Тілшілік тірлікпен кеше тағы жолға шықтық. Бұл жолғы бағытымыз – Мәдениет ауылы. Бұл ауылдың тынысымен бұған дейін де етене таныспыз. Ауыл жастары білім, өнер, спорт додаларында топ жарып, бас бәйгені еншілеп келгенде олардың жеңісін оқырман қауымға жеткізу үшін арнайылап ауылға атбасын бұрғанбыз. Ал бүгін мұнда келудегі мақсатымыз – соңғы жылдары ауылда атқарылған ауқымды істер мен жүзеге асатын жарқын жобалардың жай-күйімен танысу.
Ауыл әкімі Төлеген Қорғанбектің айтуынша, былтыр 1,3 млн теңгеге ауылдың ішкі көшелеріне жасыл белдеуді қоршау және 522 мың теңгеге ауылды көркейту көғалдандыру жұмыстары жүргізілген. Мәдениет ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратына 3 бейнебақылау камерасы орнатылып, құны 2,6 млн теңгені құрайтын «Жеңіс» бағы жанында орналасқан спорт алаңына жөнделген. Мұнан бөлек ауыл тұрғындарының демеушілігімен 3,5 млн теңгеге А.Құнанбаев көшесі бойынан 0,10 гектарды құрайтын балалар ойын алаңы мен саябақ, Ж.Жабаев көшесіне 0,15 гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылып, «ӘлемТрансЖол» ЖШС демеушілігімен 7 млн теңгеге ауызсу мұнарасы ауыстырылған.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының 90 пайызының есік алдына ауызсу жеткізілген. Сондай-ақ жалпы құны 199,8 млн теңгеге Жаңақоныс көшесін орташа жөндеуге ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім жолданған. Ал Ж.Тайшиев көшесі бойынан 250 метр жерге жаңадан қоршау жұмыстары жүргізіліп, алдағы көктемде ағаш отырғызуға дайындық жұмыстары жүргізілді.
Кәсіпкерлік қарқын алған
2 мыңға жуық халқы бар ауылда жұмыссыздық деңгейі 1,5 пайызды құрайды. Мұнда 139 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, қазіргі таңда оның 108-і нақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 1 ЖШС, 5 кооператив, 48 шаруа қожалық, 85 жеке кәсіпкерлік субектісі бар. Мұнан бөлек 5 күріш ақтайтын диірмен, 10 жеке кәсіпкердің сауда дүкені, 1 қоғамдық монша, 2 автокөлік жуу орталығы тұрғындарға қызмет көрсетуде.
– Ауылда соңғы жылдары көптеген жарқын жоба жүзеге асты. Жаңадан спорт мектебі, мәдениет үйі, 90 орындық балабақша бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Жаңа нысандар тек ауыл мәдениеті мен спортына серпін беріп қана қоймай, ауылдағы жұмыссыздық мәселесіне тұсау болды, – дейді ауыл әкімі.
Мәдениеттегі мәдениет ошағындағы кітапхана да оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп, ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі шаралар өткізіп, жастарды кітап оқуға баулуда. Мұнан бөлек 80-ге жуық бала спорт мектебінде тұрақты шұғылданып, республикалық жарыстарда Азия, Әлем чемпионатында жеңіспен оралып жүр.
Ауылда егін, мал шаруашылығынан бөлек кәсіпкерлік саласы да қанат жайып келеді. Бұрын жергілікті тұрғындар тек егін және мал шаруашылығымен айналысса, бүгінде сала түрленген. Сұхбат барысында ауыл әкімі «Кәсіп істеп, шаруамды ширатамын» деген жастарға қашанда қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарына дайынмын» деген болатын.
Былтыр мемлекет тарапынан берілген қолдауды 8 тұрғын тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастағанына қарап, ауыл әкімінің кәсіпкерлік саласына серпін беруде аянып қалмағанын аңғардық. Қайтарымсыз грант жеңіп алған ауыл тұрғындарының басым көпшілігі мал шаруашылығын дамытуда. Мәселен, Жандос Байболов мал бордақылау ісімен айналысып кәсібін өркендетсе, Серік Бөдешов, Асылхан Қаппаров, Есенкелді Ердесов, Әйгерім Тапаева сынды тұрғындар мемлекеттің қайтрамсыз қаржысына қол жеткізіп, жылқы, сиыр өсіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Мұнан бөлек бір кәсіпкер кондитер өнімін қолға алған. Ауыл тұрғындарынан бөлек көршілес ауылдағы ағайынға да өз өнімін ұсынған кәсіпкер кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, мемлекет тарапынан тағы да қолдау болса, ауласынан үлкен цех ашып, жұмыссыз жастардың санын азайтпақ.
Ауылдағы кәсіпкерлер қайырымдылық шараларынан тыс қалмайды. Игілікті істердің басы-қасынан табылатын шаруашылық басшылары іс-шараларда, мерекелерде ауыл қарттарына сый-сияпат жасайды. Одан бөлек мұқтаж жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға да көмек қолын созып, өзгелерге үлгі болып жүр.
Ауыл экономикасының негізгі тірегі – егін шаруашылығы. Соның ішінде күріш егумен айналысатын бұл ауылда бүгінде бірнеше шаруа қожалық бар.
Мәдениет ауылының жалпы жер көлемі – 11 718 гектар. Оның ішінде шабындық жер көлемі – 7 850, егістік жер көлемі – 4 275 гектар. Мұнан бөлек 1 397 гектар жайылымдық жері тағы бар. Былтыр көктемгі науқанда 1157 гектар күріш, 269 гектар жаңа жоңышқа, 139 гектар мақсары егілген. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына бау-бақша егуге шаруашылық басшыларының көмегімен елді мекеннің оңтүстік бетінен 25 гектар жер ашып беруге көмек көрсетілді.
– Бүгінде елді мекенде 11 ішкі көше бар. Оның 9-ы асфальтталған. Ал 2 көше күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл ауыл бойынша 4 көшеге жарықтандыру жұмыстарына ЖСҚ әзірлеп, Ж.Жабаев көшесіне жаңадан тас төсеу жұмыстары, Жаңақоныс көшесін асфальттау жұмыстары жүргізіледі, – деді ауыл әкімі.
Елді мекеннің ахуалы басқа ауылдардан көшілгері. Теп-тегіс жол, мектеп, балабақша, мәдениет үйі мен спорт мектебі, кәсіппен айналысамын дегендерге қолдау, бәрі де ауыл игілігіне жұмыс істеп тұр. Тұрғындар қай істе де ауызбіршілік пен ынтықмақты ту еткен. Сондықтан ауылда атқарылған жобалар сәтті жүзеге асып отыр.
А.ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!