайұлы.
Айта кетейік, дәстүрлі түрде жыл сайын аудандық жайдарман лигасы өтіп келеді. Былтыр мәдениет үйінде аудан әкімінің жүлдесіне арналған республикалық жайдарман сайысы өтті. Ойында еліміздің басқа өңірлерінен келген 13 команда бақ сынап, жеңімпаздарға аудан әкімінің алғысы мен қаржылай сыйақы табысталды.
Жүйрік ой мен табанасты тапқырлықты талап ететін жайдарман ойынында жалағаштық жастар бірқатар жетіс­тікке жеткен. Тарқатып айтсақ, Қызылорда жайдарман филиалының ұйымдастыруымен өткен «Bastau Liga» ойынында «Аққыр» құрамасы чемпион атанса, «Дәуімбай» құрамасы үздік үштікті түйіндеген. Ал «Мардан ұландары» командасы – республикалық «Jaidarman Junior» ли­га­сының жартылай финалисттері. Аудандық жайдарман командаларының ішінде шоқтығы биік құраманың бірі – «Дәуімбай» командасы. Олар Тасбөгет кенті әкімі кубогы мен Қараөзек әкімі кубогының бас жүлде иегері. Әр ауданның абыройын арқалап келген командалар бақ сынаған сайыста жерлестер жеңісті ешкімге бермеуде.
Сонымен қатар «Сыр лигасының» жайдарман са­йысында да жалағаштық жастар топ жарған. Бұл ойында 8 команда ішінен «Дәуімбай» құрамасы ІІІ орын иеленіп, 180 мың теңге көлеміндегі музыкалық колонка еншілеген болатын. Бұған дейін де бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінген олар аудандық жайдарман лигасының қатарынан үш дүркін жеңімпазы болды.
– «Дәуімбай» құрамасы осыдан 4 жыл бұрын құрыл­ды. Осы уақыт аралығында аудандық, облыстық, рес­публикалық ойындарда біршама жетістікке қол жеткіздік. Осы тұста аудан әкіміне, жастар ресурстық орталығының директорына, жайдарман лигасының жетекшісі Ақтан Аманбайұлына ерекше алғысымызды білдіреміз. Өзіңіз білетіндей, жайдарман – достық мекені. Біз осы ойын арқылы жанымызға жақын бауыр, адал дос таптық. Сахнада қанша жерден қарсылас болсақ та, сахна сыртында бір-бірімізге тілекші болып тұрамыз, – дейді құрама жетекшісі Нұрасыл Жарылқасын.
Қазіргі таңда командада 4 ойыншы бар. Олардың 2-еуі З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте білім алса, 2-еуі – Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің оқушысы. Олардың алға қойған жоспарлары көп. Соның бірі – қай саланы таңдаса да, жайдарманнан қол үзбеу. Яғни елге ерен еңбек ете жүріп, өздері секілді жас буынды жайдарманға баулу. Сонымен қатар алда өтетін республикалық ойындарда топ жарып, аудан абыройын асқақтату.
– Былтыр Қызылорда қаласындағы педогогикалық колледжде жайдарман ойыны өтті. Оған бұл құрама қатысушы ретінде емес, қонақ болып барып, ойын көрсетті. Шыны керек, жігіттер финалда өнер көрсеткен командалардан асып түсті. Ойын біткен соң көрермендер жігіттерге құрмет-қошеметін көрсетіп, естелік суретке түсті. Жалпы «Дәуімбай» құрамасының жайдарманда өзіндік орны бар. Олар дайындық барысында өздері ізденіп, сахнада сөздерін ұмытып қалған сәттер де еш саспай табанасты жаңа әзіл шығарып, ойынды абыроймен аяқтап шығады, – дейді жайдарман лигасының жетекшісі Ақтан Аманбайұлы.
Иә, қалжыңы қалтасында жүретін «Дәуімбай» құрамасының жігіттері ойын барысында қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді астарлы әзілімен жеткізу арқылы көрерменнің көзайымына айналған. Жалпы маусымашар – жайдарманшылар үшін жаңа маусымға, жаңа жылға, жаңа белеске леп беретін байрақты байқау. Бүгінгі мақаламызға арқау болған «Дәуімбай» құрамасы қазіргі таңда ақпан айында Астана қаласында өтетін республикалық «Маусымашар – 2025» маусымына қызу дайындық үстінде. Бұл жайдарманшылармен қатар ойынға аудан атынан «Мардан ұландары» мен «Таң жастары» құрамасы да қатыспақ.
Сәтті сұқбат соңында жерлестерімізге сәттілік тілеп, жүлдемен оралғандарын оқырмандарымызға сүйіншілеуге тілектестік білдіріп қайттық.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: