Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 01:22

Тіс емханасы жұмысын бастады

15.10.2022

963

0

Денсаулық – әр адам үшін зор байлық, әрине. Бірақ дені сау адам мемлекеттің де байлығы. Сондықтан қазірде халық саулығына мемлекет тарапынан жіті мән беріліп отыр.

Қай жерің ауырса, жаның сол жерде және ол рас. Алайда ежелгі қы­тай ме­ди­цинасында тіс адамның ең ма­ңыз­ды мүшесі екені жазылған деседі. Ежелгі Тибеттің халық емшілері де отыз екі тістің адам денсаулығы үшін үлкен рөл атқаратынын айтып кетіпті. Ал жапондарда «тісі түгел адам – ең бай адам» деген түсінік қалыптасыпты. Расында тіс – адам ағзасының маңызды бөлігі. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзы­луынан, күнделікті тұтынатын тағам­да­рымыздағы түрлі жасанды, зиянды қоспалардың зардабынан туындаған тіс ауруының да түрі көбейген. Қысқасы, қазірде тісі ауырмайтын адам аз. Кішкентай баладан, қолына таяқ ұстаған қарияға дейін тіс дәрігерінің есігін күзетіп, ұзынсонар кезекте тұрады. Бірі сай-сүйегін сырқыратқан тіс түбірінің жүйке талшықтарын емдетсе, бірі шіріген тісінің тесігін бітетеді, бірі қызыл иегіне жасанды тіс салдырады, енді бірі ауру тістерін түбірімен жұлдырып тастап жатады.


Ауданымызда бұрыннан бірнеше тіс емханасы бар. Бірақ таяуда солардың қатары тағы да бір медициналық ны­сан­­мен толықты. Осы аптада аудан орта­лығындағы Желтоқсан көшесінің бой­ынан «Нариман-ДЕНТ» деп аталатын жа­ңа тіс емханасы ашылды. Тіс емха­на­сы­ның ашылу рәсіміне аудандық кә­сіп­керлік, өнеркәсіп және туризм бө­лімнің бас­шысы Ғ.Жаңашев, аудан­дық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев, аудандық мәслихат депу­таты А.Тәуіпбаев және кент тұр­ғын­да­ры мен арнайы шақырылған қо­нақтар қа­­тысты.


– Күн өткен сайын ауданымызда кәсіпкерлік мақсатта ашылған нысан­дардың қатары көбейіп келеді. Бұл тіс емханасын кәсіпкерлік нысан деген­нен, халық қажеттілігіне орай, тіпті сұра­ны­сы­на қарай аудан тұрғындарына ме­ди­­циналық көмек көрсететін орталық десек болатын шығар. Мемлекет бас­шы­сы да халық денсаулығын жақ­сар­туды, ел тұрғындарының өмір сүру ұзақ­тығын орташа деңгейден жоғары дең­гейге көтеруді мақсат етіп отыр. Ендеше тәжірибелі, білікті мамандардан жасақталған бұл тіс емханасы алдағы уақытта емделушілерге сапалы қызмет көрсетеді деген сенімдеміз дейді, – Ғабит Жаңашев.


Тұрғындар жаңа нысанның ашыл­ғанына қуанса, ақсақалдар халық­қа қызмет көрсетуге талап қылған жас дәрігерге алғысын жаудырып, батасын берді.


«Нариман-ДЕНТ» тіс емханасы қа­жетті заманауи медициналық құрыл­ғылармен жабдықталған. Соның ішінде зақымдалған тістің түбірін­дегі жүйке талшықтарын көріп, ауруды анықтайтын заманауи рентген аппаратын айырықша атап айтуға болады. Аталған тіс емханасы қызметкерлерінің айтуынша, аудандағы тіс емханаларында рентген аппараты жоқ екен. Сол себепті бұрын дәрігерлер тісін емдетуге келген нау­қастардың қызыл иегіндегі зақымы күрделілеу болса, алдымен облыс орталығына рентгенге түсіп келуге жібереді екен. Енді бұдан былай тіс жұлдыру немесе емдету үшін науқастар екі ортаға сабылмайтын болды.


– Біздің басты мақсатымыз халыққа сапалы стаматологиялық қызмет көр­сету. Яғни біз үшін адамның ден­саулығы алдыңғы орында. Мен бұл жұмысты бастарда көп ойландым. Себебі біздің мамандығымызда адам денсаулығының, тіпті өмірінің жауапкершілігі бар. Бұл ең алдымен жан тазалығын, адалдықты, білімді, біліктілікті, сақтықты талап етеді. Алайда мамандығым тіс дәрігері болған соң көп ойланып тәуекелге бардым. Біздің емханада ауырған тістерді жұлады, түрлі әдістер арқылы ем-шаралар жасайды және ұзақ жылдық кепілдікпен жасанды тіс салады. Сонымен бірге біз науқастарға тіс күтімі және ауыз қуысының саулығын сақтау жөнінде ақысыз, яғни тегін кеңес береміз. Айта кету керек, кез келген кәсіп иесі әлеуметтік немесе спорттық, медициналық нысандарды ашқанда жұмыссыздық санын азайтуды да қаперінен шығармауы тиіс. Мен әзірге кесімді жалақыға жұмыс істейтін бір медбике және бір техникалық қызметкер алып отырмын. Жұмысты жеке қаржыммен бастадым, алдағы уақытта мемлекеттен қолдау болса, емханамызды ұлғайтып, қызметкер санын 10 адамға көбейтуді мақсат етіп отырмын, – дейді «Нариман-ДЕНТ» емханасының тіс дәрігері Біржан Смайылов.


Біржан Қартаңбекұлы Қызылорда қаласындағы медициналық колледждің тіс емдеу ісі бөлімін және Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы технологиялық университетін бітірген. Медициналық мамандығы бойынша бес жыл жұмыс өтілі бар тәжірибелі, білікті маман.

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: