Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 13:44

Бапкердің бабы спортшының бағы

14.12.2022

652

0

Ден саулығы – жан саулығы. Денің сау болу үшін спортпен, дене жаттығуымен айналысу өте пайдалы. Спорттың түрі көп. Соның ішінде «күш атасын танымас» дегендей, күрес, гір тасын көтеру өзіңнің ішкі қуатыңды сыртқа шығарып, бәсеке алаңында топ жарып, жеңіс жалауын көтеру қазақ халқына ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі спорт түрі. Алайда шаршы топта өз туған жерінің туын көтеріп, елдің үкілеген үміті мен асқақ арманының үдесінен шығып, қарсыластарын басып озып алға шығу бойында намысы мен өжеттігі, қайраты мен патриоттығы, елжандылығы мен ұлттық жігері бар адамның ғана қолынан келеді. Қаншама тер төгілген ұзақ жаттығудан соң адамның бойында шеберлік пен тәжірибе қалыптасады. Осылайша ол қарсыласынан оқ бойы озып, бәйге төрінен көрінеді.

Спортшылардың жетістігін сөз еткенде оларды бәйге атындай күтіп, баптап, кіл мықтының арасында озық шығуына сенім артқан, күш-жігерін қайрап, талабын шыңдаған, намысты қолдан бермеу басты ұран екенін айтып мақсатына қанат бітірген жаттықтырушылардың еңбегін елемеу мүмкін емес.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Абдулхасан Сейтенов – жас болса да, бойына жоғары адами қасиетпен қоса мол тәжірибе жиған, кәсіби бапкер. Ол жастайынан отбасында кәсіби теннист жаттықтырушысы әкесі Жанат Сейтеновтің тәрбиесін алып, спорттың ауыр түрі гір тасын көтеруді таңдады. «Әке көрген оқ жонар» дегендей Абдулхасанның мақсаты ауданда әлі дамуы сәл кешеуілдеген осы саланың тамырына қан жүгіртіп, өзін кәсіби тұрғыда дайындап, сол үйренген жоғары шеберліктерін жас спортшыларға үйретіп, жаттықтыру болатын. 1992 жылы Жалағаш кентінде өмірге келген А.Сейтенов мектеп қабырғасында жүріпақ өзі оқып жүрген №202 мектептегі спорттық үйірмелерге қатысып, алғашқы сабақты алып үлгерді. Мектеп бітірген соң облыс орталығындағы Қорқыт ата университетінің мұнай-газ факультетін бітіреді. Алайда оның спортқа деген қызығушылығы бір сәт те толастамайды. Осылайша ол Болашақ университетінің дене шынықтыру және спорт бөліміне оқуға түседі. Оқу орнын ойдағыдай бітіріп, кент орталығындағы «Наркескен» спорт клубына жұмысқа орналасады. Нағыз тынымсыз жаттығу сол кезде басталады. Уақытпен санаспай, ауыр гір тасын алақанда ойнатып, білек күшінің сан құпиясын меңгеріп, ақыры тек облыстық емес, республикалық додаларға барып, бақ сынайды. Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген бар ғой.

Сол айтпақшы 2021 жылы Абдулхасанның бағы мен бабы қатар шауып, кәсіби тұрғыда ширығып, ол Өзбекстанның Ташкент қаласында ерлер арасында өткен Азия чемпионатына қатысып, ұзын циклді серпе көтеруден 85 келі салмақпен 1 орынды жеңіп алып, тұтас ел мерейін көтерді. Араға 1 жыл салып, биыл Щучинск қаласында ерлер арасында өткен Азия чемпионатында 85 келі салмақпен ұзын циклді серпе көтеруден 1 орын алып, Азияның 2 дүркін чемпионы атағын жеңіп алды. Бүгінде аталған спорт түрінен ауданда үлкен жетістік бар деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Ол – Абдулхасандай кәсіби бапкердің үздіксіз еңбегі мен ізденісінің нәтижесі. Арал қаласында өткен жастар жылының алғашқы облыстық біріншілігінде оның жаттықтырған шәкірттері Нұрбол Рахымбек, Қайсар Төлеген және Ерасыл Әубәкір, Ислам Мәжиев жасөспірімдер арасында 1 орынды жеңіп алса, ересектер арасында аға жаттықтырушы Абдулхасан Сейтенов 85 кг салмақта облыс чемпионы атанды. Жарыс қорытындысымен Жалағаштың 5 спортшысы өз салмақтарында облыс чемпионы атанды. Айта кеткен жөн, гір спорты бойынша аудан құрама командасын дайындау, спортшылардың спорттық деңгейін жақсарту үшін 2016 жылы «Наркескен» спорт клубында арнайы үйірме ашылған болатын. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірде гір спорты дамып, онымен айналысқысы келетін жастардың қатары артты.

– Гір спорты бойынша ауданымыз жасөспірімдер арасында облыста алдыңғы орында келеді. №202 орта мектеп оқушысы Ерасыл Әубәкір облыстың бірнеше дүркін чемпионы атанып, аймақтың құрама командасы атынан ҚР Чемпионаттарында бақ сынап жүр. Сонымен қатар ҚР мектеп және колледж студенттері арасындағы спартакиадаға іріктеу жарысында оза шауып, жалағаштық спортшылар облыс атынан бақ сынады. Ауданымыздың гір спорты бұдан әрі әлемдік деңгейге жетеді деп сенеміз. Бәрі де төккен тер мен еткен еңбектің жемісі, – дейді спортшы. Оның айтуынша, оқушылар арасынан Ерасыл Әубәкір былтыр Өзбекстанда өткен жарыста жастар арасында абсолютті салмақта Азия чемпионы атанса, былтыр Қайсар Төлеген Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. Ал Ислам Мәжиев биыл Азияда өткен дүбірлі доданың көркін қыздырып, жастар арасындағы жұлқа көтеруден 2 орынды қоржынға салды. Қай спортшыны да бір сапардан келіп жатса, екінші сапар күтіп тұрады. «Жолаушының жұмысы жүрсе бітеді» дегендей, спортшының жұмысы да тынымсыз жолсапарлар мен байрақты бәсекелермен етене байланысты. Сондықтан жалағаштық алапат күш иелері спортшылардың байрақты бәсекелердегі айы оңынан туып, бағы басым болсын деп тілейміз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: