Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 21:55

Мектеп мақтанышы

02.02.2021

1191

0

Біз табан тіреген мектепте баға үшін емес, сапалы әрі жан-жақты білім алу үшін, қоғамға пайдалы азамат болуды ойлайтын, ұстаз еңбегін еш кетірмей, ата-ана сенімін қалайда ақтаймын дейтін арманы асқақ, мақсаты айқын, талабы таудай шәкірттер жетерлік. Адамды арманға жеткізетін талай шыңға шығаратын, биікке көтеретін даңғыл жол алға қойған мақсат екенін білетін білімді жас, мектептің 10 сынып оқушысы Айтбай Дамирдің де жарқын болашаққа бастайтын мақсаты бар.

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – білім берудегі ең маңызды адам. Ең озық педагогикалық оқу құралдары, Үкімет қаулылары, өте қатал инспекторлық бақылау маңызы жағынан мұғалім дәрежесімен теңесе алмайды. Сондықтан мен үшін мұғалім әлемдегі барлық асыл заттардан қымбат» деген қуатты сөзімен бүгінгі ұрпаққа, қазақ қоғамына бір тұжырымды ой қалдырып кетті. Егер мұғалім нағыз өз ісінің шебері, мамандығына аса жауапкершілікпен қараса, осы ұлы тұлғалар айтқандай асыл сөздерге лайық бола білсе, онда оның шәкірті де тегін болмасы анық. Ал білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену үрдісі де толастамайтыны анық. Бүгінде мектептің мақтанышына айналған Дамир Айтбай табиғатынан талантты, шығармашылығын қоса алып жүретін, ақындығы да бар, қысқасы «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деуге болады. Жастық жалыны, жүрегіндегі Отанға, елге деген сүйіспеншілігі дем беріп, ылғи патриоттық бағытта қалам сермейді. Баланың бойындағы ерекшелігін байқаған ұстаздары да шығармашылығын одан әрі шыңдау үшін жыр-мүшәйраларға, көркемсөз оқуларына қатысуына қолдау көрсетеді.

Дамир аудандық, облыстық, қала берді республикалық білім бәйгелерінде топ жарып жүр. Жетістіктерінің әуелгісі 2017 жылғы Ғани Мұратбаевтың 115 жылдығына орай өткізілген «Мен Ғанимын …» тақырыбындағы аудандық жас ақындар мүшәйрасында жеңіп алған ІІІ орын номинациясы болса, одан кейін «Жарқын болашақ» ІХ республикалық қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңінде «Жазушылар» бағыты бойынша тағы да ІІІ орынды, «Тілші-әдебиетшілер» аталымында І орынды, жазушы өлкетанушы Ахмет Тілеулиевті еске алуға арналған аудандық «Данышпан дана, болмысы дара» атты жыр-мүшәйрасында ІІ орынды иеленіп, лингвистикалық бағыттағы республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде ІІ орын алған. Сонымен бірге 2018 жылы «Ақберен» республикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде «Ақындар мүшәйрасы» бағытында ІІІ орынға, К.Игенбаев атындағы математика пәнінен республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде І орынға, «Руханият» әдебиет бірлестігінің «Үздік жас қаламгер – 2018» аудандық жас ақындар байқауында ІІ орынға, «Фариза оқулары» көркемсөз байқауының аудандық кезеңінде «Жыр шумақтары» аталымында ІІ орынға қол жеткізген. Одан кейін жастар жылы аясында Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының тікелей қолдауымен өткен «Сыр елі – таланттар мекені» атты жас ақындар мүшәйрасында жүлделі ІІІ орыннан көрінсе, «Жырла менің жас жүрегім» атты аудандық жас ақындар мүшәйрасында ІІ орынды, Жалағаш ауданының 80 жылдығына орай «Туған жерді жырға қосам көсіліп» атты аудандық жас ақындар жыр-мүшәйрасында І орынды, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткен республикалық «Абай жаққан бір сәуле» атты жас ақындар мүшәйрасында I орынды, Алаш өнер орталығының ұйымдастыруымен өткізілген III республикалық «Абай және Мұқағали» оқуларында I орынды, өткен жылы «Ақберен» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде «Ақындар мүшәйрасында» ІІІ орынды, республикалық «Абай жолы» атты жас көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында I орынды, «Мұзарап – әннің бұлбұлы, Рүстембек – жырдың дүлдүлі» атты облыстық жас ақындар айтысында II орынды, «Сыр саңлағы Мырзабай ахун» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында I орынды, «Абай әлемі» республикалық шығармашылық байқауының «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» бағыты бойынша аудандық, облыстық кезеңдерде I орынды, сондай-ақ осы сайыстың республикалық кезеңінде ІІ орынды және Халықаралық «Alash star» байқауында «Арнау» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған.

– Мен жеткен жетістіктер ұстаздарымның еңбегі, ата-анамның қолдауы мен менің шығармашылыққа деген ынта-ықыласымның нәтижесі деп білемін. Ал мен жай армандаушы ғана емес, сол арманымды орындайтын және болашақтағы мамандығымды қателеспей тандайтыныма толығымен сенемін. Бұнымен тоқтап қалмақ емеспін, бағындырар белесім әлі алда, – деген Дамир елдің дамуына үлес қоса алатын, бәсекеге қабілетті жас, елді өркениетке бастайтын білімді, жан-жақты тұлға болып қалыптасу өмірлік қағидасы екенін айтады.

Нұржамила Алмас

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: