Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сенбі, 23 қараша, 08:05

Бесіктің киесі барын біле жүріңіз

06.02.2021

3516

0

Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз бір сөзінде «Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған» дейді. Осы бірауыз сөзбен-ақ қаны қазақ кез келген адамның бойында аталған қасиетті құндылықтарға деген шексіз құрмет болуы керек екенін ұғындырады. Бүгінгі әңгімемізде бесікке қатысты ырым-тыйымдарға, оның пайдасына тоқталмақпыз.

Жалпы ырымның жаманы болмайды деген сөз бар. Расында солай. Дүниеге жаңа келген нәрестенің жататын төсек орны осы ағаш бесік. Жаңа туған нәресте өз аяқ-қолының қозғалғанынан өзі шошынып, ұйқысы қырық бөлініп, ақыр аяғында анасының да тірлігіне кедергі жасауы мүмкін. Ардақты аналарымыз шаруаның тындырымды болуы үшін де, баланың жайлы жерде ұйықтауы үшін де осы киелі бесікті қолайлы көрді. Бесікте бала құндақтаулы, жылы әрі таза жатады. Фольклоршы Болат Бопайұлы «Бесіктегі бала бес түлейді» деп бесікті киелі санаған. Ол кісі өз еңбегінде «Наным-сенімдер бойынша, бос бесікке ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды, сондықтан бос бесікті тербетуге болмайды, оның бетін әрдайым жауып жүру керек екен. Біздің халықтық тәрбиеде бос бесікті тербетпейді, бейуақытта оны далаға қоймайды, бесікті арша, адыраспанмен аластағаннан кейін ғана баланы салады. Сәбиге жын-жыбыр, көрінбейтін қара күштер жоламасын деп бесіктің басына қайшы, пышақ, қамшы жастап та қояды. Ал бала есейгенде бесікті далаға тастамаған» дейді. Ал бос бесікті тербету – ырымда жамандықтың белгісі. Баласынан айырылған, сәбиі шетінеген аналар сол қасіретті көтере алмай, ақыл-есінен алжасып бос бесікті тербетеді дейді. Ана мен баланың бір-бірінен көз жазып қалуы, әсіресе анасының алдында баласының шетінеуі – дүниедегі орны толмас қасірет. Халқымыз осындай жамандықтың алдын алып, оны шақырмаңдар, бесікке немқұрайлы қарамаңдар, далаға тастамаңдар, бетін ашық қалдырмаңдар деп тыйып отыратыны да осыдан. Бесік түгілі салынған төсекті адам орнынан тұрысымен жинап қою керектігі бар. Өйткені бос бесікті айналшықтаған жын-жыбырлар төсекке де жатып алады дейді. Олай болған жағдайда қайтадан сол орынға жатқан адам баласына зияны тиюі мүмкін. Сондықтан да біз көрмейтін, бірақ бізді көріп, біліп, кейде қасымызда жағаласып жүретін тылсым күш, жындардың бар екенін естен шығармаған дұрыс. Олардың мақсаты – қалай да адам баласын адастыру, зиянын тигізу.

Осы тұста бір мәселені айта кеткенді жөн көрдік. Қазір заман дамыған дейміз. Дегенмен заман өркениетке бастаса да, кез келген халықтың түпкі шыққан тегі, болмысы, ұлттық құндылықтары сақталуы тиіс. Бұл – олардың әрқайсысын бір-бірінен ерекшелеп тұратын айшықты белгісі. Бесікті қасиетті, киелі дүниелердің қатарына санаған атам қазақ оның киесінен қатты қорқатын. Бала ержетіп не бойжетіп кетсе, келесі сәби дүниеге келгенше бесікті таза матамен түгелдей орап төрге жинап қоятын. Ардақты аналарымыз тіпті үйдің ішінде тұрғанда да кішкене уақытқа болса да бетін ашық қалдыруға тыйым салатын. Егер ашық қалған жағдайда осы айтылған тылсым күштердің әсерінен балаға зиян келуінен қорқатын. Мұндай жағдайда қайта-қайта сүрелер айтып, аластап тазарту амалдарын жасайтын. Қазір заман өзгерді ме, әлде адамдардың түсінігі басқа арнаға ауысты ма белгісіз, киесінен қорқатын бесігіміз ашық-шашық қоқыстарда, далада қараусыз жата беретін болды. Кейбірі керексіз деп шығарып тастай салады, енді бірі келесі сәби дүниеге келгенше «үйде орын алып тұрмасын» деген ниетте сарайына немесе ашық қораға қоя салады. Енді жылдар бойы далада күні-түні ашық, қараусыз қалған нәрестенің жылы ұясын жын-перілер паналамағанда не қалды дейсің? Осындай қателіктер, немқұрайлы істерді көргенде еріксіз қынжыласың, әрине. Осы адамдар сол бесіктің қасиеті шаңырақпен бірдей екенін, оған күнәсіз нәрестелер бөленіп, әрі аса ұқыптылықпен, сақтықпен, таза күйінде қолдану керек екенін білмейді ме дейсің. Білсе де немқұрайлылықпен ессіз әрекеттерге баратындарын көріп жағаңды ұстайсың. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын» демекші, бесіктің киесінен қорқу керек. Ата-бабаның ізгі салтын сақтап, оған құрметпен қарау – бүгінгілердің парызы, аманаты, адамдық қасиетінің бастау шыңы.

Негізі бесік ғасырлар бойы көшпелі қазақтың өмірінің ажырамас бөлігі болып келді. Әсіресе бір жерден екінші жерге көшіп жүргенде, бесікті түйемен немесе атпен алып жүру ыңғайлы болды. Ал киіз үйде бесік биік аяғының арқасында, баланы сыз бен желден қорғады. Ал бесікке қойылатын бірегей бөлігі – түбек баланың ұйықтап жатқанда да астының құрғақ болып тұруына мүмкіндік берді. Бесікті көбіне қарағайдан, қайыңнан немесе басқа да иілгіш ағаш түрлерінен жасайды. Осының арқасында бесік мықты, таза және жеңіл болды. Бесікте сүйектен жасалған шүмек арқылы зәр ағатын түбек бар. Сондай-ақ бесіктің басқа да бөліктері бар. Мәселен ши – түбекке арналған дөңгелек тесігі бар жұқа сабаннан жасалған төсеніш, жөргек – бұл шидің үстіне төселетін төсеме, құс төсек – бұл да шидің үстінен төселсе, жастық – бесіктің еніне сәйкес жасалған. Сондай-ақ көрпе – мезгілге байланысты жұқа, қалың болып келсе, баланың аяғы мен жамбас бөлігінде тұратын кішкентай жастықтарды кепіл деп атаған. Тартпа бау – сәбиді байлауға арналса, жабу –– бұл бесікті толығымен жауып тұрады және баланы жәндіктерден, жел өтінен, бөтен адамдардың көзінен қорғайды. Айта кету керек, жабу жеңіл матадан тігілгені дұрыс.

Бесік тәтті ұйқының кепілі ғана емес, тәрбиенің өзегі деуге де болады. Себебі бала онда жатып, анасы шырқаған бесік жырын естиді. Бесік жыры арқылы ұлттық болмысты, ана тілінің шұрайын және анасының шексіз мейірімі мен махаббатын сезіне алады. Кейде бесіктің кемшіліктері де айтылып жатады. Мысалы бала көп жағдайда қозғалмай жататындықтан жауырыны жабысып қалуы және шүйдеге арналған шұңқыры бар арнайы жастық болмағандықтан басының қисық өсуі де мүмкін. Дегенмен бұл кемшіліктерді болдырмауға әбден болады. Алдын алу үшін баланы суға шомылдырғанда денесін майлап, аяқ-қолын созып, жауырынын қозғап тұру керек. Бұл жаттығулар бала өз еркімен ширақ қозғалып кеткенге дейін жалғасуы қажет. Ал басы келісті пішінде өскенін қаласаңыз, ортасында ойығы бар арнайы жастықшаны қолдануға болады. Сонда бала жоғарыда аталған кемшіліктерден аулақ болады.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: