Құрылтай

Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

32°C

, Дүйсенбі, 27 шiлде, 20:27

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ: ҚЫЗЫЛОРДАДА ІРІ ЖОБАЛАР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮЗЕГЕ АСУДА

27.07.2026

7

0

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан ерекше қолдаудың арқасында облысымыздың құрылыс саласының қарқыны өте жоғары. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында құрылыс жұмыстарының көлемі 131,3 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға шықтық. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев баяндады.

  • Жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 355 мың шаршы метрге жетіп, жоспар 101,3 пайызға орындалды. Ал жыл соңына дейін қаржыландырудың барлық көздері есебінен 950 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген.
    Осы мақсатта Сырдария өзенінің сол жағалауында жалпы 252 пәтерлі жеті қабатты үш кредиттік тұрғын үй салынып жатыр. Сонымен қатар облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 6010 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл бастама шамамен 25 мың тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жаңа тұрғын үй аймақтарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 38 жоба жүзеге асырылады, – деді басқарма басшысы.

Спикердің айтуынша өңірде денсаулық сақтау және спорт салаларындағы маңызды нысандардың құрылысы да қарқынды жалғасуда. Сол жағалауда онкологиялық бөлімшесі бар, тәулігіне 100 адам қабылдайтын емханасы қарастырылған 300 орындық көпбейінді аурухана биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен бірге 500 келушіге арналған емхана, 200 орындық перинаталдық орталық және Титов мөлтек ауданындағы 400 келушіге арналған емхана құрылыстары жүргізілуде.

  • Жыл соңына дейін халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге бейімделген жабық олимпиадалық бассейн, 2000 орындық әмбебап залы және түрлі спорт секциялары орналасқан «Қызылорда арена» спорт кешенінің құрылысы да толық аяқталып, халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмасына сәйкес, облыс орталығында жаңа драма театры мен тәулік бойы жұмыс істейтін, 600 мың кітап қорын сақтауға арналған Президенттік кітапхананың құрылысы басталады, – деді Ерлан Кәрімбекұлы.
    Өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл ауқымды жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, Қызылорданың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін бермек.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: