«Базз Лайтер» мультфильмінің көрсетіліміне Қазақстанда тыйым салынған жоқ. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алайда картина прокатқа шықпайды. Абаевтың айтуынша, оған бірнеше себеп бар.
«Біздің елде цензураға тыйым салынған. Сондықтан министрлік «Базз Лайтер» анимациялық фильмінің Қазақстанда көрсетілуіне тыйым салған жоқ.
Менің постымда олай деп жазылмаған. Мен тек аталған картинаның елімізде прокатқа шықпайтынын хабарладым», – деді министр.
Айта кетейік, біржынысты қарым-қатынасты насихаттайтын «Базз Лайтер» мультфильмі Қазақстанда көрсетілмейтін болды. Бұған дейін продюсер Нұртас Адамбай картинаның көрсетіліміне қарсы шыққан болатын. Ал продюсер Баян Алагөзова зайырлы елде барлық ориентация өкілдеріне теңдей құқық берілуі керектігін айтып, гомосексуалдарды қолдады. Ол Адамбайдың пікіріне қарсы шығып, оның «Келинка Сабина» фильмінде де дәстүрлі емес контент бар екенін атап өтті. Осы ретте Абаев мультфильмнің көрсетілуіне тек Нұртас Адамбай қарсы шықты деген медиа тұлғалардың қателесетінін айтты.
«Желіде «Базз Лайтер» мультфильміне тыйым салу талабымен петиция құрылып, 35 мың қол жиналды. «Қарсы» тараптан тек 4 мың адам қол қойды.
Әкімдіктердің ақпаратына сүйенсек, бірнеше өңірде митинг өткізу туралы ұсыныстар түскен. Министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың мекен-жайына тұрғындардан көптеген шағымдар келіп түсті. Оны елемеу еліміздің қарапайым азаматтарының даусын ескермегенмен бірдей. Ашық үкімет те сол үшін құрылды.
Екіншіден, жолданған шағымдарға анализ жасай келе түсінгеніміз, халық кейбіреулер «зиянсыз», «небәрі бірнеше секундқа созылатын», «бейкүнә» деп атаған біржынысты жұптың сүйіскеніне ғана наразы емес. Фильмдегі біржынысты махаббат желісі дамып, отбасы құрылып, ұрпақ жалғастыру фактісінің өмірлік норма сияқты қабылдануы халықтың үлкен наразылығына себеп болып отыр.
Біз, министрлік ретінде заңға қайшы келмесе, мұндай сюжетке этикалық баға бере алмаймыз. Бірақ қоғамдық пікірді елемей қоя алмаймыз.
Үшіншіден, жоғарыда аталғандарды сараптай келе министрлік кинокартинаның Қазақстандағы ресми прокатшысымен бірнеше кеңес өткізді. Белгілі бір кеңестер берілді. Оның көрсетіліміне тыйым салынған жоқ. Бірақ фильм прокаты – ол бизнес. Ал бизнес қашан да қауіптілікті ескереді.
Жоғарыда аталған барлық фактілерді ескере келе фильмді прокатқа жібермеу туралы шешім қабылданды», – деп жазды Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!