Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Дүйсенбі, 09 маусым, 02:14

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ 

08.06.2025

15

0

Алғаусыз алғыс… Риясыз ризашылық… Түлектердің тілегі… Қырық жылдан кейінгі кездесу… Қолға алуыма мәні мен маңызы терең осынау ұғымдар тікелей әсер етті. Нақтырақ айтсам, бұл жолы білім мен ғылымның қасиетті қарашаңырағы атанған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті туралы жазбақпын. Тоқсан жылдан астам тарихы бар, талай тарихи белестерді зор жетістікпен, асқақ абыроймен еңсерген, Тәуелсіз Қазақстанның ғана емес әлемнің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтар білім алған іргелі оқу орнына деген түлектердің шынайы алғысын, жүрекжарды лебізін естіп, біліп, тебіренбеу мүмкін емес. 

Иә, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті іргесі қаланған уақыттан бері еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына зор үлес қосып келеді. «Ғылыми әлеуетті дамыту – бәсекеге қабілетті болудың алғышарты» дейтін болсақ, бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті халықаралық білім мен ғылым кеңістігінде өзіндік орны, мәртебелі төрі бар, жоғары білім саласындағы көшбасшы университеттің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, білікті мамандардың ұстаханасы ретінде өзінің бірегей дәстүрін қалыптастырды. Халқымыздың біртуар перзенттері, әйгілі академиктер дәріс оқыған оқу орнының мыңдаған түлегі егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуы жолында аянбай тер төгіп, бүгінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері атанды. Кейінгі жастар да осы сабақтастық дәстүрін сақтап, аға буынның абыройлы жолын лайықты жалғастырып келеді.

…Бірер апта бұрын, яғни 17-18 мамыр күндері осынау іргелі оқу орнының Заң факультетін 1985 жылы бітірген түлектердің 40 жылдық кездесуі өтті. Түлектер үшін айтулы дата, мерейлі мерейтой. Қырық жылдан кейінгі кездесуге еліміздің түкпір-түкпірінен абырой биігіндегі ардақты азаматтар жиналып, қуанышты кездесудің, ізгі іс-шараның сәні мен салтанатын, мәні мен маңызын айшықтай түсті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев байырқалы басқосудың жоғары деңгейде өтуіне көп қолдау жасады. Университет басшылығының зор ілтипаты мен құрметіне түлектер дән риза болды. Әсіресе оқу орнының бүгінгі жетістігі мен жаңалығын көзбен көріп, жұмыстарымен етене танысып ерекше әсер алғанын айтпай өту мүмкін емес. 

Бұл туралы оқу орнының түлегі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі, ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы, ҚР Конституциялық Сотының судьясы секілді аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, халық алғысына бөленген Қайрат Жақыпбаев «…мерейлі күннің аясында Университет Музейіне бардық. ҚазҰУ-дың 90 жылдық тарихын, қазақ ғылымы мен білімінің қалыптасу жолын және ұлы дала мәдениетінің бірегей мұраларын өз көзімізбен тамашаладық. Музей аумағында орналасқан «Тарих галереясы», «Даңқ залы» және «Университеттің тұрақты дамуы» залдары ерекше әсер қалдырды. М.О.Әуезов, Қ.И.Сәтбаев, А.Байтұрсынов сияқты ұлы тұлғалардың ғылыми мұраларына арналған витриналар мен «Алтын адам» кешені тарихтың тірі куәсі іспетті. Ахмет Байтұрсыновтың жиен немересі тарту еткен күйсандық – нағыз жәдігер. 3D технологиямен жасалған заманауи экспозициялар мен «XXI ғасырдың Жершары» композициясы білім мен инновацияның үйлесімін паш етеді. Университет Музейі – жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті оятатын орын деген қорытындыға келдім» дейді. 

