Құрылтай

Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Сейсенбі, 21 шiлде, 22:59

Тіл – халықтың жаны, ұлттың рухы

23.06.2026

59

0

 «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген қанатты сөздің астарында терең мағына жатыр. Тіл – халықтың жаны, ұлттың рухы, елдіктің ең асыл белгісі. Ана тілі арқылы адам туған халқының тарихын таниды, мәдениетін меңгереді, салт-дәстүрін бойына сіңіреді. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Тіл – адамзат баласына берілген ең ұлы қазына. Жер бетінде мыңдаған ұлт пен ұлыс өмір сүрсе, олардың әрқайсысының өзіндік болмысын айқындайтын басты ерекшелігі – тілі. Халықтың сан ғасырлық тарихы, рухани байлығы, дүниетанымы мен өмірлік тәжірибесі тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады. Сондықтан ана тілін құрметтеу – ата-баба мұрасын құрметтеу дегенсөз.

Қазақ тілі – ғасырлар қойнауынан жеткен ұлы мұра. Сан ғасырлық тарихымыз, бай әдебиетіміз, халық даналығы мен ұлттық құндылықтарымыз осы тіл арқылы бүгінгі ұрпаққа жетті. Ата-бабамыздың аманаты болған ана тіліміз тәуелсіздікпен бірге жаңа тыныс алып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Бұл – халқымыздың ең үлкен жетістігі. Қазақ тілі – ұлы даланың төсінде қалыптасқан, ғасырлар бойы шыңдалған бай тіл. Оның сөздік қоры мол, бейнелеу мүмкіндігі кең. Қазақ халқы сөз өнерін ерекше қадірлеген. «Өнер алды – қызыл тіл» деген нақылдың өзі халқымыздың тілге деген құрметін көрсетеді. Би-шешендердің даналық сөздері, ақын-жыраулардың толғаулары, халық ауыз әдебиетінің жауһарлары қазақ тілінің құдіретін айқын дәлелдейді.

 Мемлекеттік тіл жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол – елдің тұтастығын сақтайтын, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын күш. Бір елдің азаматтарын біріктіретін де, олардың бойына отансүйгіштік сезімін ұялататын да – ортақ тіл. Сондықтан қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, оның беделін арттыру –мемлекетіміздің тұрақты дамуының маңызды шартының бірі.

 Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ тілі талай сындарлы кезеңді бастан өткерді. Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымыз ана тілінен ажыраған жоқ. Қанша қиындық көрсе де, тілін сақтап қалды. Өйткені халық тілдің ұлтпен бірге жасайтын мәңгілік құндылық екенін жақсы түсінді. Сол себепті қазақ тілі бүгінгі күнге дейін өзінің өміршеңдігін жоғалтпай, дамып келеді.

Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілдің дамуына ерекше көңіл бөлінді. Қазақ тілі мемлекеттік басқару жүйесінде, білім беру саласында, мәдениет пен ақпарат кеңістігінде кеңінен қолданыла бастады. Тіл туралы заңдар қабылданып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Мұның бәрі қазақ тілінің мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Қазіргі таңда қазақ тілі ғылымның, білімнің, мәдениет пен өнердің, ақпараттық технологиялардың тіліне айналып келеді. Мемлекеттік тілде кітаптар жарық көріп, телерадио хабарлары таралып, түрлі салалардағы ғылыми еңбектер жазылуда. Бұл – тілдің өміршеңдігін көрсететін жарқын көрініс.

Ғаламдану дәуірінде ұлттық тілдің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Әлем халықтары арасындағы мәдени және экономикалық байланыстар күшейген сайын әрбір ұлт өзінің ұлттық ерекшелігін сақтауға ұмтылады. Ал сол ерекшеліктің басты тірегі – ана тілі. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту – ұлттық қауіпсіздік пен рухани тәуелсіздіктің де кепілі.

Бүгінгі таңда жастардың қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығы артып келеді. Мемлекеттік тілде білім алып, ғылыммен айналысып жүрген жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл – болашаққа деген сенімімізді нығайтатын жағымды үрдіс. Өйткені елдің ертеңі – жастар, ал тілдің тағдыры да солардың қолында.

 Тілге деген құрмет ең алдымен отбасынан басталады. Бесіктен бастап ана әлдиін тыңдап өскен бала туған тілдің қадірін терең сезінеді. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі де – ана тілі. Сондықтан жас ұрпақтың бойына тілге деген сүйіспеншілікті сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың ортақ міндеті. Өз тілін ардақтаған ұрпақ қана өз елінің нағыз жанашыры бола алады. Ұстаздардың мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі ерекше. Мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың бойына тіл мәдениетін қалыптастыру, сөз қадірін ұғындыру – маңызды міндеттің бірі. Тілді тек пән ретінде оқыту жеткіліксіз. Оны өмірлік құндылық ретінде дәріптеу қажет.

Қазақ әдебиеті – мемлекеттік тілдің ең үлкен тірегі. Ұлы ақындар мен жазушылардың шығармалары ана тіліміздің байлығын, көркемдігін және тереңдігін паш етеді. Абайдың қара сөздері, Мағжанның сыршыл өлеңдері, Мұхтардың көркем туындылары қазақ тілінің шексіз мүмкіндігін танытады. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы» деген еді. Расында тіл – ұлттың мәңгілік паспорты. Тілі бар елдің рухы биік, болашағы баянды болады. Қазақ тілі – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройы, елдігіміздің еңсесін көтеретін құдіретті күш. Тіл – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғайтын алтын көпір. Егер ұлт өз тілін сақтай алса, өзінің рухани тамырынан ажырамайды. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеу – өткенге тағзым жасап, болашаққа сеніммен қарау деген сөз.

Бүгінгі ұрпаққа жүктелер міндет – мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, оның қолданылу аясын кеңейту. Ана тілін ардақтау – туған елді сүюдің белгісі. Әрбір азамат мемлекеттік тілді күнделікті өмірінде кеңінен қолданып, оның дамуына өз үлесін қосуы қажет.

Мемлекеттік тілдің болашағы – мемлекетіміздің болашағы. Ана тілін ардақтаған халық ешқашан рухани жұтаңдыққа ұшырамайды. Керісінше ұлттық құндылықтарын сақтап, өркениет көшінде өз орнын табады. Сондықтан қазақ тілінің мерейін үстем ету – баршамыздың ортақ парызымыз.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл – елдіктің еңсесін көтеретін, ұлттың рухын асқақтататын баға жетпес құндылық. Ол – халқымыздың өткені, бүгіні және болашағы. Қазақ тілі жасай берсін! Мемлекеттік тілдің мәртебесі әрдайым биік болып, ұлт рухының шамшырағы ретінде жарқырай берсін!

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: