Астана қаласындағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде салада ұзақ жылдар бойы қалтқысыз, адал еңбек еткен құтқарушыларға пәтер кілті тапсырылды. Дәл осы күні азаматтық қорғау органдарының бөлімшелері қызметтік автокөлікпен толықты.
Төтенше жағдайға сақадай сайланып, адам өмірін сақтап қалуда от пен суға түсуден тайынбай жедел әрекет ететін құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің жұмысы жеңіл емес. Әсіресе техногендік, табиғи апаттарда, көктемгі су тасқыны кезінде апат аймағына өңір-өңірден барып, көмекке ұмтылған құтарушыларың ісі нағыз ерлік. Құтқарушы, өрт сөндірушілерге қандай сый-құрмет көрсетсек те жарасады. Олардың әлеуметтік жағдайы, қауіпсіздігі ешқашан назардан тыс қалмауға тиіс. Сала мамандарына үй, қызметтік көлік табыстау рәсіміне келген Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов құтқарушылардың әлеуметтік жағдайы жыл санап жақсара беретінін айтты.
«Былтырдан бері құтқарушылардың әлеуметтік жағдайына барынша көңіл бөлініп жатыр. Көптің тілегімен өрт сөндірушілердің тұрғын үй төлемдері мәселесі шешілді. Заңға тиісті түзетулер енгізілді. Қандай да бір себептермен тұрғын үй төлемін ала алмайтын қызметкерлерді де көмексіз қалдырмаймыз. Мысалы, біз ірі қалалармен қатар, өңірлерде қызметтік жатақханалар салуды ойластырып отырмыз. Қазірдің өзінде Тұрғын үй қоры арқылы уақытша пәтерде тұрып жатқан құтқарушылар бар. Рас, уақытша тұруға берілетін үйлердің көбінде жағдай мәз-емес. Бірақ біз Тұрғын үй қорымен бірге жөндеу жұмыстарына кірістік. Бүгін баспаналы болып жатқан сала қызметкерлерін құттықтаймын. Мұның барлығы Мемлекет басшысының қолдауымен іске асып жатқан игіліктер екенін атап өткім келеді», деген Ш.Әрінов сала мамандарына пәтер, қызметтік көлік кілтін тапсырды.
Үйлі болған азаматтардың қатарында құтқарушылар, жүргізушілер, бөлімше командирлері бар. Нұржан Әміров 16-өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші. Салада жұмыс істеп жүргеніне 20 жылдан асқан.
«Бүгін отбасымызда үлкен мереке. Жылдар бойы армандаған баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Өрт сөндіру қызметіндегі жұмысымызды ескеріп, мәртебемізді көтеріп жатқан әріптестерге, басшылыққа алғыс айтамын. Осы жылдар аралығында сөзіне де, ісіне де берік нағыз мықты қызметкерлермен иық тіресе жұмыс істедік. Өрт сөндірушілер ауа райына, күн-түнге қарамайды. Суық аймақтың аязды күндері қар құрсауынан талай көлікті алып шықтық. Төтенше жағдайда бір минут уақытымызды жоғалтпай, жедел жетуге тырысамыз. Екінің бірі өрт сөндіруші бола бермейді. Саладағы әріптестеріме амандық, саулық тілеймін. Еңбектері ақтала берсін», деді
Н.Әміров.
Төтеншеліктердің ішінде былтыр үйлі болғандар да бар. Нақтыласақ, былтыр Астана қаласының ТЖД қызметкерлеріне 50 пәтер беріліпті. Қызметкерлерді түрлі бағдарлама аясында немесе уақытша болса да тұрғын үймен қамту жұмыстары биыл да жалғасады. Осы жолы 15 қызметкер үйлі болса, жыл соңына дейін тағы бірнеше құтқарушы, өрт сөндірушіге үй тиіп қалуға тиіс.
Үйлі болған төтеншеліктердің бірі Серік Есенов еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастаған. Қазір аса маңызды нысандарды қорғау бөлімін басқарады. Келер жылы зейнетке шығатын мерзім де таяп тұр. Тұрғын үй – өз ісіне берілген маманның ғана емес, отағасына арқа сүйейтін бүтін отбасының қуанышы. Салтанатты сәтті тамашалауға Серіктің отбасы, жары Анар Есенова да келіпті.
«Жолдасым 9-бөлімшенің командирі болып жұмыс істейді. Еңбек жолын 2002 жылы қарапайым өрт сөндіруші болып бастаған. Отбасын құрғанымызға 20 жыл болыпты. Үш баламыз бар. Бүгін отбасымызбен келіп, қуанышты сәтке куә болдық. Құтқарушының жары ретінде жұмыс оңай емесін жақсы білемін. Қауіп-қатерден сақ жүрсін деп күн, мейлі түн болсын, жұмысқа кетерде тілеуін тілеп шығарып саламыз. Су тасқыны кезінде де апат аймақтарына барды. Осы салада еңбек етіп жүрген барлық маманның қуанышы ортаймасын, әлеуметтік жағдайы жақсара берсін», дейді А.Есенова.
Елде болып жатқан тосын оқиғалар төтенше жағдайлар қызметіне сапалы, жол талғамайтын көлік қажет екенін терең ұқтырады. Әсіресе су тасқыны кезінде қызметтік көліктер жолда қалдырмай, қажетке жараса жөн. Түрлі құтқару операциясына жедел жетуге де жаңа көліктер ауадай қажет. Осыны ескере келе Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне Hyundai Tucson, Staria, Toyota Hilux сынды көліктер тапсырылды.
Кез келген тосын оқиғада жедел әрекет ететін топтың әлеуметтік жағдайы оңалса, құрал-жабдықтары, техникалары түгенделсе, оның барлығы түптің-түбінде қызмет көрсету сапасына әсер етеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!