Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 22 қараша, 06:40

Ері еңбек етті, Елі оң бағасын берді

06.02.2021

527

0

Жалағашта соңғы жылдары қай сала бойынша алып қарасаңыз да жақсы көрсеткіштерге жұмыс жасалғаны айқын аңғарылады. Ел игілігіне деп қолға алынған жарқын жобалардың жүзеге асуы халықты қуантады. Алайда бұл елдегі мәселе осымен түбегейлі шешімін тапты дегенді білдірмейді. Кешегі аудан әкімінің халық алдындағы есепті кездесуінде де жарық, су, жолға қатысты тұрғындар тарапынан сауалдар қойылуы ауданда әлі де атқарылуы тиіс жұмсыстардың жоқ емес екенін білдіреді.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова онлайн режимде қатысқан есепті кездесуде әдеттегідей алдымен аудан әкімі Асылбек Шаменовтың баяндамасына кезек берілді. Жыл бойы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталған Асылбек Өмірбекұлы алдағы мақсат-міндеттерді де қоса қамтыды.


Асылбек Өмірбекұлы әлемде қалыптасқан ахуал аудан жұртына да оңай соқпағанын атап өтіп, алдағы жылы індетті ауыздықтауға өңірдің медицина саласы толықтай дайын екенін тілге тиек етті.
– Рас, өткен жыл еліміз үшін оңай болмады, тек біз ғана емес, әлем елдері үлкен дағдарысты бастан өткерді. Алайда елімізде қалыптасқан ахуал адамзатты біраз нәрсеге үйретті. Ең бастысы біз күнделікті өмірімізде соншалықты мән бере бермейтін өзіміздің денсаулығымыз, әрбіріміздің жақындарымыздың амандығы орасан зор байлығымыз екенін түсіндік. Сондай-ақ ысырапшылдыққа жол бермей, үнемшілдікке, ұқыптылыққа, тазалыққа бейімделдік. Бұл – біздің өткен жылдан алған үлкен сабағымыз, олжамыз. Өткен жыл осындай ерекшеліктерімен, қиыншылықтарымен есте қалғанымен өмір тоқтап қалған жоқ, адамдардың тіршілігі жалғасты. Мемлекетімізде жоспарланған ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Аймағымызда, ауданда да бірқатар игі істер атқарылып, оған өздеріңіз куә болдыңыздар, – деді аудан басшысы.


Шынында өңірде соңғы жылдары жүзеге асқан жарқын жобаларға баршамыз куәміз. Ал атқарылған іске халықтың оң баға беруі Асылбек Өмірбекұлының һәм оның әріптестерінің Жалағаштың жарқын болашағына жоспарланған нақты жұмыстарды өз деңгейінде жүзеге асыра алғанын білдіреді. Оның үстіне соңғы жылдары аудан орталығы, ауылдық елді мекендер құрылыс алаңына айналды десе де болады. Бірқатар әлеуметтік нысандар жаңартылып, кенттің келбетіне кері әсерін тигізетін ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, аудан орталығындағы бұрынғы емхана ғимаратын балабақша етіп қайта жаңғырту, орталық алаңды абаттандыру, мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында Ақсу елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория, М.Шәменов ауылындағы 140 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі халық көптен күткен орталық аурухана ғимараты және «Дәуімбай» елді мекеніндегі 3 бөлмелі 10 тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Асылбек Өмірбекұлы бұл игі істердің әлі бастамасы екенін жеткізіп, алдағы уақытта аталған учаскеде тағы да жаңадан 20 тұрғын үйдің құрылысы басталатынын айтып, елді бір қуантып тастады.
Қазір Жалағашта әлеуметтің әлеуетін көтеруде де тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асып жатыр. Оған халық та куә. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 18 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін 1,8 млрд теңге тартылып, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнан бөлек «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудан орталығында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Ал биыл «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Таң елді мекенінде ел қазынасынан қаралған қаражатқа 6 көшені орташа жөндеу, № 118 орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.
Бұрын ауданда жол сапасының сын көтермеуі тұрғындарды айтарлықтай алаңдатып қойған еді. Қазір аталған мәселе де кезең-кезеңімен өз шешімін тауып жатыр. Мәселен, былтыр Жалағаш кентінде және ауылдық округтерде 12 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық маңыздағы 112,7 шақырым автомобиль жолының қазіргі таңда 98 шақырымы немесе 87 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Мәдениет-Т.Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» автомобиль жолының бойында орналасқан жалпы құны 281,6 млн теңгені құрайтын «Оңтүстік коллектор» көпірін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Аудандық маңызы бар Мәдениет бағытындағы автомобиль жолының 9,4 шақырым аралығын орташа жөндеу жұмыстарына бюджеттен 151,6 млн теңге және Аламесек бағытындағы автомобиль жолының 12,3 шақырым аралығын орташа жөндеу жұмыстарына 152,4 млн теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің сөзінше, аталған елді мекендерге баратын жол сапасын жақсарту шаралары биыл да жалғасын табады.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында Қаракеткен ауылына кіреберіс автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 91,8 млн теңгеге, Таң ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 106 млн теңге қаралып, жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қазір бұл ауылдарға алып барар көшелердің мәселесі толықтай өз шешімін тапты. Ал кент орталығындағы Сәрке батыр, Әйтеке би, Б.Сопбеков, А.Бисенов, А.Иманов, Қазыбек би көшелеріне де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұрын асфальт көрмеген жолдардың қазір сапасы айтарлықтай жақсарған.
Жалағаштықтардың қазір көгілдір отынды күтіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда осыдан үш жыл бұрын келеді деген газдың мәселесі әлі де шешімін таппай келеді. Сырдария ауданына биыл газ келіп, халықтың көңілі бір серпіліп қалды. Мұны естіген жалағаштықтар көрінген таудың алыстығы жоқ екеніне тағы сенеді. Бұған қатысты сауал қойылмас бұрын жауабын әкімнің баяндамасынан естіп, біз де бір қуанып қалдық. Жалағаш кентіне газ желілерін тарту жұмыстары, аудан елді мекендерінде және кент көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, Жалағаш кентін және елді мекендерді көркейту бағытындағы басталған жұмыстар одан әрі жалғасын табады екен. Бұйыртса, келер жылу маусымында аудан халқы көгілдір отынды тұтынатын болады.

– Өздеріңізге белгілі 2020 жылы кентте газ желілерін тарту жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы газ желісін тұтынушыларға тарту жұмыстары атқарылады. Әрине бұл жұмыстарды тұрғындар өз қаражаты есебінен жүргізетін болады. Жалағаш кентінде бірінші кезекте №202 орта мектептің жылу жүйесін орталықтандырылған газ желісіне қосу жұмыстары толық аяқталды. Жоба құны11,6 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар аудандық бюджеттен 6,5 млн теңге бөлініп, №19 санаториялық балабақшаның, «Күншуақ», «Ақмаржан» балабақшаларының, аудандық мәдениет үйінің, мәдениет және өнерді дамыту орталығының жылу жүйелерін газ отынына ауыстыру үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленді, – деді А.Шаменов.

Қазір Жалағаштың өз бюджетінде де өсім жоқ емес. Мәселен, былтыр аудан бюджеті 11 млрд 681 млн теңге болып бекітілген. Жыл қорытындысымен аудан бюджетінің көлемі 14 млрд теңгеге жетті. Аудан бюджетінің жергілікті кірістер болжамы 1 млрд 475 млн теңгеге немесе 114,7 пайызға орындалған. Ал бюджеттің шығыстары 14 млрд теңгеге атқарылды. Өңір қазынасын еселеуде Асылбек Өмірбекұлы әлі де тиісті жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.
Жалағаштың жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында көш бастауы аталған салада қажырлы еңбек еткен ардагерлердің ізбасарлары әлі де бар екенін тағы бір аңғартады. Мәселен, биыл 36 731 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, күзгі науқанда жоғары өнімге қол жеткіздік. Былтыр 21 600 гектар күріштің әр гектарынан 69,2 центнерден өнім алып, 150 мың тоннаға жуық Сыр маржаны ел қамбасына құйылды. 22 млрд 297 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 100,7 пайызға артты. Бір сөзбен айтқанда, Жалағаш ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, облыста «Ең үздік аудан» номинациясын тағы да иеленді. Аудан әкімі мұндай нәтижеге өнімнің жоғары шығымдылығы мен диқан қауымының тынымсыз еңбегі арқасында қол жеткенін тілге тиек етіп, еңбек адамдарына алғысын білдірді.

Биыл ауданда 36 750 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарда бар. Оның ішінде 20 мың гектардан астамына Сырдың негізгі дақылы күріш орналастырылады. Қазір шаруашылық төрағаларында “Жер ананың берген ырзық-несібесі жауын-шашынға ысырап болады” деген түсінік жоқ. Себебі жыл сайын шаруашылықтардың техника паркының жаңаруы бұл мәселені түбегейлі ауыздықтауға мүмкіндік берді. Аудан шаруашылықтары былтырдың өзінде 4 млрд 307,9 млн теңгеге 89 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Аудан шаруашылықтарына суармалы суды жеткізіп беру қызметтері құнын арзандатуға, жұмсалған гербицидтерге, тұқым шаруашылығын дамытуға, минералдық тыңайтқыштарға, басым дақылдарды субсидиялауға 952,5 млн теңге субсидия төленді.
Жергілікті тұрғындардың кәсіпке бе­йімделуі, оның үстіне аграрлық өңірде мал ша­руашылығы бағытында іс бастауы біз­ді қуантып отыр. Бұл өз кезегінде төрт түліктің санында өсім қалыптасуына да ықпал етуде. Ауданымызда мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтар мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып келеді. Осының нәтижесінде мал шаруашылығы бағытында өнім өндіруде де айтарлықтай өсім қалыптасты. Мәселен, есепті мерзімде ет өндіру 1,2 пайызға артса, бұл көрсеткіш сүт өндіруде 0,9 пайызға жетіп отыр. Былтыр мал шаруашылығымен айналысатын ша­руашылықтар 77,6 млн теңге көлемінде субсидия алды.

Соңғы жылдары шаруашылық басшылары мен мал иелері асыл тұқымды малды сырттан әкелуге және қолдан ұрықтандыруға ден қоюда. Бұл өз кезегінде кәсіпкерге де, аудан бюджетін еселеуге де мүмкіндік берері сөзсіз. 2020 жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында 3 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, Жалағаш кентіндегі «АгроХимСервис» ЖШС-ның минералдық тыңайтқыштарды өңдеу зауыты, Жалағаш кентіндегі қуаттылығы тәулігіне 60 тоннаны ақтайтын «Қарабура Ата-1» ФҚ-ның күріш ақтау зауыты, «Толғанай» жеке кәсіпкерлігінің «МІҚ малын бордақылау алаңы» салынып, іске қосылды.

Жиында Асылбек Шаменов нарықтағы азық-түлік бағаларының бақылауда болатынын жеткізіп, саудагерлерге бағаны ретсіз көтеруге жол бермейтінін назарға салды. Бұл ретте азық-түлік бағасын реттеу бағытында «Ақниет» сауда дүкені жанынан әлеуметтік бұрыш ашылып, халық ең көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер 10-15 пайызға арзандатылған бағада сатылуда.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыз су мәселесі де халықты толғандырған еді. Осы ретте тұрғындардың сапалы ауыз су тұтынуына барлық жағдай жасау үшін тиісті шаралар қолға алынып, мемлекеттік бағдарламалармен бірнеше елді мекенде ауыз су жүйесі қайта жаңғыртылды. Мәселен, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қаракеткен ауылдық округіне қарасты Далдабай және Таң ауылдық округіне қарасты Жаңақоныс елді мекендерінің ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Елді мекендердегі электр желілерін дамыту да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ауылдық елді мекендердің электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 2019 жылы 300 млн теңге, 2020 жылы 72,6 млн теңге бөлінді. Былтыр Мәдениет елді мекенінің электр жүйесі қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілсе, Аққұм, Жаңаталап елді мекендеріндегі жұмыстар жақын уақытта аяқталып, пайдалануға беріледі. Аудандық маңыздағы Ақсу ауылына кіре беріс автомобиль жолына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Жоба құны – 14,6 млн теңге.

Есепті кездесуде аудан әкімі әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Қазіргі таңда аудан бойынша халық саны 35 146 адамды құрайды. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызға жетіп отыр. Былтыр 1428 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 108,5 пайызға орындалды. Ашылған жаңа жұмыс орындарының мыңнан астамы тұрақты.

Қазір мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға талпынған жалағаштықтардың өзі де бұл саланың алға басуына жұмыс жасап жатыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басынан 2491 адам жұмыс іздеуші ретінде хабарласып, оның ішінде 2012 адам немесе 80,8 пайызы бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізілді. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуға облыстық бюджеттен 10,1 млн теңге қаржы қаралып, 44 адам оқуды аяқтап, оның 37-сі немесе 84 пайызы жұмыспен қамтылды. Ал екінші бағыты бойынша 102 жұмыссыз адамға 426,8 млн теңге жеңілдетілген пайызбен несие, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 254 адамға 139,9 млн теңге мемлекеттік грант беріліп, өз кәсіптерін ашуға қолдау көрсетілді. Үшінші бағыты бойынша 239,8 млн теңге қаржы қаралып, 1435 адам жұмыспен қамтылды.
Қазір елдегі ахуалға байланысты білім саласының онлайн режимге көшуі ұстаздарға да, оқушыларға да қиынға соғып отыр. Алайда жалағаштық ұлағатты ұстаздар жастарды бәсекеге қабілетті қылып қалыптастыру үшін мұндай қиындықтарға мойымайды. Білім беру саласында бірлесіп жүргізген жұмыстар жақсы нәтижесін беруде. Өңір бюджетінің де ең негізгі бөлігі білім саласына бөлініп келеді. 2020 жылы сала бюджеті 5 млрд 978 млн теңгені құрады. Өткен жылғы бітіруші түлектердің барлығы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына қабылданып, білімдерін жалғастыруда.
Індетті ауыздықтау үшін мейлінше медицина саласын жақсарту бәрінен маңызды. Бұл ретте де Жалағашта тиісті жұмыстар атқарылды. Былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Ақсу ауылында дәрігерлік амбулатория ашылса, Жалағаш кентінде тұрғындардың көптен күткен ең қажетті нысандарының бірі 100 төсектік аурухана пайдалануға берілді. Ауданда жыл сайын ота жасату үшін тұрғындар еліміздің ірі қалаларына, облыс орталығына баруға мәжбүр болатын. Заманауи құрылғылармен жабдықталған аудандық аурухананың ашылуы бұл мәселенің түбегейлі шешілуіне мүмкіндік берді. Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір жетістігіміз соңғы 10 жыл көлемінде аудан бойынша ана өлімі тіркелмеген.
Жалпы айтқанда, әкім баяндамасында қамтылмаған сала жоқ. Бір қуантарлығы қай саланы алып қарасаңыз да оң нәтижелер жайында баяндалған жағымды жаңалықтар жалағаштықтарды қуантты. Кездесу соңында тұрғындар сауалдарын жолдап, өңір әкімі олардың шешімін табуға тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Халық та, облыс басшысы да аудан әкімінің жылдық есебіне оң баға беріп, аймақ басшысы әлі де Жалағашта атқарылуы тиіс жұмыстар бар екенін жасырмады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: