Ауданда соңғы жылдары тың серпінмен ілгерілеген бірден-бір сала болса, ол – білім. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жалағаш жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл тұста ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Олар шәкірт тәрбиелеуде ауқымды іс тындырды. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары анық. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады.
Иә, бүгінгі ғасыр, жаһандану дәуірі мемлекеттерді бір-бірінен білім, ғылым, үздіксіз даму мен бәсекеге қабілеттілік арқылы ажыратып қойды. Дамушы елдер дамыған елдің осы жолдағы озық тәжірибелерін тұтынады. Біздің ел де қазір даму үстінде. Мақсат – дамыған отыздыққа ену, Мәңгілік Ел болу. Осы тұрғыда мемлекеттік саясаттың, қолдау мен көмектің басым бөлігі білім саласына бағытталып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға басымдық берілуде. Әсіресе білімді ұрпақ тәрбиелеуде жасалып жатқан жұмыстың жүйесі көңіл көншітеді. Ал аудан педагогтарының салаға серпін берудегі жүйелі жұмысы мен табандылығы саланың дамуына үлкен сеп болуда.
Жалпы, ауданда 20 мектеп жұмыс жасайды. Балаларды ыстық тамақ, киім-кешекпен қамту жайы да жолға қойылған. Жалпыға міндетті оқу қоры аясында тиісті көмек түрлерін алатын арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 3 944 бала ыстық тамақпен қамтылуда. Оның 2045-і атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары болса, аз қамтылған отбасы балалары және 1899-ы – бастауыш сынып оқушылары. Қосымша білім беру ұйымдары да аудандағы білім саласының қарқын алуына, оқушылардың мектеп қабырғасындағы білімдерін одан ары жетілдіріп, өнерге, түрлі үйірмелерге баулуға да жұмыс жасап келеді. Аудандағы 1 оқушылар үйі, 1 өнер мектебі және 2 спорт мектебінде 2 300 бала қосымша білім алуда.
Қуантарлығы, Жалағаш ауданының түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуде жыл сайын абыройымызды арттырып, мерейімізді асырып келеді. ҰБТ қорытындысымен алдыңғы қатардан көрініп жүрген ауданымыз білімді, бәсекеге қабілетті жастарды түлетуде көпке үлгі боларлықтай. Ал биылғы оқу жылында 356 бітірушінің 333-і ҰБТ-ға қатысады. «Алтын белгі» 17 және «Үздік аттестатқа» 42 бітіруші үміткер. Бітіруші түлектердің алдында үлкен білім сынағы тұр. Биылғы оқу жылында да мемлекет тарапынан 11 сынып оқушыларына ұлттық бірыңғай тестілеуге екі рет қатысуға мүмкіндік беріліп отыр. Ең жоғары нәтижесін оқушы конкурсқа ұсына алады.
Айта кетейік, биылғы оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Оқу жылын аяқтауға байланысты салтанатты шара 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні аясында барлық мектепте бір уақытта өткізіледі.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, жазғы демалыс уақытында аудан бойынша 6 683 бала қамтылуы тиіс. Бұл жұмыстар бүгіннің өзінде қолға алыныпты. Яғни облыс көлемінде және облыстан тыс лагерлерге, Алматы, Шымкент, Жаңақорғанда, сондай-ақ кент сыртындағы «Ақтерек» лагеріне, туристік экскурсияларға оқушылардың 90 пайызын қамту жоспарда бар.
Айта кетейік, күні кеше аймағымызда ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды. Аталған науқан Қызылорда қаласы, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінде 22 мамырдан 5 шілдеге дейін жалғасады. Бүгінде облыстағы 8 210 мектеп бітіруші түлектің 7421-і тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Ал кешегі алғашқы тестілеуде 286 түлек он бір жыл бойы алған білімдерін саралап, бағын сынады. Бұл тестілеу білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндік балалар мен ата-аналардың сынаққа бойы үйренуі үшін берілген.
Жалпы, білімі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап береді. Ал заман талабына сай білімді ұстаз бәрінен қымбат. Мұғалімнің беделі төмен болған жерде тиісті білім де, тәрбие де болмайды. Ал мұғалім беделі ұстаздың білімімен бірге рухани-адамгершілік мәдениетіне тәуелді. Бұл тұста аудандағы сала қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Өйткені Жалағаш ауданында білім саласы бойынша жүйелі жұмыс бар, жетістік те көп.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!