Замандасының сөзін қуаттай түскен оқу орнының түлегі, ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары секілді аса жауапты қызметтерді мінсіз атқарып, өз ісінің майталманы атанған Әбдірашит Жүкенов «Мерейтойлық кездесулердің әсерімен қатар Университетіміздің тағы бір таңғажайып жаңалығымен танысудың сәті түсті. «Farabi hub» инновациялық орталығында орналасқан жаңа Суперкомпьютер кластерін өз көзіммен көрдім! Шынымды айтсам, ауқымы мен технологиялық деңгейі қатты таңғалдырды. Бұл Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер екен! Оның 2000 терафлопс өнімділігі – бұл жай ғана сан емес, бұл ғылым мен инновация үшін ашылған жаңа көкжиек. Президенттің тапсырмасымен әзірленіп жатқан қазақ тілінің үлкен тілдік моделін (LLM) дамытуға, IT және жасанды интеллект саласында білікті мамандар даярлауға, жалпы еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосар үлесі орасан зор екеніне көзім жетті. Осындай заманауи технологиялардың өз елімізде, өз Университетімізде қолға алынып жатқаны көңілге ерекше бір мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл біздің ғылыми әлеуетіміздің артып, болашаққа деген сеніміміздің нығая түскенін білдірсе керек. ҚазҰУ-дың осындай игі бастамаларына тек сәттілік тілеймін!» деп тілектестігін білдірді.

Басқосу болады дегенді естіп, жалынды жастық шағы өткен оқу орнына үлкен тебіреніспен келген оқу орнының түлегі, еңбек жолында бірнеше өңірде әскери прокурор болып жемісті еңбек етіп, ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасының орынбасары ретінде заң үстемдігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан Болат Тазабеков «Мерейтойды Альма-матердің қабырғасында атап өту кезінде тағы бір керемет жаңалықтың куәсі болдым. Мен «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығына бас сұғып, ондағы тың жобалармен таныстым. Шынымды айтсам, орталықтың жұмысы, әсіресе, «Ai-Gerim» деп аталатын отандық әлеуметтік гуманоидты роботты әзірлеу жобасы қатты қызықтырды. Бұл жай ғана темір тұлға емес, адамға ұқсас, қарым-қатынас жасай алатын, тіпті мұражайда гид немесе дүкенде кеңесші бола алатын ақылды көмекші екен. Оның 21 еркіндік дәрежесі, триподтармен қозғалатын бірегей бас пен дене дизайны адамның табиғи қимылын қайталайтыны таң қалдырды. Бұл жобаның мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталғаны ерекше құрметке лайық. Профессор, академик Жұмаділ Байгөншеков бастаған ғалымдар тобының еңбегі зор екені көрініп тұр. Орталықтың робототехника саласындағы басқа да зерттеулері, параллельді роботтар мен манипуляторлар, сондай-ақ жастарды осы салаға тартуы – еліміздің технологиялық болашағына қосылған үлкен үлес. ҚазҰУ-дың осындай инновациялық бағытта дамып жатқанына қуаныштымын және мақтанамын» – деп алған әсерімен бөлісті.

Іс-шара барысында түлектер назарына ұсынылған тағы бір орын университеттің мақтанышы – «FARABI ROBOTICS». Бұл орталықтың маңыздылығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Индустрия 4.0» отандық өнеркәсіпті жаңғыртудың маңызды бағыты екенін атап өткенін білеміз. Міне, сол тапсырмаға сәйкес, 2024 жылы ҚазҰУ базасында құрылған бұл орталық – «ақылды өндіріске» көшудің нақты қадамы деп бағалауға болады. Орталықтың жұмысын KUKA компаниясының өнеркәсіптік роботтары қамтамасыз етеді. Орталықтың басты мақсаты – Индустрия 4.0 жүйесінде жұмыс істейтін кәсіби кадрларды даярлау, өндірісті автоматтандыру және цифрландыру. «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» және «Hyundai Trans Kazakhstan» сияқты ірі өнеркәсіптік компаниялармен келісім жасасып, олардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп отырғаны – бұл нағыз ғылым мен өндірістің интеграциясы. Осы ретте университеттің тағы бір жаңа, заманауи жетістігіне тоқталсақ. Бұл – әлемге әйгілі ZTE корпорациясымен бірлесіп ашылған зертхана. Шілде айында ғана ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен ZTE корпорациясының аға вице-президенті Лю Цзянь ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын естіген болатынбыз. Енді міне, сол келелі келісім өз нәтижесін беруде. Зертхананың жабдықталуына көз сүйсініп, көңіл толады. Нақтырақ айтсақ, ультра жылдамдықты платформалар, көпжиілікті жүйелер, жасанды интеллект технологиялары, ультра кеңжолақты антенналар – бәрі де 4G және 5G желілерін құруға бағытталған. Бұл студенттер мен оқытушылар әлемдік деңгейдегі технологиялармен жұмыс істеп, халықаралық стандарттарға сәйкес сертификат ала алады деген сөз. ZTE компаниясының 5G технологияларын әзірлеудегі көшбасшы екенін ескерсек, бұл біздің жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік. Осындай халықаралық деңгейдегі корпорациялармен ынтымақтастық орнатып, студенттерге тәжірибе жинақтап, білікті маман болып шығуына жағдай жасап отырған ҚазҰУ басшылығының бұл еңбегі еліміздің технологиялық дамуына қосылған зор үлес.

«Осындай маңызды күні Университетіміздің тағы бір тың бастамасымен танысудың сәті түсті. Бұл – «ZooStan» Орталық Азияны зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы. Орталық осы жылдың мамыр айында ғана Францияның жетекші ғылыми мекемесі CNRS-пен бірлесіп ашылғанына қарамастан, атқарып жатқан істері ауқымды. Орталықтың негізгі мақсаты – соңғы бір миллион жыл ішіндегі адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас арқылы адамзат қоғамының өткенін зерттеу. Бұл өте қызықты әрі маңызды бағыт! ҚазҰУ-дың жас археологтары, АҚШ, Пәкістан, Қырғызстан, Тәжікстан ғалымдарымен бірлесіп, Франция, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы 13 археологиялық тұрақта далалық зерттеулер жүргізуде. Әсіресе, Тәжікстандағы Памир тауларында 4000 метр биіктікте 13 мың жыл бұрынғы адамдар тұрағын тапқаны – бұл нағыз ғылыми жаңалық! Сонымен қатар, Орталық Азияда алғаш рет цементохронология және ZooMS лабораторияларының құрылып жатқаны – ғылымға қосылған үлкен үлес. Осындай халықаралық деңгейдегі зерттеулер жүргізіп, жас ғалымдарға заманауи әдістерді үйретіп отырған «ZooStan» орталығының жұмысына тек сәттілік тілеймін. ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті арта берсін!» деп ой түйіндеді оқу орнының түлегі, 150-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетімен өзара байланыс жасау бөлімінің меңгерушісі ретінде жемісті еңбек етіп, қазір ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызметкері болып жұмыс істеп жатқан Николай Турецкий.

Түлектерге бірінші проректор Еркін Эрманұлы кең көлемді ақпарат беріп, оқу орнының жаңалықтарымен таныстырды. «Бүгінде ҚазҰУ базасында 7 ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми зертхана, 34 ғылыми орталық пен 2 ұжымдық пайдалану зертханасы табысты жұмыс істейді. Университетте жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 400-ден астам жоба жүзеге асырылуда. 90 жылдық аясында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орнатылып, өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығы жаңадан жасақталды. Айтулы жылда «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. 5 мың шаршы метрді құрайтын хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады» деді ол.

Ал факультет деканы Уалихан Ақыпбекұлы «Бүгінде ҚазҰУ халықаралық рейтингтерде өзінің позициясын жоғарлатып, әлемнің көшбасшы ЖОО-ларымен бесекеге қабілетті.  Біз қайта өрлеу дәуірін бастан өткеріп, тез және сапалы түрде жаңарып жатырмыз. Бұл тек қолданыстағы инфрақұрылымды нығайтуға және жаңартуға қатысты емес. Оның ішінде  ғылыми жетістіктерді, жаңа жоғары технологиялық өнімдерді, білім беру, академиялық ұтқырлық және қосдиплом бағдарламасын енгізу де жатады. ҚазҰУ – әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде стратегиялық міндеттерді сенімді түрде іске асыра отырып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты түрле үлес қосады» деп айтып өтті.

Атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттерге жоғары баға берген түлектер 40 жылдан кейінгі кездесуден ерекше әсер алып, таңданыстарын жасыра алмады. Әсіресе Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының, Заманауи қолданбалы физика және жоғары технологиялар зертханасының, Сот сараптамалары орталығының жұмысын көрген түлектер жүйелі жұмыс пен іргелі ісденіс ұштасқан оқу орнының бағындырған белестеріне тәнті болды.

«Осындай атаулы күнде Университетіміздің тағы бір маңызды жетістігі – Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен танысудың сәті түсті. Бұл орталық 2019 жылы құрылған екен. Орталықтың негізгі бағыты – өсімдік шикізатын жинаудан бастап, одан биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайлар өндіруге дейінгі толық циклді қамтиды. Әсіресе, Қазақстан-Қытай бірлескен дәрілік заттар зертханасының ашылуы халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі деп білемін. Орталықта вирустық аурулардың алдын алуға, иммунитетті, әйелдер денсаулығын және бауырды қолдауға арналған биологиялық белсенді қоспалардың сынақтық үлгілері шығарылғанын естіп, қуанып қалдым. Тіпті «TKM-Immuno» ББҚ-сы мен «TKMNatural Tea» шай қоспасы мемлекеттік тіркеуден өтіп, сәйкестік декларациясын алыпты! Бұл дегеніміз, отандық ғылымның халық денсаулығын жақсартуға қосқан нақты үлесі. Биология және биотехнология зертханасынан алған әсеріммен де бөліскім келеді. Бұл жердегі ғалымдардың биология, биотехнология және биомедицина салаларындағы жетістіктері шынымен де таң қалдырады. Мысалы, олар Aeromonas және Pseudomonas сияқты қауіпті қоздырғыштарға қарсы тиімді, жаңа буын бактерияға қарсы препарат әзірлепті. Бұл препараттың ерекшелігі – ол пайдалы микрофлораға зиян келтірмейді, ветеринарияда қолдануға болады және ең бастысы, сақтау үшін арнайы температураны қажет етпейді. Бұл шалғайдағы аймақтар үшін таптырмас шешім! Сонымен қатар, ҚазҰУ биологтарының құтырма, туберкулез, тіпті онкологиялық ауруларға қарсы күрестегі инновациялық әзірлемелері, атап айтқанда академик Амангелді Бисенбаевтың жетекшілігімен жасалған PD-L1-ге қарсы наноантиденелер – бұл ғылымның адамзатқа қызмет етуінің жарқын үлгісі. Оған қоса, ғалымдардың ауыл шаруашылығына арналған төзімді бидай сортын, табиғи сүт өнімдерін («Арғымақ» сүзбе пастасы) және «Лактоцелл» сияқты пайдалы синбиотиктерді жасап шығаруы – халықтың игілігіне бағытталған нақты қадамдар. ҚазҰУ ғылымының өркендей беруіне тілектеспін!» – деді оқу орнының түлегі, еңбек жолында Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің құқықтық сараптама бөлімі, заң бөлімі, заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты және тағы басқа да жауапты қызметтерді абыроймен атқарған заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов.

Өз кезегінде оқу орнының түлегі, еңбек жолында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Құқық қорғау және сот жүйесі мәселелері бөлімінің меңгерушісі. ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Алматы облысының прокуроры, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі, ҚР Бас Прокурорының орынбасары секілді аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Ерлік Кененбаев «Сапар аясында Университетіміздің Сот сараптамалары орталығында болып, оның жұмысымен танысудың сәті түсті. Ашығын айтсам, қатты таң қалдым! Заманауи технологиялардың енгізілуі, сарапшыларды оқытудың жаңа әдістері, криминалистикалық зерттеулердің инновациялық әдістемелері – бәрі де сараптама сапасын арттыруға бағытталған. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Орталықтың мемлекеттік органдармен, бизнеспен және жеке тұлғалармен де жұмыс істейтіні оның маңыздылығын көрсетеді. Заңгер ретінде, дәлелдемелердің сапасы мен зерттеулердің дәлдігі қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Осындай орталықтың біздің Альма-Матерде жұмыс істеп тұрғаны – үлкен мақтаныш! Болашақта жасанды интеллектіні де енгізуді жоспарлап отыр екен. Бұл дегеніңіз – сот сараптамасының жаңа деңгейге көтерілетінінің кепілі!» десе, білікті заңгер, өз саласының майталманы Гүлнәр Бекжігітова «ҚазҰУ-дың заң факультетін бітіргенімізді атап өту шеңберінде тағы бір ғажап орынға – Заманауи қолданбалы физика және жоғары технологиялар зертханасына бас сұғудың мүмкіндігі туды. Бұл жердегі жаңалықтардың көптігі сонша, тіпті қайсыбірін айтарымды білмеймін! Мені ерекше таң қалдырғаны – наноқұрылымды материалдар саласындағы жетістіктер. Температура мен ылғалдылықты анықтайтын сезімтал датчиктер, инфрақызыл сәулеленуді тіркейтін фотодетекторлар – бұның бәрі ғылымнан өндіріске дейінгі жолды көрсетеді. Ал денсаулық сақтау саласындағы смарт-капсула туралы естігенде, тіпті сөзім қалмады! Ағза ішіндегі рН деңгейін, микробтық тепетеңдікті анықтайтын технология – бұл нағыз ғажайып! Зертхананың «ақылды үй» жүйелеріне арналған элементтерді, тіпті күн сәулесіне қарай автоматты реттелетін күн панелін жасап шығарғаны да таңданысымды арттырды. Біздің ҚазҰУ-да осындай болашақ технологиялары жасалып жатқанына кеудемді мақтаныш кернейді! Физиктерге үлкен рахмет!» деді. Ал Ұлықбек Патсаев «Университетіміздің 90 жылдығына орай ашылған «Farabi Hub» инновациялық орталығына кіріп шығудың сәті түсті. Шынымды айтсам, аузым ашылып қалды! Бұл жай ғана ғимарат емес, нағыз ғылым мен инновацияның ордасы екен! Озық білімге, технологияларға қол жеткізуді мақсат еткен хабта ғылыми зертханалар, ZTE корпорациясының, Францияның CNRS ғылыми мекемесімен бірлескен «ZooStan» орталығы, қазақ-қытай бірлескен зертханасы, микроспутниктер зертханасы сияқты маңызды нысандар орналасқан. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асатын бұл кешенде креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалары дамып жатыр. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған бұл орталық – Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға қосылған зор үлес деп білемін. Біздің түлектер осындай заманауи ортада білім алып, ғылыммен айналысатынына қуаныштымын! «Farabi Hub» – болашаққа батыл қадам!» деп пікір білдірді.

Өз кезегінде оқу орнының түлегі Мағдат Амренов «ҚазҰУ-дың заң факультетінің мерейтойлық кездесуінде тағы бір маңызды нысан – «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасын көрудің сәті түсті. Бұл орталықтың 2024 жылы наурызда ашылғанына қарамастан, атқарып жатқан жұмыстарының ауқымы таң қалдырады. Зертхана Қытай Ғылым академиясының Экология және география институтымен бірлесіп, Орталық Азиядағы климаттың, экологияның өзгеруі, құрғақшылық, жердің деградациясы, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі сияқты өзекті мәселелерді зерттейді екен. Спутниктік кескіндер, ұшқышсыз аппараттардан алынған деректер – бәрі де осы жерде талданып, қоршаған ортаның жай-күйін бағалайтын ғылыми платформа қалыптастырылуда. Әсіресе, «Құрғақ климатты аймақтардағы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы» жобасы қатты қызықтырды. Тамшылатып суару, «Groasis Waterboxx» құрылғысы, «ақылды» жылыжайлар – бұл біздің ауыл шаруашылығымыз үшін таптырмас инновациялар! Осындай орталықтың ҚазҰУ қабырғасында жұмыс істеп жатқаны – үлкен мақтаныш! Бұл – еліміздің экологиялық болашағына қосылған зор үлес!» деп атап өтті. 

«ҚазҰУ заң факультетінің мерейтойлық кездесуі тек естеліктермен ғана емес, болашаққа деген үлкен үмітпен де есте қалды. Себебі, біз Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлескен микроспутниктер зертханасының жұмысымен таныстық. Бұл дегеніңіз – ғарышқа қадам! Биыл ғана, 3 шілдеде Астанада ШЫҰ саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин осы бірлескен жобаға қол қойған болатын. Енді міне, ҚазҰУ ғалымдары Қытайдың ғарышқа наноспутниктер ұшыру бойынша көшбасшы университетімен бірлесіп, NKSAT микроспутнигін әзірлеуде! Бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы университеттік микроспутник болмақ! Спутник жердің гравитациялық өрісін, радиациялық сәулеленуді өлшеп, геологиялық барлау жүргізеді. ҚазҰУ-дың бұған дейін «Al-Farabi-1» және «Al-Farabi2» наноспутниктерін сәтті ұшырғанын ескерсек, бұл жобаның да сәтті болатынына сенім мол! Университетіміздің ғылымның осындай биік шыңдарын бағындырып жатқаны – үлкен мақтаныш!» деп қорытындылады оқу орнының түлегі, ҚР Бас Прокуроры, ҚР Жоғары Сотының Төрағасы секілді аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, бүгінде ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары ретінде ел дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан Жақып Асанов.

Бұл лебіздер – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультетін 1985 жылы бітірген түлектердің риясыз сезімі, алғаусыз алғысы, терең тебіренісі. Жүректен шыққан сөздерді есту, түлектердің қуанышын сезіну де ғанибет. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек» – деген сөзін университет ұжымы жан-жақты жүзеге асыруда деп айтуға толық негіз бар. Оның үстіне 3265 оқытушы-профессор табысты еңбек етіп жатқан университет жоғары рейтингті журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны бойынша да алдыңғы қатарда тұр. Сандарды сөйлетсек, 2024 жылы Scopus-та жарияланған әр алтыншы мақала (17,4 пайызы) ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі екен. Республика бойынша «Үздік оқытушы» атағын 2024 жылы алған 150 адамның 24%-ы – ҚазҰУ өкілдері.  Бүгінгі күні Президент тапсырмасына сәйкес, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бұл – оқытушылар мен студенттердің жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Бір сөзбен айтқанда, бірлігі бекем, тірлігі көркем, білімге құштар іргелі ұжым өз қызметінде Мемлекет басшысының «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек» деген сөзін әрдайым басты бағдар етіп келеді. Сондықтан жоғарыда пікірлері жазылған түлектердің жүрекжарды лебізі мен ақ тілегін, жоғары бағасын елдің ықыпасы, халықтың бағасы, жалпы қоғамның пейілі деп қабылдауға болады…

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты

#ҚазҰУ

#КазГУ

#40жылдықкездесу

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: