Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Бейсенбі, 23 қазан, 17:11

Рахима әже

30.09.2025

73

0

«Маған бұл ауылдың бейнетін айтпа» деп бастады әңгімесін Рахима әжеміз. Тыл ардагерінің негізі туған жері – Шіркейлі ауылы. Ол жақта да оқушы кезінде ауылдың қара жұмысына ерте араласты. Бір сөзбен айтқанда, Рахиманың балалық шағы сұм соғыспен қатар келді, елдегі еңбекке жарамды еркеккіндіктінің бәрі ұрыс даласында. Ал ауылдағы барлық жұмыс әжеміз секілді сол кездегі оқушы балалардың негізгі міндетіне айналды.

Қазір жыламай алдындағы асын ішпейтін балалар бар, ал Рахима әжеміз мектеп жасында ауылдың тұрмысын түзеуде талай бейнетті еңсерді. Егіс басына барып күріш те, бидай да отады, қолдап егістікке атыз соқты, арық та қазды. Тоқсан беске таяған қарияның бар арманы «бүгінгі буын сол бейнетті, өзі еңсерген қиыншылықты көрмесе» дейді.
Ол он сегіз жасында Ақарыққа келін болып түсті. Содан бері кейіпкеріміздің көрмеген бейнеті жоқ. Сол тұста Ақа­рық, Жаңадария, Аққошқар (қазіргі Еңбек ауылы) ауылы бірігіп, Аламесек ауылдық округі құрылады. 1949 жылы алып техникалар қайдан болсын, десе де ауылдағы ағайын күн көру үшін егін саласына басымдық берді. Тіпті әлі су жүйелері де бір қалыпқа келмеген шақ, сонда үш ауылдың жастары бірігіп, қазіргі Ақжарма ауылынан Аламесекке дейін каналды қолдап қазып, су әкелді. Соның ішінде Рахима әжеміз де болды.
Тереңдігі 2 метрден асатын бұл ка­налды қазіргі техникалардың өзі қанша уақытта қазатынын қайдам, бірақ сол тұста үш ауылдың жастары оны бір маусымда аяқтапты. Қазыналы қария алақанын жайып «мына қолымызбен қазып, осы каналды совхоз директорына тапсырдық қой» деп бір күрсінді.
– Ақжарма мен Аламесектің орта­сында «Көктөбе» деген жер бар, сонда совхоз директоры бірнеше шатыр тікті. Сонда жатып канал қаздық. Ол кезде ішерге астық табу қиынның қиыны. Тек қолда бар көтерем малды бізге со­йып беретін. Соны талғажау етіп, қара жұмысты еңсердік қой. Тіпті бірнеше күн ауқаттанбаған күндер де болды. Қа­зір шүкір ғой, барлығы бар, «осыны, кеңшілік заманды Құдайым көп көрмесе» деймін. Аламесекке келін болып түскелі зейнеткерлікке шығамын дегенше ай­лық де­геннің не екенін білмедік. Тек ауыл­дағы ағайынның күнделікті өмірі бей­нетпен өтті, Бүгінгі кеңшілік заман – біз көрген қиыншылықтың өтеуі шығар, – дейді қазыналы қария.
Аламесектің солтүстік батысындағы Қышбөгеттің бергі жағында «Аралқұм» деген жер бар. Сонда Рахима әже­міз бастаған ауылдың жастары қол­дап егістікке атыз соқты, күріш те екті. Шық­қан өнімді атпен, есекпен Те­рең­өзек­ке тасып, оны өткізіп, елдің тұр­мы­сына қажетті заттар алып келетін. Бір сөз­бен айтқанда, кейіпкеріміз тың игеру жыл­да­рына дейінгі қара жұмыстың бар­лы­ғының басы-қасында болды.
Қазіргідей алып техникалар бол­маса да, бертін келе заман түзеле бас­­тады. Бірақ елге үлкен салмақ сал­ған со­ғыс­тың жарасы әлі жазыла қой­ған жоқ. Со­ғыстан кейінгі жылдары тұра­лаған ша­руаны ширату да оңайға соқ­пады. Бі­рақ елге ер азаматтар келіп, са­лаға тех­ни­калар еніп, нәзікжандардың жұ­мысы сәл де болса жеңілдегендей бол­ды.
Рахима әжеміз сонда да егіс ба­сын­да еңбек етті. Сол тұста қаншама ша­руа адамының ас-ауқатын дайындау оңай емес еді. Бригадир Балтабай Ыбы­раевтың қарамағында 3 жыл аспаз бол­ды, бір бригадтың жүзге жуық еңбек ада­мына 2 мезгіл ас дайындады. Одан ке­йін тағы 2 жыл аспаз болып, шаруа адамдарының ас-ауқатын дайындауда абыройлы еңбек етті.
– Бес жыл егіс басында еңбек адам­дарының ас-ауқатын дайындадым. Одан кейін тағы 2,5 жыл аспаз болдым. Екі келіншек жүзден астам адамға екі мез­гіл ас дайындаймыз. Кейде қасым­да­ғы әріптесім ауырып қалады, сонда да­ла дарабоздарына бір өзім тамақ әзір­­леген күндер де болды. Ол кезде де айлық дегеннің не екенін біл­медік. Тек ауылдағы ағайынның күнкөрісін қам­та­масыз етсек жеткілікті, бар мақсат-мүддеміз осы болды. Бүгінгі жастарды жалқау деуден аулақпын. Дұрыс, заман талабына сай өмір сүру керек. Бірақ бүгінгі буын қиынсынып жүрген жұмыс біз көрген бейнеттің қасында түкке де тұрмайды. Кез келген жағдайға шүкір­шілік ету керек. Біз «барына қанағат» деген адамбыз. Адамда қанағат болуы керек, сонда ғана кез келген қиын­шы­лықты еңсеруге жол ашылады, – дейді ардақты әжеміз.
Рахима Зербатқызы Сырдария ау­даны Шіркейлі ауылында 1931 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Анасы Ғалия қызы қырқынан шықпай жатып қайтыс болған. Әкесі Зербат ірі денелі, қосауыз мылтығы, кетпені қолынан түспейтін еңбекқор кісі болған. Анасы қайтыс болғаннан кейін кейіпкеріміз Нұрсұлу әжесінің тәрбиесінде болған. Рахима әжеміздің 7 жасында әлі де елде аштықтың беті қайтпаған шақ еді, сол тұста ауылына шешендер көшіп келіп паналапты. «Қаншама адам аштықтан өліп кетті. 1941-1945 жылдары сұм соғыстың уақытында 10-15 жас ара­лығындағы балаларды бидайлық жер­ді өңдеуге, өнім піскенде оруға алып ба­ратын. Ол кезде техника жоқ, қол­мен орып, бидайды жауын-шашынға қал­дырмай қолмен жинайтынбыз» деп күрсінеді әжеміз.
Ол Аламесектегі Тайшық атамызбен отау құрды. Ауылға келгелі жасаған еңбегін жоғарыда айттық. Бүгінде жер­гілікті шаруашылықтар сол әжеміз бас­таған жастар қазған каналды әлі де пай­даланып отыр.
Тайшық атамыз бен Рахима әже­міз 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Кейіп­ке­ріміз 8 баладан 30 немере, 48 шө­бере, 3 шөпшек сүйді. Бір сөзбен айт­қанда, үй мен түздің жұмысын қатар алып жүрді. «Аллаға шүкір, ендігі бар ті­леуім, осылардың, елдің амандығы» дейді қа­зыналы қария. Оның өнегелі өмір жолы, адал еңбегі – қашанда жастарға үлгі.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: