Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Сейсенбі, 30 сәуiр, 15:23

Баға бақылауда болады

08.12.2022

305

0

Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында азық-түлік өнімдеріне тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыс әкімінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін сатып алынатын азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін және тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, аудандағы барлық сауда орындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне күнделікті мониторинг жүргізілуде.

Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің 14 түрі  қымбаттаған көрінеді. Атап айтқанда, ақ күріш – 22,5 теңгеге (1,1 пайыз), ұн – 44 теңгеге (1,2 пайыз), рожки – 152,5 теңгеге (1,7 пайыз), сиыр еті – 100 теңгеге (1,1 пайыз), тауық еті – 430 теңгеге (1,4 пайыз), сүт – 228 теңгеге (1,9 пайыз), айран – 170 теңгеге (1,6 пайыз), ірімшік – 800 теңгеге (2,1 пайыз), жұмыртқа – 147,5 теңгеге (1,3 пайыз), сары май – 122,5 теңгеге (1,1 пайыз), күнбағыс майы – 32,5 теңгеге (1,1 пайыз), жуа – 52,5 теңгеге (1,5 пайыз), қант – 165 теңгеге (1,4 пайыз), тұз – 10 теңгеге (1,2 пайыз) қымбаттаған. Ал керісінше 5 өнімнің бағасы арзандапты. Олардың қатарында қарақұмық жармасы – 13 теңгеге, нан – 10 теңгеге, қырыққабат – 130 теңгеге, сәбіз – 25 теңгеге, картоп – 50 теңгеге арзандаған өнімдер бар.

Бүгінгі күнге дейін Жалағаш ауданы бойынша ірі және шағын сауда орындарында ауданда өндірілетін және сырттан келетін 683,1 тонна азық-түлік өнімдерінің қоры бар. Оның ішінде ұн – 118 теңге, күріш – 120 теңге, қант – 68 теңге, макарон – 117 теңге, күнбағыс майы – 50 теңге, тұз – 45 теңге, жуа – 34 теңге, картоп – 53 теңге, сәбіз – 23 теңгеден сатылып келеді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауының себебін азық-түлік өнімдері негізінен Қостанай, Петропавл, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан тасымалдануымен байланыстырып отыр. Осы кәсіпкерлердің азық-түлік өнімдерінің бағасы жоғары болуы және тасымалдаушылардың бағасымен қоса есептегенде ауданда азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп жатқан көрінеді. Десе де оның негізсіз өсуіне жол берілмейді.  

Аудандағы «Ақниет» көтерме сауда орны нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр ӘКК» АҚ-мен 68 тонна ұн алып, аудандағы нан өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлерге (наубайханаларға) босатуда (1 сортты Роял ұны 1 келісі – 140 теңге, 50 келісі – 7000 теңгеден сатылады екен.

«Азық-түлік келісім шарт» корпорациясы аудандағы азық-түлік тауарларын сататын ірі және шағын дүкен иелеріне келісім-шартқа сәйкес, төменгі бағада қант сататындығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осыған сәйкес, қант өнімін алуға «Ақниет» (64 тонна) және «Бағдат» (5 тонна) дүкендері қызығушылық танытып, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсынылып, «Ақниет» сауда дүкені 64 тонна қант өнімін алып, арзан бағада, яғни 1 келісі 490 теңгеден аудан тұрғындарына сатып отыр.

Сонымен қатар, «Ақниет-2» көтерме сауда дүкені әлеуметтік бұрыш ашу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен меморандумға отырған болатын. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрыш ашылды. Онда өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада аудан тұрғындарына ұсынылып жатыр.

Аталған бөлімнің басшысы Марат Мәнерұлы азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жұмыстары күнделікті жүргізіліп тұратынын айтады. Осыған дейінгі жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, кент тұрғындарынан (Қ.Жұбатыров, Ж.Алиакбарова, Қ.Батырхан.) азық-түлік бағаларын негізсіз көтермелеп отырған үй жанынан ашылған 3 дүкенге (Сағымбай Ата, Ұлжан, Айнұр) шағым түсірген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағаларына жүргізілген аудандағы ірі және шағын сауда орталықтарына мониторинг бойынша қымбаттаған азық-түлік тауарлары анықталып, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне 5 мәрте мемлекеттік қадағалау шараларын қолдануға хаттар жолданған. Осыған сәйкес, осы бөлім зерттеу жұмыстарын жүргізуде, заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылады екен.

Азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылы Қызылорда қаласында қала әкімінің бекіткен кестесі бойынша 2 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер қала тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынылған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Жалағаш кентінің орталығында 2 мәрте ұйымдастырылған. Айта кету қажет, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қарсаңында өнімдердің бағасы базар бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада сатылады.

2022 жылдың 3 желтоқсан күні Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тағы да ұйымдастырылған болатын. Онда да шаһар тұрғындарына Жалағашта күтіп-бапталған ауыл шаруашылығы өнімдері қолжетімді бағада ұсынылған. Алдағы уақытта да азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмыстар жалғасын табатын болады. Иә, бағаны бақылауда ұстамаса, тағы да болмайды. Әсіресе азық түлік өнімдері, оның үшінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне жол бермеген абзал. Ол үшін мұндай өнімдерді өз жерімізде өнідруіміз керек. Себебі аталған бөлімнің мамандарды қалыптасқан қымбатшылықтың барлығына тасымал құны себеп болғанын айтады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: