Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сәрсенбі, 08 қазан, 12:51

Ұлағатты ұстаз

07.10.2025

31

0

Жұлдызай Тәшенова 34 жылдан бері мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қолына әліппе ұстатып, жазуды үйретіп келеді. Ауыл балаларына сапалы білім беруді мақсат еткен тәжірибелі маман бұл салаға бала күнінен қызыққан. Кейіпкеріміздің бұл ойын ата-анасы да құптап, оның сол мақсатына жетуіне барынша жағдай жасаған.

«Мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасқаным кеше ғана сияқты еді, бү­гін қарап отырсам, арада 34 жыл уа­қыт өтіпті» деп кейіпкеріміз өт­кенге көз жү­гіртіп, әңгімесін әрі жалғады.
– Ең алғаш еңбек жолымды осы мек­тептен, яғни Таң ауылындағы алтын ұя­дан бастадым. 34 жылда 7 бастауыш сы­ныпқа білім бердім. Қазіргі таңда алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған 8-ші сы­ныбыма жетекшілік етемін. Олар – қа­зір 3-ші сынып оқушысы. 34 жылдың ішінде оқушыларым респу­бликалық «Ақ­­бота», «Кенгуру» сынды олим­пиа­да­­лар­ға қатысып, жеңімпаз атанды. Олар­дың басым көпшілігі медицина саласын таңдап, антына адал ақхалатты абзал жан атанып жүр. Сондай-ақ 6 оқушым өзім секілді бастауыш сынып мұғалімі бо­лып еңбек етуде, – дейді ол.
Тәжірибелі маманнан білім алған шә­кірттер білім бәйгелерінде үлкен же­тістікке жетіп жүр. Мәселен, 2-4-сынып оқу­шыларына арналған «Бастау» мате­ма­тикалық олимпиадасына оқушы­сы Мұхамедали Атымтаев қаты­сып, ау­дан­дық, облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, республикалық кезеңде жүлделі ІІ орын алған. Дәл осы жарыстан былтыр тағы бір оқушысы Ер­сұлтан Оразбек аудан­нан І орын, облыстан ІІ орын иеленген.
Осыдан 3 жыл бұрын мектеп бітірген Гүлнафис Әзілхан оқуды «Алтын белгіге» аяқтапты. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 124 балл жинап, жоғары оқу орнындағы білім грантын жеңіп алған мектеп мақта­ны­шына алғаш әріп үйретіп, білімге бау­­лығаны үшін кейіпкеріміз «Біркөлік» ши­па­жайына жол­дама ұтып алған.
Иә, шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен ең­бегінің жемісі. Әр оқушы – бір әлем. Әр­­қайсысының мінезі, болмысы, қы­зы­ғу­шылығы, сабаққа үлгерімі әр­түрлі. Десе де олардан жан-жақты қа­лыптасқан же­ке тұлға тәрбиелеу жолын­да ерен ең­бек етіп, жарқын болашаққа қарымды қа­­дам жасап жүрген ұлағатты ұстаздың есімі қашан да ардақты.
– Менің алдыма келген әр оқушы жа­зыл­маған жаңа парақ секілді. Әрқай­сы­сы – бір-бір үйдің еркесі. Барлығына бір­дей көңіл бөліп, білімге баулуда үлкен тө­зім мен қажыр-қайрат керек. Бірнеше жыл­дық еңбек жолымда алдымнан неше түрлі оқушылар өтті. Сынып жетекші бо­лудан босаған емеспін. Оқушыларым бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының өзін­дік ерекшелігі болады. Ал ұстаздың мін­деті – оқушы бойындағы қабілетін дер кезінде байқап, талантын шыңдау. Бар­лық шәкіртке бірдей қарап, білім нәрімен сусындату – әр ұстаздың басты міндеті. Ал­дыма келген оқушыларымның өміріне азық болар білім алып кетуі үшін қолым­нан келгенше аянбай еңбек етемін. Шәкірттеріміз өмірден өз орнын тауып, елдің ертеңіне еңбек етсе, біздің ең­бе­гіміздің нәтижесі деп марқаямыз. Мұ­ға­лімге одан асқан бақыт жоқ, – дей­ді ол.
Кейіпкеріміз аудандық «Үздік автор­лық бағдарлама», «Үздік бірлестік же­тек­шісі» сайыстарынан ІІ орын, облыс­тық «Алтын тұғыр» олимпиа­дасынан ІІІ орын иеленген. «Алтын тұғыр» – ма­ман­­дар тәжірибесін ұштап, ынта­лан­­ды­ратын жоба. Айтуынша, олим­пиа­да тап­сырмалары бастауыш сынып бағ­дар­ламасын негізге ала оты­рып құ­рас­­тырылған авторлық, логи­калық есеп­­­терден тұрады. Ол әр ау­­даннан жи­налған мұғалімдермен бәсе­кеге түсіп, ең жоғары ұпай жина­ған. Кейіп­керіміз әңгіме бары­сында кәсіби дағдысын жетілдіріп, бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыра түсетін сайыстан көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинай түскенін айтып, жеңіске жетуіне тілеулес болған әріптестеріне алғысын жеткізді.
– Бірде оқушыларыма ана тақы­ры­бында шығарма жазып келіңдер деп тапсырма бердім. Содан бір оқу­шым ертеңіне келіп «апай, тақтаға мен шы­ғайыншы» деп қоймады, тақтаға шық­қаннан кейін басын қасып тұрып «апай, кеше мен ұйықтап қалып едім. Мына шығарманы әкем жазып беріп еді, енді жа­зуына түсінбей тұрмын, сіз оқып бе­ріңізші» дейді. Сонда әлгі оқушыма «Шы­ғарманы жазып берген – әкең, оқып берген – мен, ал саған бағаны не үшін қоя­мын?» дегенімде «апай, дым жазбай кел­геннен жақсы ғой, өзім жазбасам да әкем жазды ғой» деп тақылдап жауап берген. Сол кездегі оқушымның қылығын әлі күнге дейін ұмытпай, көрген жерде айтып жүремін. Кішкентай сынып оқушылары болған соң сабаққа деген ынтасы мен еркелігі қатар жүреді, – дей­ді Жұлдызай Тәшенова.
Иә, жас ұрпаққа білім, тәрбие беру оңай жұмыс емес. Әр баланың өзіндік ерек­шелігі болады. Біз әңгімелеп отыр­ған ұстаз – еңбекқорлығымен, мол ізде­нісімен шәкірт көңілінен жол таба білген жан. Білікті педагог алдағы уақытта да жан-жақты қалыптасқан тұлға тәр­биелеп, жарқын болашаққа қарымды қа­дам жасай бермек. Ол ұлт болашағын тәр­биелеу жолында жасаған қажырлы ең­бегі үшін бірнеше мәрте аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, өткен аптада ғана салаға сіңірген ерен еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төс­бел­гісін кеудесіне таққан.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: