Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 22 қараша, 22:52

Нұрлыбек Нәлібаев: Аудан, ауыл әкімдері халықпен ұдайы кездесуі қажет

30.09.2022

353

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы жиында бірқатар аудандар мен Қызылорда қаласының 8 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылары мен қоғамдық-саяси ахуал барысын саралады.

Басқосуға облыстық мәслихат хатшысы, құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары мен жауапты мамандар қатысты.

Жиында Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі ауданының әкімі мен Қызылорда қаласының әкімі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде орындалған жұмыстарды тізбеледі.

Оның ішінде елді мекендерге қажетті инфрақұрылым жүргізу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орын ашу, денсаулық, білім саласындағы іргелі істерді баяндады.

Әкімдердің жұмысын саралаған аймақ басшысы халық жиі тұтынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің қажетті қорын әзірлеу, жәрмеңкелер ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, мектеп, аурухана, мәдениет үйлері мен спорт нысандарында жылу процесінің үздіксіз берілуін міндеттеді. Әсіресе, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығы іркіліссіз болу қажет деді. Мұнан өзге, көмір қорының тапшылығын болдырмауды қатаң бақылауға алуды жүктеді.
Ал, қала әкіміне қоғамдық көліктердің қозғалысын реттеу және жаңа автобустар алу мәселесін уақыт оздырмай шешу қажет екенін алға тартты.

Отырыс барысында өңір басшысының тапсырмасы негізінде әкім орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары өткізген қоғамдық кездесулердің нәтижелері сөз болды. Тұрғындар тарапынан жолданған сауалдар барысы сараланды.

Бұл ретте Нұрлыбек Нәлібаев ашықтық мәселесіне арнайы тоқталды. Қоғаммен сындарлы диалог орнату кез келген түйткілді проблеманы шешуге жол ашады. Бұл ретте аймақ басшысы әкімдерге халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, реті келсе шешуге ықпал жасау қажет деді.

«Осыған дейін барлық ауданда менің тапсырмам негізінде орынбасарларым мен құқық қорғау органдарының басшылары қоғамдық кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізді. Біраз мәселелердің түйіні тарқатылды, халық көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Сондықтан, мұндай кездесулерді тағы да ұйымдастыру қажет деп санаймын. 10 қазаннан бастап орынбасарларым, құқық қорғау саласы басшылардың орынбасарлары 1 күн бойы 1 ауданда ашық есік күндерін өткізіп, халықпен пікірлесетін болады. Мұндай тәжірибені ай сайын қолға алуды тапсырамын»,-деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, облыс әкімінің алдағы халықпен кездесуінде де құқық қорғау органдарының басшылары қатысады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: